Аймақтар • 19 Қараша, 2019

Маңғыстау хирургиясының негізін қалаушы дәрігер 80-ге толды

524 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Маңғыстаудағы хирургияның негізін қалаушылардың бірі, танымал дәрігер хирург Ахметжан Құсайынов 80 жасқа толды. Достары мен әріптестері «Дәрігер Айболит» атап кеткен Ахметжан Құсайынов Маңғыстау өңірі мен республиканың денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі орасан. Өз тәжірибесінде ол диагностиканың заманауи әдістерін қолдана білді, деп хабарлады Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасынан.

Маңғыстау хирургиясының негізін қалаушы дәрігер 80-ге толды

Ахметжан Құсайынов мойындалған хирург, жоғары тәжірибелі маман, ең күрделі оталар жасаған. Медицина саласында жүрген ол мыңдаған адамның өмірін аман алып қалды. Өзінің таңдаған мамандығына берік болды және соңынан ерген ізбасарларына ұстаз бола білді. Маңғыстау өңірінде Ахметжан ағаның білмейтіндер кемде-кем. Еліміздің халқына емдеу-профилактикалық жұмыстарын жоғары деңгейде ұйымдастыра білген оның орасан еңбегі сонау Кеңес дәуірі тұсында ескеріліп, Кеңес Одағы Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау саласының үздігі» атты төсбелгісімін де марапатталған.

Ахметжан Құсайынов 1939 жылы 12 қарашада қазіргі Атырау облысы Махамбет ауданына қарасты Бақсау ауылында дүниеге келген. Әкесі малшы болған. Ал анасы 11 құрсақ көтеріп, «Батыр ана» атағына ие болды. Орта оқу орнын тәмамдаған соң Алматыдағы мемлекеттік медициналық институтын бітірген. Еңбек жолын 1965 жылы Атырау өңірінен бастаған. Ал 1973 жылдан бастап оның өмірі Маңғыстаумен тікелей байланысты. Бірқатар басшылық қызметтерде де абыройлы еңбек етті. Еңбек ардагері зейнетке шыққаннан кейін де қарап қалмады, оның білімі мен тәжірибесі қажет болған соң бірқатар жекеменшік клиникалар келісімшарт негізінде жұмысқа шақырды. Осылайша ол 75 жасқа дейін өзінің сүйікті ісімен айналысты. Оның қажырлы еңбегі сан мәрте ескеріліп, бірқатар естелік және төсбелгілермен марапатталған. Атап айтқанда «Қазақстан мұнайына 120 жыл», «Ұзақ жылдар адал еңбегі үшін», «Шынайы мейірімділігін және адамдарға жасаған қамқорлығы», «Еңбек ардагері» және т.б.

-Өз басым медицина саласын таңдағаныма еш өкінбеймін, әсіресе хирургияны. Артта ұмытылмас жарқын сәттер мен қызықты күндер қалды. Жұмысқа берілгенім соншалық, тіпті күндіз-түні үй көрмей жүрген кездерім көп болды. Демалыстың не екенін ұмытқан кездер аз болмады. Ең бастысы үнемі алдымызға мақсат қоятынбыз: Қалай болғанда да адам өмірін аман алып қалу үшін барымызды салу,- дейді ол.

Ардагер өзінің шәкірттері туралы да айтып өтті. Олардың қатарында Естұрған Мұқантаев, Елжас Хұсайынов, Сүлеймен Бердәулетов, Борис Чагай, Сайын Шантимиров, Талғат Мұқантаев және басқалар. Әсіресе «Нейрон» клиникасында зейнетке шыққаннан кейін 10 жыл жұмыс жасаған күндерін сағынышпен еске алады.

Ахметжан Құсайыновтың жұбайы Балхия Ахметқызы фармацевтика факультетінің түлегі, провизор мамандығын үздік бітірген. Олар 3 ұл 1 қыз өсірген. Алайда балалары әке немесе ана жолын қуып медицина саласын таңдамаған. Әркім өзіне ұнаған мамандық иесі атаныпты. Ахметжан Құсайынұлы болса, балаларының медицинаны таңдамағанына өкінбейді, керісінше әр адам өзіне ұнаған саланы таңдағаны дұрыс деп санайды. Ардагер дәрігер бос уақытында сүйікті отбасының жанында, әсіресе немерелерімен Каспий жағалауында серуендегенді ұнатады.