Үкімет • 18 Қараша, 2019

Әлеуметтің қамы – әділеттің жолы

178 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауы жүктеген міндеттердің жүзе асуы жолдарын түсіндіру мақсатында Алматы облысына Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған Үкімет делегациясы келді.

Әлеуметтің қамы – әділеттің жолы

Облыс орталығында және Көксу ауданында тұр­ғын­дармен кездесіп, әлеуметтік ны­сандарды аралаған Үкімет бас­шысының орынбасары Бер­дібек Сапар­баевқа жұртшылық тарапынан толғақты мәселелер айты­лып, алаңдатқан сұрақтар қо­йыл­ды. Мәселен, өңір тұрғын­дарын атаулы әлеуметтік кө­мекті тағайындаудың жаңа жү­йесі, міндетті медициналық сақ­тандыру жарнасы, дәрі-дәр­мекпен қамтылуы, қоғамдық тәртіп, білім беру мен ден­саулық сақтау саласындағы жетістіктер мен шешімін табатын мәселелер толғандырады екен. Вице-пре­мьер айтылған жайларға орай түсінік беріп, осы орайда атқа­ры­лып жатқан бірқатар шараны атап өтті.

– Мемлекет халық алдында­ғы міндеттерін толығымен орындап келеді. Жалақы, жәр­демақы, шәкіртақы, зейнетақы уақ­ты­лы төленуде. Халықтың да­му көрсеткіші 4 пайызға өсіп отыр. Жылдан-жылға әлеу­мет­тік салаға бөлінетін қаржы көлемі де артуда. Көп балалы отбасына қолдау көрсетіп, атаулы әлеуметтік көмек беру мақсатында 257 млрд теңге қаржы бөлінді. Несиелердің айыппұлдарын өтеу үшін де 147 млрд теңге қарастырылды. Заман талабына сай маман даяр­лау да өзекті мәселе. Бізде 132 жоғары оқу орны бар. Бұл 18 миллион тұрғыны бар халық үшін өте көп. Сондықтан да са­пасыз білім беретін бірқатар жо­ғары оқу орнын жабу жа­йын қарастырып жатырмыз. Ал денсаулық сақтау саласына ке­лер болсақ, медицинаны да­мы­ту бойынша мемлекеттік бағ­дарлама дайындадық. Осы­ған орай әрбір елді мекенде медициналық бөлімше болу керек. Бүгінгі таңда 5000 дәрі­гер жетіспейді. Осы сынды мә­се­лелерді толығымен шешіп, 5 жылда барлық елді мекенді дәрігерлермен қамтамасыз ет­пекпіз. Халықтың орташа өмір сүру ұзақтығын 2025 жылға дейін 75 жасқа жеткізу де ныса­налы ісіміздің бір парасы. Сон­дай-ақ тұрғындарды сапалы, ба­ғасы төмен дәрі-дәрмекпен қамту да өзекті мәселе. Осы орай­да барлық дәріханадағы дәрілердің құны бірдей болуын және бағаның негізсіз өспеуін қамтамасыз етпекпіз. Тәртіп бұзушылық, жастардың өз өзіне қол салуы сынды өрескел істердің орын алмауы үшін әр қалада Талдықорғандағыдай спорт кешендері болуы керек. Бұл тұрғыда мектептің спорт залдарын демалыс күні жалға беруге мүмкіндік жасалуда. Ол арқылы мектеп өзіне қаржы тапса, көпшілік спортпен айналысып, денсаулығын нығайтуға мүмкіндік алады. Мұнан бөлек, халықты еңбекпен қамтамасыз етуде жұмыспен қамту орталықтарына жаңаша талап қойылуда. Ендігі ретте орталық мамандары бос жұмыс орындарын күтіп отыра бермей, ірі кәсіпорын, кәсіп иелерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп, бос жұмыс орындарын анықтайтын болады, – деді жұршылықпен кездесу барысында Бердібек Сапарбаев.

Сапар аясында Үкімет басшысының орынбасары Тал­дықорған қаласында тұратын көп балалы Қалабаевтар отба­сына бас сұғып, әулеттің жағ­дайымен танысты. Өңірдегі көп балалы аналарға жасалып отырған қамқорлық жа­йына тоқ­талған облыс әкімі Аман­дық Баталов қонақтарды қала ма­ңында салынып, қолда­нысқа беріліп жатқан коттедж қалашығын да аралап көру­ге шақырды. Қазір мұнда әлеу­мет­тік бағдарлама бойынша жеңілдікке ие болған 100 отбасы қоныстанған.

Сонымен қатар Үкімет делегациясы Талдықорғандағы Жастар орталығында, №27 жалпы білім беретін мектепте, көпсалалық ауруханада бел­­сенді жастар мен білім беру, денсаулық сақтау саласы қыз­­мет­керлерімен кездесті. Ал Көк­су ауданына жасаған са­парында аумақтағы қант өнді­рісінің дамуына үлес қосып отырған «Көксу» қант зауытының өндірісін көріп, Балпық би кенті мен Мәмбет ауылының тыныс-тіршілігімен танысты.

 

Алматы облысы