Руханият • 19 Қараша, 2019

Болмысы бүтін Бағаев

742 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Бір ғасырлық, яғни жүзжылдың белесіне шыққан «Егемен Қазақстан» газетінде арқа тұтқан ағалар, үлгісін көрсеткен көркем мінез үлкендер, жазушы Мархабат Байғұт сөзімен айтсақ, әспеттеп жүрер «Егеменнің» егделері аз емес. Бұрын да болған, қазір де бар. Олар мұхит толқынындай лек-лек болып келіп, кемеліне келгенде кемеріне жетіп, ұрпақтар сабақтастығының, басылым дәстүрінің ұйтқысы болып отырған. Бұл қанатқақты газетті шығарған Алаш арыстарынан бас­тау алып, ұлт журналистикасы алыптарының айдынына айналып, олардың ісін жалғаған, ізін басқандарға ұласқан. Ұласа отырып, заманның қырық құбылғанына қарамай, арнасын кеңейтіп келеді. Бұл – заңдылық кешелі беріден емес, арғы бабалар мен даналарымыздан, ата-бабаларымыздан жалғасқан салт-сананың жаңғыруы екені анық. Иә, ұлт тірлігімен ұласқанның ғана ғұмыры ұзақ болатынын өмір көрсетіп отыр.

Болмысы бүтін Бағаев

Бас басылымның жүз жылдығына орай арғы-бергі кезеңдердегі жақсы­ларымыз бен жайсаңдарымызды қайта бір еске алып, бейнесін көз алдымызға келтіріп, еңбегін елеу тұрғысындағы қадам барысында біздің еншімізге, Ұзақ аға Бағаев тиіпті. Болмысы бөлек, бітімі ерен, сөзге берен Ұзағаң туралы кейінгі толқынға аз-кем мәлімет бере кетуді жөн деп білеміз.

Ұзақ Бағаев: «Ағанас» деп аталатын кең алқаптың табан ортасында тұрып, айнала төңірекке көз жіберсең, табиғаттың әсем көрінісі ерекше әсер­ге бөлейді. Жан-жағыңның бәрін жа­ға­лай ораған тау, тек төбеңде көк ас­пан ғана жарқырайды. Айнала қамал тұрғызып, оның бетін шарайнамен төңкеріп қойғандай. Қарай бергің келеді, қараған сайын жаратылыстың сұлу көркіне тояттамайсың, қайта оған деген құмарлығыңды күшейте түсесің», – деп өзі келістіре суреттеген Алатау баурайында, Алматы облысы, Кеген өңірінде 1930 жылы өмірге келген. Қазақтың әл-Фараби атындағы Ұлттық университетін жақсы бітірген соң, еңбек жолын өткен ғасырдың елуінші жылдарының басында «Социалистік Қазақстан» газетінен бастаған. Қарапайым тілшіден бөлім меңгерушісі, ол тұста ықпалы бар редакция алқасының мүшесі болып жүргенде, ЦК бюросының шешімімен, Ұ.Бағаев 1962 жылы Қызылорда облыстық «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы») газетіне редактор болып тағайындалған. Ол кезде редактордың беделі биік еді. Заты да, аты да бөлек болатын.

Томағасын сыпырған қаршығадай қайратты, қайрауы жеткен қынаптағы қылыштай өткір де, өрелі азамат Сыр өңірінде байыпты басшы ретінде де, жұртқа жұғымды мінезімен де, Құдай берген қарымымен де танылған екен. Газет қалам ұстаған қайраткерлердің бас қосатын рухани орталығына да айналған. Білетіндердің айтуына құлақ қойсаң, Алатаудың баурайындағы, Алматыдан келген әдебиет пен өнердің дүлдүлдері дүрілдеп келіп, басылымда бас қосып отыруды дәстүрге айналдырыпты. Оның көш басында: «Білем сені, сүйем сені, Сырдың суы қарт анам. Сенсің мені әлдилеген, Туған сенен мен балаң... Сырда туған, Сырдың ұлы, Жаңа Гейне мен болам», – деп Әбділда (Тәжібаев) ақын бастап, сыршыл Сырбай (Мәуленов) қоштап, сыншы Мұхаң (Қаратаев) демеп, өзгелер қолтықтасып жеткенде Асқар (Тоқмағамбетов), Зейнолла (Шүкіров), Қомшабай (Сүйеніш) – бәрі қарсы алып, бір атаның баласындай, бес қолдың саласындай қатар отырып, аға мен інінің келісті кеңесін құратын болған.

