Халқының ақыл-аузы, арқан-қазығындай, ғасырлық ойдың өлшеусіз қорындай, дәуірдің даусындай, заманның абызындай «Егемен Қазақстанның» түу бастағы ізашар бастамашысы «Ұшқын» газетінің 1-ші нөміріндегі «Оқушыларға» дейтін Бас мақалада ғайыптан естілгендей «қазаққа толық билік берілген», келешектің кепіліндей «ел – ел болар, ел – бір болар, ел – берекетті болар» дейтін ұлы жолға үндейтін, ұлы көшке ілестіретін гүлденіп-өркендеуге нұсқа боларлық қымбат лебіз бар. Сондай-ақ «жас иіс, жаңа талап» жауқазындай «Ұшқынға» деген Бернияздың уыздай тілегінде:
Бұл «Ұшқыннан» еркін жоспар табарсың,
Ен далаға ерінбестен барарсың.
Ұлды ерікті, жерді сәулелендіріп,
Ел ошағы ортасында жанарсың – дей келіп, «Алты Алаштың қызыл туын қолыңа ал!», «Оймен ақыл, қолмен қуат берерміз», қайткен күнде де «Елге ерік, жерге көрік» әпереміз деп түп-негізгі мақсатын мәлімдейді.
Шын мәнісінде, 5 томдық «Жүз жылдық жылнама» басылымы – қаһарман халқымыздың, байтақ еліміздің, бейнетқор ұлтымыздың, сайыпқыран тұлғаларымыздың, рухани құндылықтарымыздың тарихынан телегей теңіз сыр толғайды. Бұл энциклопедиялық сипаттағы шығармада қазақ жұртын қалай басқару, оның территориясының аумағы, Ресеймен арасы, жер-су игіліктерін халық кәдесіне жарату, шаруа-кәсіп, мал бағу, егін өсіру, қазақ жастарының жайы, Алаш қайраткерлерінің елшілдік-мемлекетшілдік істері, ұлт мәдениеті мен тарихы, Қазақ Республикасының құқығы туралы Декларация, білім беру ісі, саясат, әскер, сот, әкімдік, қазақ тілі, неке, жәрмеңке, жазу таңбалар мәнісі жөніндегі тарихи деректер толық көрініс тауып, байыпты баяндалған. Мұның баршасы – мемлекетіміздің шежіресі, жүріп өткен жолымыздың тиянақты баяны.
Мұнда тарихи, танымдық мәні айрықша, мысалы, Танабұғаның «Қостанай үйезі» («Ұшқын», 1920 жыл, №19) дейтін жазбасында Қазақ Үкіметінің мүшесі Ахмет Байтұрсынұлының (делегация құрамында Мұхаметжан Сералин, Ысқақ Бекентаев, Құрманғали Байғозин бар) Россия Атқару комитеті Президиумы 1919 жылғы 27 тамызындағы «Қостанай үйезі Челябі гүбірнесіне қосылады» дейтін шешіміне сәйкес «Челябі хакімдерімен жүздесіп-тілдесіп, «қорлықта болған халықтардың өз билігі өзінде болуы» керектігін дәлелдеп, «Қостанайдың қазақ жұмһұриятынан айырыла алмайтыны – Қостанай үйезіне қараған елдің Торғай облысының былайғы үйездерімен һәм Сырдария облысына қараған елмен шаруасы аралас. Бұлардың Қостанайсыз күн көруі мүмкін емес дерлік: бұлар Қостанай үйезінің жеріне жаз жайлауға көшіп келеді; Қостанай үйезінің мал баққан шаруалары қыс Ырғыз, Торғай, Ақмешіт үйездеріне жылқысын айдап апарып бағады; бұл үш үйез елдің қашаннан бері асап, ішіп отырғаны Қостанай үйезінің астығы». Мінеки, ұлт көсемі Ахаңның темірқазық ойы осылайша көрсетілген. Әрине Челябі хакімдері де аюша алысқан сыңайлы. Соған орай қазақтың қасиетті жерінің бір бөлшегін жат елдің босағасына байлап беру де жөн емес.
«Қостанай үйезі» мақаласында («Ұшқын», 1920 жыл, № 24-25, авторы Бақылаушы) осы аталмыш үйездегі киіз туырлықты қазақтардың тұрмыс-тіршілігі, шаруа-кәсібі, өңірдің жерасты байлығы, топырағы, өзен-көлдері, шипалы сулары, егіндігі, пішендігі, өсімдігі сипатталады.
