Аймақтар • 15 Қараша, 2019

Yessenov University-де Мұрын жыраудың 160 жылдығына конференция өтті

610 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ақтаудағы Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар мен инжиниринг университетінде (Yessenov University) Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен ноғайлы-қазақ жыр-дастандарын ауызша жырлап жеткізген эпик-жыршы Мұрын жырау Сеңгірбекұлының 160 жылдығына арналған конференция өтті. «Рухани жаңғыру» аясында «Ноғайлы жырлары және Мұрын жырау феномені» тақарыбымен өткен II Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция туралы аталмыш оқу орнының баспасөз қызметі хабарлады.

Yessenov University-де Мұрын жыраудың 160 жылдығына конференция өтті

Мұрын жырау - қазақ халқының рухани асыл қазынасының бірі «Қырымның қырық батыры» жырын Сыпыра жыраудан бес ғасыр кейін жырлап, біздің заманымызға ұластырған ұлы жыршы.

Ноғайлының батырлық, ерлік жыр-дастандарын ауызша жырлаумен кейінгі ұрпаққа жеткізген, сол арқылы жырдың бір түркі емес, бүтін адамзаттың рухани асыл мұрасына айналуына жол ашқан ұлық жыршының еңбектерін ғылыми дәлелдерін тыңдауға ғалымдар, педагогтар, жоғары оқу орындарының оқытушылары, студенттер, жергілікті мемлекеттік құрылымдардың өкілдері және Мұрын жыраудың ұрпақтары қатысты.

Айта кетелік, аталған конференция осымен екінші рет ұйымдастырылып отыр. Конференция шымылдығын Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов құттықтау сөзбен ашып берді.

- «20-шы ғасырдың Гомері!» Мұндай жоғары бағаға Мұрын Сеңгірбекұлы көзінің тірісінде ие болған. Маңғыстау өңірі Мұрын жыраудың 130, 140 жылдығын атап өтті. 130 жылдығы қарсаңында Форт-Шевченко қаласында Мұрын жыраудың зергерлік шеберханасы қалпына келтіріліп, «Мұрын жырау атындағы музей» болып ашылды. Ұлы мұраның жай-күйі талайға тыныштық таптырмай келгені рас. Қазақстан Республикасының Ұлттық Академиялық кітапханасында Мұрын жыраудың туғанына 150 жыл толуына арналған «Жыраулық дәстүр жауһарлары» атты республикалық ғылыми-практикалық конференциясы негізінде жырау туралы бірнеше ғылыми еңбектер жарық көрді. Біртуар тұлғаның өмірі мен өнері әлі де болса жан-жақты зерттеуді, насихаттауды қажет етеді, деді аймақ басшысы С.Трұмов.

Ұлы жыраудың 160 жылдығына орай ұйымдастырылған  халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның мақсаты - адамзат тарихында сирек кездесетін ерекше дарын иесі Мұрын Сеңгірбекұлын және аталмыш жырдың қазақ мәдениеті тарихында алатын орнын одан әрі аша түсу, жыр бойындағы ұлттық құндылықтарды келер ұрпаққа насихаттау болып табылады.

Аймақ басшысы сонымен қатар, Форт-Шевченко қаласындағы Мұрын жырау музейі бүгінгі таңда қайта жаңғырып, тың мазмұнмен толықтырылып, республикалық деңгейге көтеру бағытындағы жұмыстардың атқарылып жатқандығын, үстіміздегі жылдың желтоқсан айында музейдің құрылыс жұмыстары толықтай аяқталатындығын жеткізді.

Конференцияға баяндамашылар ретінде қазақ ғалымдары филология ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры Ж.Тлепов, филология ғылымдарының кандидаты, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының жетекші ғылыми қызметкері С.Сейілбек, филология ғылымдарының кандидаты, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Қазақ әдебиеті» кафедрасының доценті Б.Қорғанбек , «Қазақстанның үздік өлкетанушысы» төсбелгісінің иегері, Мемлекеттік қызмет ардагері А.Еділхан,, филология ғылымдарының докторы, Ш.Есенов атындағы КМТжИУ профессоры Б.Нұрдәулетова  қатысты. Сонымен қатар, көрші елдерден арнайы шақырылған Н. Суюнова - филология ғылымдарының докторы, профессор, Қарашай-Черкес гуманитарлық зерттеулер институты ноғай бөлімінің меңгерушісі, Л.Мұхаметзянова - филология ғылымдарының докторы, «Халықтық өнер» бөлімінің бас ғылыми қызметкері, Татарстан Республикасының Ғылым академиясы Г.Ибрагимов атындағы Тіл, әдебиет және өнер институтының доценті, Р.Баязитова - тарих ғылымдарының кандидаты, М.Акмулла атындағы Башқұрт мемлекеттік педагогикалық университеті «Башқұрт әдебиеті және мәдениеті» кафедрасының доценті қатысып, баяндама жасады.