Кейін де Ұзағаң Сыр елінен қол үзбей хабарласып тұрыпты. Оған қазақтың қайсар ақыны, артына өлмес өлең мен проза қалдырған, көңілдері жарасып, айнымас дос болған Зейнолла Шүкіровке жазған хаты дәлел деп білеміз. Бұл хат облыстық мұрағатта сақтаулы тұр. Осы хаттағы оның қолтаңбасы шебер өрімші тілген таспадай болып көзге көркем жазудай басылады.

Ұзақ Бағаевтың Сырда болғанда жазған очерктері мен мақалалары, тол­ғаулары сан алуан тақырыпты қам­тып­ты. Байтағымыздың дара ұлы, кетпен шауып жүріп-ақ дана ұлына айналған, ақмар­жанның атасы Ыбырай  Жақаев туралы публицистикалық көлемді шы­ғармасы көркем дүниеге бергісіз еңбек десек, қателеспейміз. Оқып-көрелік: «Тұлғасы тұтас. Келбеті көркем. Мінезі сырбаз. Сабыры дархан. Білекте қуат. Көңілі шуақ. Сөзге сараң, іске жомарт!» дейді.

Ол тұстағы очерктер ел өмірінің айнасындай еді ғой. Сол жанр бүгін құмға там­ған тамшыдай тындым болды. Ақаң, Ақселеу Сейдімбек жаңғырту керек деп жүретін, бірақ жаңарған делінетін заманда оны тыңдар құлақ табыла қоймады. Еңбек адамының бүтін бітімін сөзбен сомдап, мәрмәр тасқа ойып жазудың үлгісін Ұзекең қай шығармасында да дәйектей алған. Ал Зейнолла (Шүкіров) жайлы «Жүрек оты» очеркі ойлы дүние. Тағдырдың мойнына ілген зіл батпан қасіретін жеңіп шыққан ақынның айбынын асқақ көрсетеді. Очеркті Ни­колай Островскийге арнаған ақын поэ­масының түйініндегі екі жол өлеңмен қорытындылаған екен. Ол өлең: «...Тас түлек өз тағдырын жеңіп шықты, Міне, адам! Міне, адамның мықтылығы!» деп келеді. Оқып отырғанда адам қайраты жең­бейтін не бар деген ойға табан тірей­сің. Сыр өңірі туралы жазған қай шығармасын алсаң да осы секілді қам­шының өріміндей өрнекті болып, ел жайынан, ер еңбегінен, жер бедерінен ха­бардар етіп отырады.

Сыр өңірінен кейін Ұзақ Бағаев өзі Шүкіровке жазған хатында: «Талды­қорған кәдімгі мақпал қардың ордасы тәрізді екен», деп айтқандай, 1968 жылы облыстық «Октябрь туы» газетінің ре­дакторы қызметіне жіберіледі. Бір жыл­дан соң 1969 жылы өзін түлетіп шы­ғарған республикалық «Социалистік Қа­зақстан», қазіргі «Егемен Қазақстан» газетіне басшылық қызметке ауысады.

Бұл қызметті ол ақтық демі біткенше, 1973 жылдың 28 шілдесіне дейін ат­қарды. Ар мен намысты тең ұстап, абырой биігінен көрініп, кемелдікке табан тіреген Ұзағаң ол кезде бар болғаны 43 жаста еді. Саналы ғұмырында еткен ең­бегіне алған бағасы, өзінің ауруханада жазған хатында айтылғандықтан, оған бұл жерде тоқталмаймыз. Оның іскерлігіне сай қайда жүрсе де қалтқысыз жұмыстың, сергек сезімнің иесі, ұжым ұйытқысы ретінде оған ақаусыз берілген баға, көрсетілген құрмет те аз болмаған. Бұл жайлы байламдарды кейін мысалға келтіретін замандастарының риясыз ақ-адал ілтипатында бекіте түсеміз.