Айтулы басылымға енген «Өзін өзі билеуші қазақтың құрдастық негізінде құрылған кеңестік жұмһұрияты хақында, шығарылған декретте» (қол қойғандар төбебилер М.Калинин, В.Ульянов және хатшы Енукидза) Ақмола, Семей облыстары «қазақтың кіндік мекемелері сайланғанша» «Сібір ревкомының қарауында бола тұрады» деп жазылған. Бұ да Қазақ Республикасының мүддесін қорғағандықтан туған сара пікір.
Сонымен қатар «қазақ жұмһұрияты жұртының тіршілік рухын көтеру мақсұтында» көптің «зейінін, шеберлігін арттырғандарға» алуан түрлі бәйге ұйымдастырылсын, қазақтың білімге ынтызар жұмысшыларының «шеберлік ғылымын үйренуі бір үлкен дәрежелі іс болып саналсын», қазақ баласының негізгі кәсібі мал бағу екендіктен, сан алуан кәсіпшілік түрлерін жетілдіру, дамыту қажет. Атап айтқанда, тері-былғары, жүн-тоқыма кәсіптері, көпір салу, құдықшылық өнерді гүлдендіру, ат-арба көлігін көбейту... «Каспий теңізінде һәм басқа қазақ жұмһұриятындағы өзендерде су жолын түзету һәм гүлдендіру тиіс». («Қазақтың социализм негізінде құрылған совет жұмһұриятында шаруа түзеу хақында жасалған қаулы»).
«Ұлы жиын» дейтін мақалада («Ұшқын», 1920 жыл, № 33, жазған А.Б.) 1920 жылдың 4 қазанында Орынбор шаһарында жаңа туған «Қазақ Республикасының» 1-ші ұлы салтанатты жиыны өткені хабарланған.
«Жүз жылдық жылнамада» тарихи-этнографиялық, мәдени-дүниетанымдық, тілдік-көркемдік, стилистикалық-философиялық, этимологиялық-семантикалық сипаттары мен мән-мазмұны айрықша «Ғылым, әдебиет майданынан» («Еңбекшіл қазақ», 1923, № 105), «Қазақша жазу жайы» («Еңбекшіл қазақ», 1924, №159, 161), Жүсіпбектің «Жазу таңбаларымызды азайту туралы жоба» («Еңбекшіл қазақ», 1924, №178-179) және «Жазу мәселесі туралы соңғы сөз» («Еңбекшіл қазақ», 1924, №208-209), Міржақып Дулатұлының «Қазақ-қырғыз тарихы туралы өтініш хат» («Еңбекші қазақ», 1923, №80), «Үкімет істері» («Еңбекші қазақ», 1923, №141) атты мақалаларының мән-мазмұны қай уақытта болмасын құнды.
«Еңбек туының» 1920 жылғы нөмірлерінде жастарға байланысты біраз көкейкесті ой-пікірлер өрбітілген. Солардың бірі Смағұлдың «Көтеріл, жастар!» дейтін байыптамасында: «Ұлттың ісін, елдің жұмысын кім атқарады? Еңбекшілердің кім ақылшысы болып, кім оларға жолбасшылық етеді?
Жастар, жастар, жастар. Бұлардан басқа ешкімге сенім, ешкімнен үміт жоқ» деп, дауылпазша үн қатқан. Ол сонымен бірге оғыландарға ақыл, білім, ақ жүрек, адал да таза ниет керектігін, «Болашақтың қожасы – жастар» болатындығын әулиеше түсіндірген.
Жалынды ой, жарқын сөз, ұлттық сана, жаңа рух көріністері Жүсіпбек Аймауытовтың «Жастар кім?» дейтін мақаласында былайша өрнектелген: «Біздің жас ақ жүрек, біздің жаста екпін бар, ерлік бар, қиын-қыстау жерлерде басын байлап, өлімге, оқ астына баратын жастар ғана болатын. Қайнаған қан, кіршіксіз жан, намыс-жігер жаста бар. Кешегі өткен Сұлтанмахмұт жас біткенге бас еді. Ақжүректік, әділдік, турашылдық, ерлік те Махмұт сынды жігітті қай дұшпаны кемітер. Жастың басшысы, пайғамбары – Сұлтанмахмұт, оның адамшылығы кәміл. Жастар соның жолында: «Міне, жас буын» деп осындай жастарды айтамыз». Мінеки, хас суреткер Жүсіпбек Сұлтанмахмұттың тұлғасын кемел де келісті ғып жеткізген екен.
