Спорт • 19 Қараша, 2019

Азамат Нұрпейісовті еске алуға арналған республикалық турнир өтті

314 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Петропавлда капитан қоян-қолтық ұрыстан Азамат Нұрпейісовті еске алуға арналған республикалық турнир өз мәресіне жетті.

Азамат Нұрпейісовті еске алуға арналған республикалық турнир өтті

Жоғары әскери және арнайы оқу мекемелерінің курсанттары мен тыңдаушылары арасындағы қоян-қолтық ұрыстан өткізілетін бұл турнир осымен төртінші рет өткізіліп отыр. Петропавлдағы ІІМ Әскери институтының бастығы, генерал-майор Бауыржан Абжанов оның дәстүрге айналып келе жатқанын атап өтті.

Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, капитан Азамат Нұрпейісов - тәуелсіз Қазақстандағы ерекше есімдердің бірі. Ол Петропавл қаласының тумасы, Ұлттық ұланның арнайы бөлінісінде қызмет етіп, спортпен қызыға шұғылданды. 27 жасында ол кикбоксингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері болды. 2009 жылы Италияда және 2013 жылы Түркияда өткен Әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері, 2011 жылы Ирландияда өткен Әлем чемпионатының қола жүлдегері, 2012 жылы Үндістанда Азия чемпионы, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, қоян-қолтық ұрыстан ҰҰ Қолбасшысының кубогына өткізілген халықаралық турнирдің жеңімпазы атанды. Ауыр сырқат чемпион өмірін қыршынынан қиды, алайда ол ақтық демі таусылғанша қызметін, спорт пен өмірге құштарлығынан сәтке де айныған емес. «Бір жылдан астам уақыт ауыр дертпен алысқан чемпион спорттағы жеңісті күндерінің алда екенін және арнайы бөлініс сарбазы үшін негізгі жетістік саналатын - күрең берет иесі атанатынын армандады», - деді турнирде сөз алған облыстық Полиция департаментінің бастығы, полковник  Марат Төлебаев. «Сырқатына мойымай, ерлік пен төзімділік танытқан Азамат Нұрпейісовтің мықты рухы құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне үлгі болып қала бермек. Аталған турнирге қатысу - полиция қызметкерлері үшін үлкен мәртебе», деп сөзін жалғастырды ол.

«Жеңіс» спорт кешені базасында болған турнирге 8 салмақ дәрежесі бойынша 7 құрама командадан 60 спортшы күш сынасты. Екі күнге созылған қызу тартыста турнир иелері – Қызылжар Әскери институтының командасы жеңімпаз атанды. Екінші жүлделі орынды – ІІМ Қарағанды академиясының курсанттары иеленсе, үшінші орынды - ІІМ Павлодар қаласындағы Оқу орталығының спортшылары еншіледі.