Біз Ұзағаңды студент кезімізде көр­дік. Өңінен нұр төгіліп тұратын. Биязы болатын. Бір ауылдың ұланы Нұрғали (академик Мамыров) ағаның үйінде бір-екі рет дидарластық. Онда ол кісіге тура қарау қайда. Тілді тістеп именіп, иіліп отыратынбыз. Бір жолы: «Журналист болу – оңай емес, мақтауда да мән болады, сынаудың да сыры көп. Қайсысында да қара дүрсін кетпеген ләзім. Әсіресе, тіл құдіретіне атүсті қарау ағаттық», – деген сөзі әлі күнге дейін есімде. Бойы орталау көрінгенімен, ойы шырқау шың басында жүргендей әсерге бөлейтін.

Ұзақ Бағаев бас басылымға басшы­лық жасағанда бірінші бетке тақырыбы тартымды, айтары бар шағын очерк­терге орын беруді қалыптастырған.  Нұс­қалы етіп қысқа жазуға да ерекше мән берген. Өзі де өндіре жазып, үлгі көрсеткен. Әсіресе, қара сөзді төгілте жазу, өлең тәсілімен ұйқастырып беру екінің бірінің қолынан келмесе керек. Бұл шын шебердің, табиғи таланттың ой өлшеміне, сөз саптасына ғана тән қасиет.

Сөзіміз жалаң болмасын, бірер мы­салға жүгінелік: «Арыны бар, жалыны бар жас өрен. Тал бойыңнан жігер көрем, ақыл көрем, күш көрем. Жаздай жайнап, күндей күлген жүзіңді, мақтан етем, қыран қанат, алғыр інім, ақберен!» – бұл «Жас досқа арнау» деген толғауынан алынса, «Туған өлке» деген толғауында: «Көмір мен темір тасытқан Қарағанды бір алып, Жезқазған, Балқаш, Теміртау керемет қой – бұл анық... Өркені өскен өр Алтай – қорғасын, мырыш ордасы, Бұқтырма көлі шалқиды, өңірі байлық қоймасы. Табиғаты тамаша, көдесі май, суы бал, көрген жанның белгілі, құмары ешбір қанбасы!» – деп ел мен жердің дәулеті мен сәулетін, көркем табиғатын көз алдыңа әкеледі. Бұл толғаулар жас­тың жігерін жанып, үлкеннің айызын қандырып, қазақ жерінің өрісі кең өркенді екенін сездірумен қатар, қаламгердің ұлтым, жұртым, киелі жерім деген ішкі сезімін ұқтырып тұрғаны айдай анық.

«Социалистік Қазақстанға» жетек­шілік еткенде Ұзағаң жылына бір рет меншікті тілшілердің редакцияда өтетін жиынын Қарағанды қаласында өткізуге шешім қабылдаған екен. «Алматы емес, Қарағандыға шұбыртып қалай апарады» дегендер де табылыпты сызаттан сылтау іздегендер. Бірақ іскер басшы сөзінде тұрған. Дәстүрлі тілшілер кеңесін өндірісті өлкеде өткізіп, керемет дидарласуға ұйытқы болған.

Әсіресе, Теміртау қаласындағы жүз­десу ерекше есте қалғанын куә болған ағаларымыз сан қырынан келіп жазыпты. Бұрын-соңды мұндай тілшілер жиыны өңір­де өтпегендіктен, Арқадағы дидарласу журналистердің рухы биіктеп, ол жердегі қаумалаған жұртты да сергітіп, бізді де іздейтін қазақ қаламгерлері бар екен дегенге көз жеткізіпті.

Сол жиынға қатысқан газеттің бөлім меңгерушісі Бегділдә Абдуллиннің естелігінде қаланың екінші хатшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен Ұзақ Бағаевтың жүздесуін ерекше мақтанышпен жазып қалдырыпты. «Ойпырым-ай, ойлары да, бойлары да бірдей екен. Екеуі президиумда отырып, түрлі кездесулер мен жиындарды басқарғанда жарқ-жұрқ етіп мерейімізді өсірді. Ұзекең: «Бүгін Арқа төріне қазақ баспасөзінің қара шаңырағы атанған – «Социалистік Қазақстан» көшіп келіп отыр» десе, Нұрекең: «Мәскеуден «Правданың» бір тілшісі келіпті десе елең ете қаламыз, өзіміздің бас газетіміздің барша тілшісі бас қосып отырғанда, қалай ағымыздан жарылмаймыз», – деп беделімізді одан әрі арттыра түсті» – дейді Абдуллин ағамыз.