Сол бір жылдарда қазақ жастарының рухани жетілуіне, білім алуына мол мүмкіндік те болғандай. Бұған дәлел – Қазақ АКСР Халық Комиссарлары Кеңесі (төрағасы Сәкен Сейфуллин) 1923-1924 оқу жылында Қазақ Республикасы ішіндегі жоғары дәрежелі мектептер студенттеріне – 740 мемлекеттік стипендия, республика сыртындағы студенттерге – 400 үкіметтік стипендия беруді жоспарлаған.
Замана-мұхит құбылнамасындай «Жүз жылдық жылнамада» жинақталған, жүйеленген материалдардың ішінде ұлт келешегіне, мемлекет тіліне байланысты Сәкен Сейфуллиннің «Қазақты «қазақ» дейік, қатені түзетейік» («Еңбекшіл қазақ», 1923, №66), «Кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізу керек» («Еңбекшіл қазақ», 1923, №100), «Кеңселерде істі қазақ тілінде жүргізуге кірісу керек» («Еңбекшіл қазақ», 1923, №105), «Не қылдыңдар?» («Еңбекшіл қазақ», 1923, №118), «Ашық хат. Қазақ тілін мекемелерде жүргізу туралы» («Еңбекшіл қазақ», 1924, №18) дейтін мақалаларында ұлттық рух, мемлекеттік сана, халық тілі мен көзқарасы айқын зерделенген. Айталық, «ылғи қазақ тілінде жазып отыруы керек», «Сол себепті орысша жазу дұрыс деген сөзді тастау керек», «Енді қазақша хат білетін кісілер бағалырақ болу керек», «Қазақ тілін сіздер төменнен жоғары қарай жүргізіңіздер. Біз жоғарыдан төмен қарай жүргізейік!» дейтін асыл ой-тұжырымдары ХХІ ғасырдың ішінде де өзекті. Бүгінгі таңда ЖОО-ларда іс қағаздарының дені орыс тілінде екендігі ақиқат. Ал С.Сейфуллиннің бұлайша дабыл қағуы – қазақ тілінде мыңжылдықтардың тарихы мен ұлттың дүниетанымы бедерленгенін және өркениеттің тілі екендігін жүйрік түсінген. Сондықтан да «Тіл жанашыры» дейтін құрметті атақ Сәкен атында болу керек. Қайраткердің ұшан-теңіз еңбегі осылайша ардақталуға лайықты.
«Жүз жылдық жылнамада» қазақ жұртына Жаратқан Иенің жомарттықпен сыйлаған байлығы жөнінде мейлінше бағалы мәліметтер бар. Осы ретте «Қазақстанның Арал теңізіндегі балық шаруасы» («Еңбекшіл қазақ», 1925, №328, авторы Балықшы) дейтін танымдық мақалада қаншама тарихи деректер келтірілген. Соларды сөйлетейік: 1874 жылдан бастап Жайықтың казак-орыстары балық аулай бастаған. 1925 жылы 300 мың пұт балық ұсталған. 1911-1912 жылдарда Балтық, Азов, Қара теңіздерден балықшылар шегірткеше қаптаған.
1916 жылы 2 млн 500 мың пұт балық өндірілген. Қойны қазына Арал теңізінде балықтардың нешеме асылдары – қызыл балық, құртия, шоқыр, табан, сазан, көксерке, қаракөз, жайын (салмағы 12 пұтқа шейін) бар. Не деген ырыздық! Қазақтың көл-көсір несібесі жат қолында, өзгенің билігінде.
«Жүз жылдық жылнаманы» ой-парасат таразысына салып, байыппен парақтасаңыз қала тарихына, отырықшылыққа, кәсіпшілікке, Шығыстың классикалық әдебиетіне, халықаралық саясатқа, өнер-білім, ғылымға, шежіретануға, театр өнеріне, ақыл-білім, қиял-сезім, тіл, рух байлығына кемел ел әдебиеті үлгілерін жинауға, газет тіліне, ұлттық терминологияға, оқулықтар жазу, көркем аударма мәселесіне орай жазылған материалдар жеткілікті. Айталық Ж.Аймауытовтың «Асыл қазына жиналса екен», С.Мұқановтың «Қазақ өлеңі туралы», Тұрар Рысқұловтың «1916 жылғы қазақ, қара қырғыз көтерілісі», Ілияс Қабылұлының «Абай және оның пәлсапасы туралы», Әуелбек Қоңыратбаевтың «Шахнама және оның аудармасы туралы», Шәрәпи Әлжановтың «Балалар әдебиеті туралы», Есмағамбет Смайыловтың «Сәкен және қазақ поэзиясы», А.Затаевичтің «Қазақ әндері», Санжар Асфендияровтың «Қазақ», Б.Герттің «Ленинград опера театрының әртісі «Қазақ әншілері туралы», Шығанақ Берсиевтің «Менің тәжірибем» және т.с.с.
