100 • 20 Қараша, 2019

Әділеттің алмас қылышы

1720 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Тоқсаныншы жылға дейін «Социалистік Қазақстан» газетінде «Нүриден Мүфтахов» деген атпен фельетон жазатын әріптес ағамыз бір күні «Нүри Мүфтах» деген авторлық қолтаңбамен газет бетінде жарқ ете қалды. Оған сол кездегі өзгерістер ықпал етті. Газеттің аты да «Егеменді Қазақстан» болып өзгерді. Оның бас редакторы Шерхан Мұртазаев та ата-тегінен «ев» жұрнағын алып тастады. Басқа журналистер де сол үлгіге көшті.

Әділеттің алмас қылышы

Горбачевтің «демократиясы» да өз «жемісін» бере бастады. Бұған дейін жа­бық мекемелердің қатарынан саналатын құқық қорғау органдары жариялылыққа жол ашты. Сыни мақалалар әр басылымда жиі жарияланды. Міне, дәл осы тұста Нүри Мүфтах сот, прокуратура, тергеу істеріне қатысты журналистік зерт­теу­лер­ді үдете жазды.

«Халық Кеңесі» газетінде құқық бөлі­мі­нің меңгерушісі болып істейтін мен де Нүри Мүфтахтан сырттай үйрене жүріп, сол кісі­нің стилінде мақала жазуға тырыс­тым. Бірақ Нүрекеңнің деңгейіне жету үшін әлі алыс еді.

Сын садағын көбінесе судьяларға қарай бағыттайтынбыз. Себебі судьялар қыл­мысты дәрежелеу кезінде тергеу ізімен ке­тіп қалатын. Қателесушілік, сараптама жұ­мыс­тарына мән бермеу, куәларды, дә­лел­де­мелерді толық ескермеушілік тә­різ­­ді кемшіліктерге жиі жол беріп алатын. Ал арыз-шағымдарға журналистік зерт­­теу жүргізу барысында мұндай заң­сыз­­дықтар Нүри Мүфтақтың қырағы көзі­­нен тыс қалуы мүмкін емес еді. Қыл­мыс­­тық іс жүргізу кезінде тергеуші, судья тарапынан жіберілген олқылықтар Нүридің мақаласында егжей-тегжейлі тал­данып, газет арқылы көпшілік наза­рына ұсынылғанда, азуы алты қарыс заң­гер­лердің өзі тыпыр ете алмай қалға­ны­на талай рет куә болғанбыз. Ол жайын­да­ғы әңгіме кейінірек.

Мен Нүри Мүфтахпен алғаш рет 1992 жылы Ішкі істер министрлігінің «На страже-Сақшы» газетінде бас редак­тор­дың бірінші орынбасары болып жүрген кезім­де жүзбе-жүз кездестім.

Жұмыс аяғында бас редакторға кір­сем, ол кісінің алдында Нүри Мүф­тах отыр. Бурыл қою шашын артқа қарай тарап, қара көзілдірігін ешқа­шан шешпейтін Нүре­кең­ді баспасөз мәслихаттарында сырттай көргенім болмаса, қол алысып тұрғаным осы. Бас редактор мені таныстырды.

– Ә... Жұмабекұлы деген сен бе едің. Дұрыс бала... «Халық Кеңесіндегі» мақа­ла­ларың­ды оқығам. Осы бетіңнен тайма! – деді де, екеуара әңгімелерін жалғастыра берді. Бастығыма кейін кіретінімді мең­зеп, шығып кеттім. Дегенмен, мені біле­ті­ні­не, жазғандарымды оқитынына көңілім кө­те­рі­ліп қалды.

Тағ­дырдың жазуымен 1993 жылы «Егемен Қазақстан» газетіне қызметке ауыс­тым. Басында сектор меңгерушісі деген, жеме-жемге келгенде Ақпарат бөлі­міне аға тілші етіп қабылдады. Мұнда он сегіз жылдан бері Құқық бөлімін басқарып келе жатқан Нүри Мүфтах өз қарауында екі тілшісі бола тұра, маған кейбір хаттарды тексертіп, сын мақала жазып беруімді өтінетін.