Сол Теміртаудағы дидарласуда Уа­хап Қыдырхан бір отырыста Нұр­сұлтан Әбішұлы домбырамен айтқан «Шұбарат» деген әнді сөзімен жазып ал­ғанын, онда Нұрекеңнің елге деген сағынышы ерекше баяндалғанын хатқа түсіріпті. Кейін оны «Сырласу» атты новелласына арқау етіпті. Ал Жамбыл облысындағы меншікті тілші, ақын Жақсылық Сәті­беков магнитканың тірлік-тынысы, Нұрсұлтан бастаған азаматтардың ерен ісі жайлы «Алыпстан» (1973 жыл) атты баллада жазып жариялапты.

Алғыр азамат, ұтқыр ұйымдас­тыру­шы, білікті басшы, қаламы жүйрік, ойы ұшқыр, ең бастысы тіл киесін пір тұт­қан журналист Ұзақ Бағаев – сан қыр­лы қызметімен ғана емес, тартымды шы­ғар­маларымен де ұлт тарихында қал­ған тұлға. Артындағы мұрасы да ұшан-теңіз. Соның қатарында «Дала жұл­дыздары», «Жан сұлулығы», тағы да басқа тағылымы мол, мағлұматы маңызды кітаптарын атауға болады.

Табиғаты таза, кісілік кемерінен кө­рініп, елге беріліп қызмет көрсеткен, бар қазақтың баласын бөліп-жармаған, ақиқаттан аттамай бәрін тең ұстаған Ұзағаңның бітім-болмысы туралы замандастары әдемі естеліктер жазған. Бір сәт соған да көз жүгіртіп, көңіл тоқтаталық. Жақсының бейнесі жарқырай түссін.

Жазушы-журналист Уахап Қыдыр­хан: «Ұзақ Бағаев – түсі жылы, сөзі сы­нық, мінезі майда, ақылын алда ұстай­тын, өзі желпіне жазатын желқанат журналист. «Жүйрікте сын болмайды». Осы эпитет Ұзақ табиғатына дәл келетін» десе, Сайраш Әбішқызы: «Сол кездегі редактор Ұзақ Бағаевтың қабылдауы, жылы жүзі, мейірімді үні дәл бүгінгідей жадымда» дейді.

«Мінезі биязы, өзі  де, сөзі де жібек­тей есіліп тұратын, аз жазса да саз жазатын, біртоға жақсы азамат болатын. Көп сөйлемей, тоқетерін айтып, түйіп тастап отыратын. «Үндемеуім – байлығым, дұшпаныма – айбыным, достарыма жайлымын», – дейді екен жарықтық. Қатты науқастанып ауруханада жатқанның өзінде, жұмыс жайын естен шығармай, опат болып кеткен орынбасары, білім­ді де білікті журналист Сапаржан Хайда­ровтың орнына мені меңзеп, арнайы қабылдағаны бар... «...Амандық болса, айығып шыққан соң, бас газетті биік­ке бірге көтереміз», – деген үні бүгінге дейін құлағымда. Алайда, арманына жұрттың бәрі жете бере ме?! Көп ұзамай, мен бекігенше Ұзақ аға қайтыс болып кетті», – деп орнына келген Сапар Байжанов қаламдас досының таңдауына селкеу түсірмей қатарына тартқанын тілге тиек етеді. Осы арада талантымен танылған Сапаржан мен Ұзақтың тел қоңыр­­дай қатар жүріп, газеттің ажарын ашып, беделін көтерудегі қарекеттерін білетіндер әлі күнге дейін айтып жүреді. Амал не, жарқырап шыққан қазақ жур­налистикасының қос тарланы бірі­нен кейін бірі аттанып кете барды.

