Экономика • 18 Қараша, 2019

Ұлттық әл-ауқат қорының ұтымды жағы көбейді

717 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жыл басынан бері «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының кірісі 268 млрд теңгені құрап, былтыр жыл бойы қол жеткізген кірістен асып түсті. 268 млрд теңгенің 190 млрд-ы, яғни 70 пайызы ел қазынасына аударылды. Таяуда қорды басқару жөніндегі кеңестің Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен өткен отырысында осындай дерек ортаға салынған болатын.

Ұлттық әл-ауқат қорының ұтымды жағы көбейді

Актив көлемі 1,7 трлн теңгеге ұлғайды

Жалпы, «Самұрық-Қазынаға» қарай­тын компаниялар тобы мем­лекет­ке осы жылдың 9 айын­да 813 млрд теңге салық тө­­леді. Бұл мемлекет қазы­на­сына түсетін барлық салық төлем­­­дерінің 10 пайызына тең қаржы. Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен қор жұ­мысын жандандыруға бағыт­талған ауқымды шаралар қабыл­дан­ды. Былтыр сәуір айында Елбасы «Самұрық-Қазына» қоры­ның 2018-2028 жылдарға ар­нал­ған жаңа даму стратегия­сын мақұлдаған болатын. Н.Назар­баев негізгі мақсаттар мен ман­даттардың бірі ретінде порт­фельдік компанияларды тиімді басқаруды және олардың жұмыс нәтижелерінің көрсет­кішін әлем­дік компаниялардың көр­се­т­кіштерімен теңестіру мін­детін жүктеген еді. Аталған құ­жатта ком­паниялардың тиім­ділігін арттыру, портфельді бас­қару және тұрақты дамуды қам­тамасыз етудің басым бағыт­тарына назар аударылған.

Қордың басқарма төраға­сы Ахмет­жан Есімов компа­ниялар басшыларымен өткен кеңесте 2019 жылдың 9 айы­ның қорытындысы бойынша «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ ком­пания­лар тобы жоспарлы қар­жылық көрсеткіштерді асыра орындағаны туралы баяндады. Сату­дан түскен кірістің өсу қар­қыны өткен жылдың сәйкес ке­зеңімен салыс­ты­рғанда 12,7%-ды құрағанын жеткізді.

– Операциялық пайда (NOPLAT) өт­кен жылғы көр­сеткішпен салыстыр­ған­да есептік кезеңде 9,6 пайызға өсті. Осын­дай таза табыс 39,5 пайызға артып, 1158 млрд теңгені құрады, – деді А.Есімов.

Белгілі болғандай, биыл Үкі­метке қор тарапынан төленген дивидент көлемі 190 млрд теңгені құрап, 2 есеге артқан. Сатудан түскен табыс 13 пайызға өсіп, 5,2 трлн-нан астам теңгеге жетті. Биылғы 9 айдың қорытындысы бойын­ша таза табыс – 1 трлн теңге. Бұл былты­рғы жылдың сәйкес кезеңімен салыс­тыр­ғанда 320 млрд теңгеге немесе 39 пайызға артық. Нәтижесінде сыртқы қарыз 4,8 млрд АҚШ долларына қысқарды. Атқарылып жатқан кешенді жұмыстар нәтижесінде 2018 жылдан бастап және ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша қор активтерінің көлемі 1,7 трлн теңгеге ұлғайды, бүгінде оның жалпы көлемі 26 трлн теңгені құрайды. Трансформация бағдарламасының нәтижелері бойынша 60 млрд теңге сомаға болжанған шығыстар оңтай­ландырылды.

Жекешелендірудің кешенді жос­парын іске асыру шеңберінде 161 ак­тивтің 138-і немесе 85 пайызы шығ­а­рыл­ды. Оның ішінде, 186 млрд теңгеге 87 актив сатылып, 51 активтің ішін­де біразы мүлде жойылды немесе қайта ұйымдастырылды. Жұмыс істеп тұр­ған актив саны – 20. 2018 жылдың қара­­шас­ында және ағымдағы жылдың қыр­күйегінде «Қазатомөнеркәсіптің» 218 млрд теңгеге 18,8 пайыз акциясы сатылып, түскен барлық қаражат елдің Ұлттық қорына жіберілді.

Бұған дейін қор басшысы А.Есімов сатып алу жүйесін жетіл­діру жұмысы жалғасатыны туралы айтқан болатын.

– Сатып алу жүйесін жетілдіру арқы­лы өткен жылы біз 121 млрд теңге үнемдедік. Биыл тағы 153 млрд теңге үнемдеу жоспарланып отыр, – деген А.Есімов бір көзден сатып алу көлемі 1,5 есеге қысқарғанын, тендерлер көлемі 4 есеге артқанын айтты. Биыл кәсіпкерлер үшін бәсекелестік ортаға 600 млрд теңгеден астам қаржының сатып алу тапсырыстары берілген.