1994 жылдың 2 шілдесінде кезекті бір іс­сапардан кейін жұмысқа шыққаным сол еді, бас редактор шақыртты. Ол кісіден естігенім – Нүри Мүфтах Шымкент облыс­тық сотының «Заң және Заман» газетіне Бас редактор болып кетіпті. Кетерінде орнына мені ұсыныпты. Бас редактордың өзі де осы ұсынысты қолдайтынын жасырмады. «Құқық бөліміндегі мүйізі қарағайдай екі жігіт тұрғанда қалай болар екен?» деп күмілжи бастағам. Мұнымды ол кісі «скром­ность» деп түсінді білем, көзімше бұй­рыққа қол қойды.

Нүрекең құқық қорғау қызмет­кер­ле­рін сынаған кезде кейіпкерінің арына, жеке басына тиіспей, кемшілікті нақты дәлел­дер­мен шырмап алатын да, соңында ешқай­сысы тыпыр ете алмайтындай етіп матап тастайтын. Соған қарамастан сы­нал­­ған адамдар журналистерді сотқа бе­ру­ді әдетке айналдырып алды. Нүри аға­­мыз да талай рет соттасқанын бүгінде көп­шілік біле бермейді.

Мұндай жағдайлар менің басымнан да талай рет өтті. «Өрімдей қыздың өлігін қорлап...» деген мақаламда жас қызды зор­лаған, сосын қинап өлтіргендерімен қой­май, денесін шіліңгір ыстықта Қызылорда қаласынан 200 шықырымдай жер­ге апарып, көмбей-ақ лақтыра салған қыл­мыскерлер сот залында жазадан құты­лып кетіпті. Арызданушылардың айтуына қарағанда, онсыз да ит пен құсқа жем болған қыздың денесін Алматы мен Қызылорда арасында сот сараптамасынан өткізу үшін қайта-қайта тасып, құқық қор­ғау­шылар марқұмның ата-анасын қасірет құр­сауы­нан шығармай отырған көрінеді. Осы істі әбден зерделегеннен кейін, қыл­мыс­қа қатыстылардың аты-жөндерін атап тұрып, шешім шығарған судьясымен қоса сынға алдым. Мақаланың айдарын «Бас прокуратураның назарына!» деп көрсет­тім. Іс бұзылып, қайта қарауға жататынын дәлел­деп бақтым. Мұны оқыған Нүрекең сол күні Шымкенттен телефон шалып, риза­шылығын білдірген.

 Көп ұзамай Медеу аудандық прокуратурасынан шақырту алдым. «Өрімдей қыздың...» деп аталатын мақаламдағы жайттарға қатысты кезінде істі қараған, шешім шығарған облыстық соттың судьясы үстімнен қылмыстық іс қозғау жөнінде прокуратураға арыз түсіріпті. Келсем, прокурор нағыз қылмыскерді ұста­ғандай жұлқынып отыр. «Судьяның шешіміне қарсы пікір айтуға қандай хақың бар? Судьяның жеке басына неге тіл тигізесің? Анау сөзді, мынау сөзді қандай дәлелдерге сүйеніп жаздың?» деп дүрсе қоя берді. Дәлелдей алмасаң, қамауға аламын дегендей ызғар танытты. Сол жерде түсініктеме жаздым. Келесі күні тағы шақырды. Шақыру жиілей түс­ті. Байқаймын, қағаздар көбейіп барады. Үстелдің бір бұрышында, сыртында «Қыл­мыстық іс» деген жазуы бар қатырма қор­жынға қараудың өзі қорқынышты. Буаз сиырдай күн са­йын бүйірі бұлтия түсуде. Іс насырға шапқанын сездім. Шым­кенттегі Нүри Мүфтахқа хабарласып, мән-жайды түсіндірдім.

– Бала, қорқатын ештеңе жоқ! – деп, мені біраз жігерлендіріп алды да, қай жер­ден қандай заңдарды, қаулыларды, ком­ментарий­лерді, тағы басқа құжаттарды қарау керек­тігін құлағыма құйды, біраз ақыл-кеңес­тер берді. Азаматтық іс болса бір сәрі, қылмыстық іс дегенің түрмеге бастар жол екені белгілі. Іштей толқып отыр­ғаным рас еді. Соны сезіп қойған Нүрекең:

– Егер іс тіпті күрделеніп бара жатса, дереу телефон шал. Барамын! Қоғамдық қорғау­шың болып іске тікелей араласамын! Ең алдымен «Егемен Қазақстан» газеті­нің намысын, беделін қорғау керек! – деді.