Арамызда жақсылардың тұяғындай болып жүретін, күні кеше өмірден озған Әділ Дүйсенбек ағамыз Ұзақ ағасы туралы: «Ұзекең екі сөйлемейтін, уәдеге берік жан болатын» десе, ұстаз санаған қаламгер Итен Қарымсақов: «Журналист Ұ.Бағаев 32 жасқа қараған шағында жасанып, жайнап, жанып тұрған кезінде Сыр еліне бақ құсындай болып ұшып келді. Өзі де бақытты болды, соңына ерген жастарды да бақытты етіп кетті. Ол басқарған газеттің отымен кіріп, күлі­мен шыққан жас журналистердің көбі жа­зушы, елге танымал азамат атанды. Ұ.Бағаев редактор болғанда Қызылорда облыстық «Ленин жолы» газетінің даңқы шығып, дүркіреп тұрды. Барған жерінде кісіге салмағы жоқ, бөгде адам­ның мазасын алмайтын редактор еді ғой!» – деп Бағаев мектебі, Бағаев мәде­ниеті туралы әдемі ойлар айтады. Мұндай баға кез келген редакторға айтыла бермейді. Оның үстіне ол заманда көп көлгірсу, екінің бірін қайраткер, бестің бірін тұлға деу ұят саналатын. 

Қасиетті қазақ сөзінің киесін біліп, әріп­тестер қатарында иесі болсам деген текті ұлдан текті бала, дарынды ақын жарал­­ғанын қалың жұртқа айта кетсек дейміз. Ол әкесінен 5 жас асып барып өмірден озған, қанаттас жүрген: «Бойымызды билеп алған салғырттық... Түбімізге жетер ме екен мәңгүрттік, Түбі­мізге жетер ме екен енжарлық, бос сөз бүгін татымайды таңдайға», – деп шабыт туғанда шамырқанып өлең өрнек­теген Ерлан Бағаев еді.

Ол қарғадайынан жыр жампозы Әбу Сәрсенбаевтың батасын алып еді. Он­даған жыр-жинақтарын шығарып, халық ілтипатына бөленген еді. Ақын жайлы  «Мінсіз талант, мінезді өлең» («ЕҚ», 16.ІХ.2015) атты мақала жазғанымыз бар. Әкесі 43 жасында о дүниелік болса, Ерлан 48 жасында бақилыққа бет түзеді. Ұзағаң келер жылы 90 жасқа толады, ұлы биыл 65 жасқа келіп еді. Ерланның елу жылдығы, алпыс жылдығы, алпыс бес жылдығы да ескерусіз қалды-ау.

Тұңғыш ұлдары Ерланды ата-анасы туа салып, аға-жеңгесінің бауырына салып берген. Ағайын арасын бекітуде мұндай салт қазақта әлімсақтан бар. Ақын алаңсыз жүргенде Ұзағаң өмірден өтіп, өзегін өрт шалғанда бірнеше толғау жазды. Сонда өзі жайлы: «Ағаң, жеңгең меселін қайтармадың, асыранды боп мен сорлы жаутаңдадым. Туған әкем болсаң да «аға» дедім, басқалардай «папа» деп айта алмадым», – десе «Тірісің, Аға» деген толғауында, одан кейін: «Неге, не­ге, жан аға, ерте сөндің, Азаматы едің-ау, еркесі елдің, Жүрегіңде жоқ еді жал­ғандығың, Жалғандыққа бүгінде мен төселдім» – дейді де: «Сізді бүгін тіріл­тіп жатыр, Әке, ұрпақтарың – ұл-қыз­дарың Бағаевтар!» – деп тәубесіне келгендей болады.

Дүрмегі көп, күрмеуі сан түрлі мына дүниеден өтіп бара жатқан адамның сергектік танытып, өзекті жанға бір өлімнің барын ұмытпай, артына хат жазып қалдыру үрдісі еске түскенде, алдымен ұлы Ғабең, Ғабит Мүсірепов ойға оралатын. Ұлы қаламгер әдебиет пен өнерді ұлы етпей,  ұлт ұлы болмайтынын өсиет етіп қалдырғаны мәлім. Ал одан он бес жыл бұрын, 1970 жылы қызыл империя «шешек» атып тұрғанда именбеген ұлт зиялысы Ілияс Омаров та артына қалдырған хатында ұлттық мұраның өлшеусіз құнды екенін айтып, соған еткен қызметін аяқтай алмағанына өкінішін білдіре келіп, ендігі үміт жас­тарда екенін алға тартып: «Ішкенге мәз, жегенге тоқ ұрпақ болмасын! Соларды кезінде танып, қамқор болып әкедей жан ықылас арнап, баулып отыруда», – депті. Ұлағаттың үлкені ғой бұл.

