Әлем • 18 Қараша, 2019

Моралес бой тасалауға мәжбүр

219 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Боливия президенті Эво Моралес елдегі тоқтаусыз көтеріліс нәтижесінде қызметінен кетіп, Мексикада бой тасалап жүр. Ал билік Сенаттағы оппозициялық топтың қолына өтті. Эво Моралес бұл жағдайды төңкеріспен теңестіріп отыр.

Моралес бой тасалауға мәжбүр

Елдегі наразылық биылғы президент сайлауынан кейін өр­шіген еді. 20 қазанда бас­тал­ған митингілердің әлі күнге дейін нүктесі қойылмай тұр. Эво  Моралес бұған дейін де үш рет сайлауға түскен. 2005, 2009, 2014 жылдары Президент болып сайланған еді. Ал биылғы 20 қазанда өткен сайлауда 47,1 пайыз нәтижемен қарсыласы Карлос Месаны 10,6 үлесімен артта қалдырды. Ал халық болса сайлаудың әділ өт­кеніне күмәнданып, наразылық танытты. 31 қазанда жағдай у­шыға түсті. Бейбіт шерулер қақ­­ты­ғыс­қа ұласып, Санта-Крус про­вин­­циясында екі адам қаза тапса, алты адам жараланды. Ал қара­шада мемлекеттің құқық қор­ғау органдары наразылар­дың қатарын толықтырғаны хабар­ланды. Сайлау нәтижесі­нің кү­мәнді болуына жауаптар­дың екі күннен соң жариялануы себеп. Сайлау орталығы ал­ғаш­­қы күні дауыстың 80 пайызын санап, одан кейін ақпарат беру­­ді тоқтатқан. Бұл айыппен Америка мемлекеттерінің ұйы­­м­ы да келісіп отыр. Олар тіп­ті ар­на­йы аудит жасап, сайлау нә­тиже­сі­нің жалған екенін дәлел­деп үлгерген.

Өткен жексенбіде мемле­кет­тің қарулы күштер қолбасшы­сы Уильями Калиман Моралес­ті қызметінен өз еркімен кетуге шақырды. Сонымен қатар қару­лы қақтығыстарға тоқтау сала­тынына сөз берді. Ал бұл ұсы­ныстан кейін Барселона универ­ситетінің профессоры Пумпеу Фабра мемлекетте төңкеріс болды деуге толық негіз бар деген ойын айтты. Бұл оймен Куба, Венесуэла, Аргентина мен Никарагуа мемлекеттері де ке­лісіп отыр. Тіпті оны қол­дау­шы­лар да табыла кетті. Венесуэла прези­денті Николас Мадуро Twitter желісіндегі парақшасында Моралеске «бауырым» деп тіл қатып, Боливияның не­гізгі халқы нәсілшілдіктің құр­баны болып отырғанын жаз­ған. Куба көшбасшысы Ми­галь Диас-Канель мемле­кеттегі оңшылдарды айыптап, пре­зидентті орнынан алу Боли­вия­дағы демократияға қарсы әрекет екенін айтады.

Көп ұзамай Мексиканың Моралеске пана беруге келіскені белгілі болды. Бұл хабарды Мексика Сыртқы істер министрі Марсело Эбрард растап отыр. Оның айтуынша, бұл өтінішті Эвр Моралестің өзі білдірген.

Қазіргі кезде Боливияда сая­си вакуум пайда болған. Өйт­кені мемлекет заңына сай пре­­зи­­дент қызметінен кетсе, би­лік вице-президенттің не сенат төрағасының қолына өтеді. Де­генмен Боливия вице-прези­денті Альваро Гарсия Линера да мем­лекеттен кететінін мәлім­деген еді. Бұл шешімді сенат төр­ағасы Адриана Сальватьерра да қол­дады. Осылайша, мемлекет саяси көшбасшыларынан бір-ақ күнде айырылды. Дегенмен әлем сарапшылары Моралестің оңай жеңіле салғанына сенбейді.

Еуропа одағы секілді халық­аралық ұйымдар Эво Моралеске қолдау білдіре қойған жоқ. Бра­зи­лия, Колумбия, Перу, Гва­те­мала, АҚШ, Канада ел­дері тез арада кезектен тыс сайлау ұйымдастырып, жағдайды реттеуді ұсынды.