Бұдан бөлек, биыл қор тарапынан Түркістан қаласының нысандарын салуға 32 млрд теңге және Арыс қаласының барлық әлеуметтік нысандарын қалпына келтіруге 7 млрд теңге бөлінгенін атап өткен ләзім.

170 актив бәсекелес ортаға шығарылады

«Самұрық-Қазына» АҚ аса зор мем­лекеттік активтердің операторы ретінде жекешелен­діру үдерісіне бел­сенді түрде қатысуда. Жекешелен­дірудің 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында қор 170 активті бәсекелестік орта­ға шығаруға тиіс. Сонымен қатар 9 ак­тив­ті IPO-ға шығару немесе стратегия­лық серіктестерге сату жоспарланып отыр. Оның ішінде «Қазатомөнеркәсіп» АҚ, «Эйр Астана» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ, «Қазақстан темір жолы» АҚ, «ҚазМұнайГаз» АҚ, «Қазпошта» АҚ, «Са­мұрық-Энерго» АҚ, «Тау-Кен Самұрық» АҚ, «Qazaq Air» АҚ және басқалары бар.

Үкімет бекіткен ауқымды жеке­­шелен­діру бағдарламасын «Самұрық-Қазына» қоры бел­сенді жү­зе­ге асырып жат­қанын айта кеткен жөн. Бұған дейін Yellow Pages қағида­ларына сәйкес 89 кәсіпорын бәсекелестік ортаға беріліп, одан 192 миллиард тең­ге көлемінде табыс түсті. Қор басшысы А.Есімов айтқандай, жеке­ше­лендіру­дің міндеті – елдің Ұлттық қорын толық­тыру, корпоративтік басқару­дың озық тәжірибесін енгізу, сондай-ақ ашықтық пен есеп берудің әлемдік стандарттарын қамтамасыз ету.

А.Есімов былтырғы қара­ша айында IPO аясында «Қазатом­өнеркәсіп» ҰАК» АҚ уран ком­паниясының 15 па­йыз акциясы орналасқаны туралы ха­бар­лаған еді. Инвестор Ұлттық банк Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры­ның қоржынына 150 млн доллар сомаға компанияның бағалы қағаздарын сатып алды. Бүгінгі таңда осы мәміле аясында БЖЗҚ табысы 21 млрд теңгеге жетті.

– Қордың Энергетика, телекоммуникация және инфра­құрылым саласындағы сегіз ұлттық компаниясын IPO-ға шы­ғару жоспарланып отыр. Зейнетақы қо­ры­­ның табысы 21 миллиард теңгені, ал Ұлт­тық қорға түсетін түсім 168 миллиард теңгені құрады, – деді А.Есімов.

Оның айтуынша, әлем­дегі жетекші уран өндіруші «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның на­рықтық құны 3 млрд-тан 4 млрд-қа өскен. Ұлттық компания дайын өнімді шығаруға бағыт­талған атом электр стансаларына жылу бөлетін құрастырмалар өндіретін жобаны іске асыруда. Бұл жобаның инвестициялық құны – 30 млрд теңге.

Жүйелі жұмыс жүргізілуі керек

Таяуда Тұңғыш Президент Нұр­сұлтан Назар­баевтың төр­ағалығымен «Са­мұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын басқару жөніндегі кеңестің отырысы өткені белгілі. Осы жиында Елбасы қор басшылығының жүйелі мәселелерді шешіп, өндірістік көрсеткіштер мен инди­ка­­тор­лардың оң динамикасына қол жет­­кізгенін атап өтті. Оның ішінде бір­­лес­кен кәсіпорындардағы мем­лекет­тік үлес­терді тиімді бас­қаруды қам­тамасыз ету­дің маңыз­ды­лы­ғын, мұнай-газ және хим­ия өнеркәсібі салаларындағы тиім­сіз учаскелердегі өндірісті ынталан­ды­ру­­дың жаңа тетіктерін енгізуде Үкі­мет қолдау көрсету керек екенін, қор­дың аясындағы ком­панияларды IPO-ға шығару мен сатып алулар­дың тиім­ділі­гін қам­та­ма­сыз ету мәселе­лерін, қор ком­па­ния­ла­ры­ның қаржы­лық жағдайын жақсар­туға және жекеше­лендіру жоспарын одан әрі іске асыруға бағыт­талған ұсы­ныс­тарды қа­рас­тыру­дың ма­ңызын атап өтті.

– «Самұрық-Қазына» – ұлт­тық әл-ауқат қоры. Сон­дықтан біз Басқару кеңесі мен Директорлар кеңесі ретінде тұр­ғын­­дар мен бизнес өкілдері тарапынан Қор қызметіне деген сенімді арттыру мақ­сатында жүйелі жұмыстар жүр­гізуіміз қажет. Азаматтар мұның бәрі Қазақ­станға және біздің халқы­мызға тиесілі екенін түсінуі керек, – деген-ді Елбасы. Тұңғыш Пре­зидент экономи­каның жандануына негіз болуға тиіс қор­дың жүйелі жұмыс іс­тей­тініне сенім білдіріп отыр.