Бұларда ұлт руханияты тарихын зерделеуге мол мүмкіндік беретін деректер барын айтқан дұрыс. А.Затаевич француз қайраткері Ромен Ролланның «Ақсақ құлан» күйінің сыр-сезім байлығына қайран қалғанын әңгімелей келіп, оның «қазақ даласын гүлдендірген бұл тамаша мелодиялардың маған жат емес екенін, мелодиялар Еуропаның бұрынғы халық музыкасына ағайын көріп таңғалдым» дегенін мақаласында жазыпты.
Ромен Роллан пікірінің жаны бар. Бір заманда Еуропа төрінде ғұн мемлекетін құрған ұлы қолбасшы Аттила заманының рухани-мәдени өмірін елестеткендей. «Ұшқын» газетінің 1-ші санында Басқарманың атынан: «Кімде-кімнің де тілегі – елдің ел болуы, елдің бір болуы, елдің берекетті болуы», деген елдік мұрат пен асыл тілек білдірілген-ді. Осынау жүрекжарды буырқанған патриоттық қуат пен рухты, көсем пікірлі ойды Екінші дүниежүзілік соғысы тұсындағы, яғни 1941-1945 жылдардағы нөмірлеріндегі жарияланымдардан мейлінше айқын тануға болады. Халық аманатын майдан сахнасына естірткен «Қазақ халқының майдандағы қазақ жауынгерлеріне хаты» (1943 жыл, 7 ақпан) қаһармандық рухтың, халықтық қағидаттың, ұлттық ар-намыстың, ізгілік пен даналықтың жанартауы десе болғандай. Қазақ елі атынан:
Бақыт, дәулет орнаса, ырыс қонады,
Ынтымағы еліңнің дұрыс болады.
Ұлың жауынгер болады,
Қызың қырағы болады.
Ағайын қоғам болады,
Бірі оған болса,
Бірі бұған болады.
Топтанып жау қашырады –
деп айтылған нақылдар ұрыс даласындағы жасындай жарқылдаған болат топшы мұзбалақтарын жігерлендіреді, сонымен қатар ел тарихындағы баһадүрлерін үлгі етеді, «атқан оғыңның, сілтеген найзаңның мүлт кетпеуін» тілейді.
Ұлт мәдениеті тарихындағы ірі оқиға – 1943 жылы Алматыда 1-ші республикалық ақындар айтысы ұйымдастырылған-ды. Сондағы салтанатты мәслихатта ұлы Жамбыл бастаған жыршы-ақындардың алдында Сәбит Мұқанов «Селдет жырды, ақындар!» деген тақырыпта өлеңмен баяндама жасаған екен. Сондай-ақ халық ақындарының айтыстары толық күйінде «СҚ» да жарық көрген-ді. Негізінде айтыстың түпкі мақсаты – халық рухы мен майдангерлердің ерлік ісін еселендіру.
Жылнамада оқырманның көркемдік-философиялық көзқарасын, таным-білігін тереңдететін Мәлік Ғабдуллиннің, Баубек Бұлқышевтің, Бауыржан Момышұлының, Павел Кузнецовтың, Қалибек Қуанышбаевтың, Ахмет Жұбановтың, Халел Әділгереевтің, Қуан Лекеровтің, Асқар Тоқмағамбетовтің, Жұбан Молдағалиевтің, Мұқан Иманжановтың, Ілияс Омаровтың материалдары ұлттық-рухани құндылықтарымен бағалы.
Жинақтай айтқанда, 5 томдық «Жүз жылдық жылнама» ғасырдың үні де, тілі де, бейнетқор халықтың, сәулетті заманның шежіресі де.
Ұлттың ұлы тілегі де, тәуелсіздіктің тірегі де, отандық журналистиканың төлқұжаты да «Егемен Қазақстан!».
Серік НЕГИМОВ,
филология ғылымдарының докторы, профессор