Осы тұрғыда, сабақ барысында тарихи мәліметтерге сараптама жасау, деректер мен жәдігерлерді, фактілер мен құбылыс, ұғымдарды игеру арқылы сыни тұрғыдан баға беру, бүгінгі оқиғалардың маңызын түсінуде тарихи білімді қолдану, дәйекті қорытындылар жасау дағдыларын дамыту қолға алынды. Сабақтан тыс уақытта тарихи мұраны сақтау және оны келешек ұрпаққа жеткізу мақсатында Қазақстан тарихы, Қазіргі әлемдегі Қазақстан, География, Өнер, Қазақ тілі және әдебиеті пәндерінің оқу бағдарламаларының негізінде «Туған елге тағзым» өлкетанулық-зерттеу экспедициясы, «Екі апта ауылда» әлеуметтік тәжрибесі, «100 күйдің тарихы», «Қазақ әндері», «Зияткерлік мектеп оқушысына оқуға ұсынылатын 100 кітап» және басқа да көптеген әлеуметтік жобалар дүниеге келді. Мысалы, «Туған елге тағзым» экспедициясының «Қазақстанның ежелгі қалалары» маршрутымен Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары Сарайшық, Отырар, Сауран, Сайрам, Бозоқ қалаларына саяхат жасады, археологиялық экспедицияларға қатысты. Бұл Қазақстан тарихы бағдарламасының 7-сыныбында қарастырылған «Тарихи оқиғалар мен процестердің сабақтастығын сипаттаудағы «Ұлы дала» ұғымын қолдану» мақсатына сәйкес келеді. Бұдан өзге экспедицияның айшықты маршруттарының бірі – «Семей және Жидебай өлкесі». Жоғары сыныпта Қазақ тілі және әдебиеті пәнінен Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романын бір тоқсан оқитынын ескерсек, оқушылардың экспедиция барысында Абай үйіндегі алған әсерлерімен бөліскен эсселерін оқу түрлі патриоттық сезімдерге жетелейтінін атап өткім келеді. 7 сыныптарға арналған Қазақстан тарихында «Күй, аңыз, шежіре, эпостық жырлардың тарихи дереккөзі ретіндегі маңыздылығын айқындау» бөлімі бар. Осы негізде еліміздегі 20 зияткерлік мектептің өрендері өз аймақтарына қатысты 5 күйдің тарихын зерттеу жобасын жүзеге асырып келеді. Нәтижесінде, «100 күйдің тарихы» жобасы арқылы әр аймағымыздағы орын алған оқиғалардың негізінде халқымыздың мәдени мұрасын зерттеуге қол жеткіздік. Осы арқылы еліміздің білім беру жүйесінің даму жолындағы бетбұрысты кезең – жаңартылған орта білім мазмұнының негізі қаланған уақытта біз, жас мамандар ретінде, жаңа ғасырдағы қазақ мектебінің заманауи мазмұнын қалыптастыруға үлес қосып келеміз.
Өз кезегінде Назарбаев зияткерлік мектептерінің гуманитарлық бағыттағы Қазақстан тарихы, Қазіргі әлемдегі Қазақстан, География, Өнер, Қазақ тілі және әдебиеті, Орыс тілі және әдебиеті, Дүниежүзі тарихы пәндеріндегі контенттің тәрбиелік компонентін және аталған пәндердегі аймақтық ерекшеліктердің ескерілуін зерделеген сараптамалық топтың мүшелері – Назарбаев зияткерлік мектептерін дамыту департаменті директорының орынбасары, магистр Аида Ағаділ, Орал қаласындағы зияткерлік мектебі директорының орынбасары, қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалім-модераторы Эльвира Айдыналиева, Талдықорған қаласындағы зияткерлік мектебі директорының орынбасары, тарих пәнінің мұғалім-эксперті Роза Битаева, Павлодар қаласындағы зияткерлік мектебінің тарих пәнінің мұғалімі, магистр Нұрболат Темиров, Өскемен қаласындағы зияткерлік мектебі директорының орынбасары, мұғалім-эксперт Гүлшат Мұхтарханова секілді әріптестерімізбен NIS programme бағдарламасы аясында тәрбие саласындағы гуманитарлық технологиялардың маңызын сараптадық.
Білімнің дамуы – бүгінгі адамзат өркениетінің өлшемі, қоғам дамуының басты көрсеткіші болып қала береді. Қазіргі қоғам мен оның аса шапшаң өмір ырғағы үнемі жетіліп, жаңарып отыруды талап етеді. Білім жүйесінің негізгі міндеті – ғаламдық бәсекеге қабілетті, білімді ұрпақ қалыптастыру.
Тәуелсіздікке қол жеткізіп, мемлекетіміздің стратегиялық бағыттары анықталған сәтте Тұңғыш Президент – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев білім саласының басымдығын көтеріп, халқымыздың интеллектуалды дамуының басты діңгегін білім мен ғылым деп айқындады. Атап айту керек, қазақстандық білім беру осы бастамалардың аясында бұрын-соңды көрмеген, қарқынды ілгерілеу кезеңіне аяқ басты. Ғаламдық инновациялық толқындар күші халқымыз бен қоғам өмірінің ырғағын лезде өзгертуде. Бүгінгі таңда оқу, үздіксіз оқу, білімді жетілдіру адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Білім саласын жаңартуға арналған ұлттық жоба құрамында, мектептегі оқу бағдарламасының ұлттық мазмұнына көптеген педагогикалық қызметкерлер мен ғалымдардың өлшеусіз еңбегіне негізделген қолтаңба бар екендігін атап өтемін.
Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА,
Алматы қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры,
PhD докторы