Осындай хат Ұзағаңнан да қалған екен. Ақыл-парасаты тең, ізет-инабатын адалдық пен арына ұштастырған, кеңінен ойлап, тереңге бойлаған азамат мына өмірден қайтарынан жиырма күн бұрын жары Нұрбибіге арнап қойын дәптеріне хат қалдырған екен. Онда: «...Мен азды-көпті еңбек етіп, талап, қабілет көрсете алсам, іске алаңсыз араласып жүрсем, бұған, Нұрбикеш сенің қатысың Алатаудай үлкен. Үйінде ала көңіл адамның ісі де дүмбіл болатынын кім білмейді. Үйінде сыйлы адамды достары да үлгі етері және аян. Міне, сенің көзге көрінбес ерекшелігің осында ғой, бәйбіше!...» – деген екен. Бұл ер мен әйел­дің арасындағы әдемі сыйластықты көрсетеді. Шіркін, кейінгі жастардың да бойында осындай қимастық сезім менмұндалап тұрса ғой.

1974 жылы Ұзақ Бағаевтың жур­налис­тік шеберлігінен диплом жұмысын жазу барысындағы ізденіс кезінде тапқан Жанболат Аупбаевтың архивіндегі сирек дерекпен, яғни «№20» деп белгі соққан блокноттағы хатпен мақаланы түйін­десек дейміз. Онда айтулы журналист өз өмірінде орны ерекше бас басылымның, ұжым­ның ынтымағын таратып айтады. Иә, ұжымның мықты болуы басшының кісілігі мен кішілігіне, кеудесі алтын сарайдай күмбірлеп тұратынын қадірлі қасиетіне тікелей тәуелді болатыны белгілі. Енді сол архивтен табылған хатты жұртқа таныстыра кетелік: «...Уни­верситет ұясынан ұшып келіп қон­ған қара шаңырақ «Социалистік Қазақ­стан» жиырма екі жыл бойы мені тәрбие­леп келеді. Газет коллективі кішкентай еңбегімді таудай етіп  бағалап жатқаны. Осы жиырма екі жыл ішінде (жеті жылдай облыстарда жүрмедік пе, ол да «СҚ»-ның арқасы) талай-талай атақ-абыройға ие еткенін қалай ұмытарсың!

 Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшесі, Қазақ ССР Жоғар­ғы Советінің депутаты, Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Еңбек Қызыл Ту, Құрмет белгісі орден­дері, медальдар...

Осының бәрі ең алдымен «Социалис­тік Қазақстанның» сыйы, коллективтің сенімі. Мұның бәрін өз еңбегімнің жемісі, өз қызметімнің балауы деп ойлаған емес­пін, ойламаймын да. Партияның, «Социа­листік Қазақстан» коллективінің: «Еңбек етуге мүмкіндігің бар сияқты, со­ны көрсет, дәлелде», – деп берген ілти­паты. Осындай сенімнен шығу үшін күш-қуатымды, ақыл-ойымды сарқа жұм­саудан асқан мерей бар ма?! Ұзақ Бағаев. Алматы. Аурухана. 6 май, 1973 жыл» – хат осылай аяқталған. Асыл аза­мат үш ай­ға жетпей фәниден бақиға ат­танып кете бар­ды.

Біз бұдан жұрт ісіне кеуде кермей, кер­деңдеп баспай ұлтқа қызмет етудің үлгісін көреміз. Үш арыстан қалған хат­­­­­­­та­­­­­ғы қағида не дегенге де бір сәт ой жібер­сек, әдебиет алыбы әдебиет пен өнердің мәңгілігін айтса, лауазымды қызметтің мықты шенеунігі бола тұрып, ұлт зиялысына айналған асыл тұлға ұлт мұрасын әспеттейді. Журналистика қайраткері, отбасын, отанасын, рух берген ұжымын, қасиетті қара шаңырағын құрмет тұтады. Кейінге үйренер өрісті үлгі осы десек, асырып айтқандық болмас. Содан да шығар, біз мақалаға арқау еткен Ұзақ Бағаевтың болмысының бүтін, мерейінің биік болуы.