 Осыдан кейін ғана мойнымнан бір жүк түскендей, бойыма қайтадан күш-қай­рат құйылғандай күй кештім. Сол күш-қайраттың арқасында прокура­ту­ра­­дағы маған қатысты қозғалған істі «қыл­мыс­тық белгісі жоқ» деп, жапқызып тындым. Сосын дәл осы тақырыпқа қайта оралып, тағы сын мақала жаздым. Ақырында бастапқы сот шешімі бұзы­лып, басқа судьяның қарауына берілді. Қылмыс­кер­лер жазасын алды.

ҚазҰУ журналистика факультетінде оқы­тылатын «Құқықтық журналистика негіз­дері» атты салалық пәндегі «апел­ляциялық негізде, кассациялық негіз­де сын мақала жазу әдістері» деген қағи­даттар осы соттасу тәжірибесінен туған. Бұл әдістерді де Нүри Мүфтахтан үйрен­гем.

Қазіргі қазақ журналистикасындағы құқық тақырыбы аясында Нүри Мүфтах мекте­бі қалыптасқанын да баса айтуға тиісті­мін. Ал мұндай мектеп алыс-жақын шетел­дерде де жоқ десем, екінің бірі сене қоймауы мүмкін. Журналистика факуль­те­тіне шетелдерден келіп дәріс оқитын құқы­қтанушы оқытушылармен тәжірибе алмасу барысында бұған көзім әбден жет­кен. Бұл – жалғыз Нүри Мүфтахтың ғана емес, бүгінде 100 жылдығын тойлап жат­қан «Егемен Қазақстан» газетінің де өзін­дік мектебі екендігі рас.

Нүри Мүфтахтың артында бірнеше томға арқау болатындай шығармалары қалды. Көзі тірісінде соларды кітап етіп шы­ға­руға да қолы тимеді. «Мен кітап шы­ға­рам деп жүріп алсам, заңсыз­дықтан жапа шеккендердің құқығын кім қорғайды?» деп қолын бір-ақ сермегені де есімде.

Өзі дүниеден өткеннен кейін 2003 жылы жарық көрген кітабына алғысөз жаз­ған, сол кезеңдегі Жоғарғы Сот төрағасы Тамас Айтмұқамбетов былай депті: «Қазақстан Республикасы Жо­ғарғы Сотының төрағасы қызметінде жүр­генімде Нүрекеңмен жұмыс бабында жиі араластым. Сот шешімінің қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс деген мәселеге келген­де кез келген судьямен, тергеушімен терезесі тең сөйлесетініне талай рет куә болдым. Хат ізімен Жоғар­ғы сотқа да талай сауал жол­дап, әділ­дік­тің салтанат құруына күш сал­ған. Нүрекең екеуміз қанша жерден пікір­лес, жолдас болсақ та нақты іске келгенде ол өз принципінен таймайтын. «Ер шекіспей, бекіспейді» демекші, екеуміздің ренжіскен сәттеріміз де аз емес. Бірақ ол мұны тек жұмысқа қатысты деп білетін. Осы қасиеті мені тәнті ететін».

Нүри Мүфтах 2002 жылы 16 қараша күні, бар-жоғы 66 жасында жол апатынан қай­тыс болды. Тағы да сол арыз-шағым­дар­ды тексеріп, Алматыға қайтып келе жат­қан беті екен...

Қабір басына жиналғандардың алдында белгілі журналист ақсақал Сарбас Ақтаев мынадай қаралы сөз айтты: «Ата­ғы алты алашқа аян Ақан сері қай­тыс болғанда қазақтың тұңғыш кәсіби эко­но­ми­сі Мәмбетәлі Шөбеков: «Мың кісілік Ақан аға-ай, бір кісінің өлімімен кеттің-ау!» деп жылапты. Сол сияқты жалғыз өзі жүз журна­лиске лайық Нүри Мүфтах та бұл жал­ғаннан бір адамның өлімімен кетіп бара­ды!..»

Мен де сөйлейін деп оқталғам, бірақ ішкі дүниемді алай-дүлей еткен бір сезім сал­дарынан көз алдым бұлдыраған сағым­ға тол­ды. Мына қалпыммен ештеңе айтып жа­рыт­­пасымды білдім. Білдім де көпшілік ара­­сы­­нан ақырын сытылып шығып, тіс­тен­­ген қалпы Кеңсай қырқасында қал­қиып тұрған машинама қарай кете бар­ғам...

 

Серік ЖҰМАБЕКҰЛЫ,

ҚазҰУ журналистика факультетінің аға оқытушысы, құқықтанушы журналист