Иә, таралым – газет біткеннің «тағдырын» шешетін бірден-бір негізгі фактор екендігін мойындасақ, онда интернетпен иық тіресе «жағаласып» күн кешіп жатқан «жанкешті» басылымдардың бүгінгі жай-күйін айтпай-ақ ұғынғандай боласыз.
Нарықта өндірілген кез келген тауар секілді газеттің де ғұмыры оның сатылымы мен таралымына тікелей байланысты. «Әр дәуірдің өз газеті болатыны сияқты, сол басылымдардың да өз оқырманы қосақтала туылатыны тағы бар», дейді біз үлгі тұтқан үлкен буын.
Ғибратты оймен астасқан ғақлия сөздің басылымы өзінің ғасырлық ғұмырында оқырманнан кенде болып көрген емес. Айтылған сөзі алашының құлағына анық жетіп жатты. Бұл газет шығару миссиясындағы басты мақсаттың орындалғандығын аңғартса керек. Өтіміз жарылып кетсе де, мына нәрсені мойындауға тиіспіз, қазақ баспасөзі тек қазақ оқырманына ғана қарыздар! Сондықтан біз үшін ойлы оқырманның орны бөлек. Олардан асқан олжа бола қоймас...
Ұлтына ұлағатты сөз ұсынған «Ұшқынның» заңды мұрагері болып есептелетін «Егеменнің» жүріп өткен жүз жылдық жолы – қатпарлы қазақ тарихының тасқа қашалған шынайы шежіресі. Парақтаған сайын парасат пен пайым төгіліп түсетін ескі газеттерден әр жылдардың есебін алып көрдік. Талай жылдардың табы сіңген тігінділерден әр он жыл сайынғы оқырман санын нақтылауға тырыстық.
Соның барысында 500 ғана таралыммен таралған басылымның бірте-бірте оқырманы қосылып, танымалдығының арта түскенін анықтадық. Әйтпесе араға он жыл салғанда, яғни 1929 жылы газет тиражы 10 мыңның үстіне шығар ма еді. Содан әрі таралымда тек өсу процесі байқалады. Газет 1939 жылы – 57 мың дана, 1949 жылы – 65 мың дана, ал 1959 жылы – 88 мың данамен жарыққа шығып отырыпты. Басына бақ қонған басылым «жүзмыңыншы» оқырманынан 1969 жылдың өзінде-ақ сүйінші сұрап үлгерген. Тіпті, сол жылғы таралым 130 мыңнан да асып жығылыпты. Одан кейінгі онжылдықтарда да тұрақты өсу тіркелген. Мәселен, 1979 жылы оқырман саны 143 мыңға жетіпті. Ұлт жанашырына айналып, айрандай ұйыған газет ұжымы «екіжүзмыңдық» межені егемендіктің елең-алаңында-ақ еңсерген болып шықты. Бұл – 1989 жыл болатын. Тек тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ғана оқырман қарасы сәл ортайыңқыраған. Қаржылық қиыншылық қыспаққа алған, оның үстіне газет редакциясы Арқаға қоныс аударып, астан-кестен болып жатқан 1999 жылы «ел газетінің» оқырманы 50 мыңның айналасына ғана шоғырланыпты. Тағы бір онжылдықты артқа тастағанда (2009 жылы) қазақ баспасөзінің қарашаңырағы саналатын басылымның таралымы 150395 данаға дейін өскен. Таралымның ең шарықтаған жылы – ол 2016 жыл екен. Бұл жылғы таралым – 210932 дана. Ал жүз жылдық мерейтойын атап өткелі отырған іргелі ұжымның биылғы «табысы» – 193070 дана.
Міне, «екі жүз мыңның» айналасында тұрақты оқырманы бар «Егеменнің» ендігі жерде екінші тынысы ашылғандай. Ол – газеттің сайттағы нұсқасы еді. Бояу иісі бұрқыраған басылымды қолға алып оқымаса да, бедер-бейнесі бөлекше газетті әркім үйі мен жұмысынан шықпай-ақ, тіпті, шетелде жүріп те телефонымен «аударып-төңкеріп» ақтара беретін заман туды.
2005 жылдың соңын ала «egemen.kz» домені бойынша тіркелген интернет-порталдың да игілігін көріп жатқан исі қазақ баласы жетерлік. Әу баста күніне 300 қаралыммен ғана басталған виртуальды газет жұмысы бүгінде бар жақсысын 10 мыңның үстіндегі пайдаланушысымен күнделікті бөлісіп отыр. Интернеттегі жұмыс басталған жылғы қаралым – 18 мың адамды құраса, 2018 жылы бұл көрсеткіш – 3844122 адамға жеткен. Ал «Google.analytics»-тің берген мәліметтері бойынша биылғы жылдың қарашасына дейінгі сайтқа кірген оқырман саны 3490331-ге жетіп жығылды. Міне, газеттен бөлек, «Егеменнің» интернеттегі «игілігіне» осыншама пайдаланушы ортақтасып отыр. Тәңір тілеуімізді берсе, келер жылға дейін 4 миллионға да таяйтын түріміз бар. Бұл – ұлттық мүдде жолында ұйысқан ұжымның ортақ жеңісі.
Бұқарасына бедерлі сөз бере алған басылымның ғана бәсі биік болатыны бесенеден белгілі. Елдіктің үні «Егеменнің» ендігі жерде де бағындырар биігі еңсегей болғай! Қасиет қонған қастерлі қара шаңырақтың ойлы оқырманы әсте ортаймасын деп тілейік. Барша қазақтың «көзі, құлағы һәм тілі» бола білген газеттің айтары анық, бояуы қанық болсын!
Амангелді ҚИЯС,
«Egemen Qazaqstan»