Шараның мақсаты – халықты, бизнес-құрылым өкілдерін, меценаттарды, үкіметтік емес ұйымдар мен волонтерлерді ынталандыру, азаматтардың белсенділігінің үздік тәжірибесін тарату, қайырымдылық қызмет, меценаттық пен мейірбандық идеяларын танымал ету.
Шараға облыс әкімінің орынбасары Қ.Жұмашев, мемлекеттік мекеме басшылары, аудан, қала әкімдері, облыстық ірі компания өкілдері, этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен мүшелері, облыстық мәслихат депутаттары, сондай-ақ еткен еңбегі мен төккен терінің арқасында қарапайым халық арасынан дараланып, кіндік қаны тамған ауылы мен өз өңірінің өркендеуіне үлес қосып жүрген меценаттар қатысты.
Іс-шара барысында Маңғыстаудың дамуына үлес қосқаны үшін 15 үздік меценат марапатталды.
Туған жерінде ірі әлеуметтік жобаларды іске асырғаны үшін, аз қамтылған, көп балалы жанұяларға, ата-ананың қарауынсыз қалған жетім балаларға, мүгедектерге, ҰОС ардагерлеріне, зейнеткерлерге қайтарымсыз көмек көрсеткені үшін «Жыл меценаты» номинациясымен Б.Боранбаев және А.Меңдібаев марапатталды.
Елді мекендерді абаттандыруға, демалыс бақтарды, аллеяларды, ескерткіштерді, балалар ойын алаңдарын реконструкциялауға және салуға, денсаулық сақтау, мәдениет, білім беру және спорт салаларына демеушілік көмек көрсетуге бағытталған әлеуметтік жобаларды іске асырғаны үшін «Туған өлке» номинациясы Н.Едилов, Р.Борашов және Т.Мұсаевқа табысталды.
Белсенді азаматтық ұстанымы, әртүрлі бағыттағы кең ауқымды қайырымдылық қызметті жүзеге асырғаны үшін «Жыл тұлғасы» номинациясын А.Қосуақов, Қ.Наурызмағамбетов және Т.Есенгелдина иеленді.
Әлеуметтік маңызы бар жобаларды, қайырымдылық жобаларды және акцияларды тиімді жүзеге асырғаны үшін, қайырымдылық көмек берудің жаңа тиімді түрлерін енгізгені және қоғамдық маңызы бар шараларға бас демеушілік жасағаны үшін «Жылдың үздік ұйымы» номинациясымен «НОРТ КАСПИАН ОПЕРЕЙТИНГ КОМПАНИ» («NCOC») компаниясы, «Қаражанбасмұнай» акционерлік қоғамы және «Оғыланды-Бекет ата» қоғамдық қоры марапатталды.
Волонтерлік қызметтерге белсенді қатысқаны үшін «Ерен еріктілігі» номинациясымен «Біз адамдар - Біз біргеміз» қоғамдық қоры, «Айтыман» қоғамдық қоры және О.Сейдов марапатталды.
«Жомарт жүрек» сыйлығының лауреаттарын салтанатты құттықтау рәсімі өңір өнерпаздары ұсынған мерекелік концертпен жалғасты.