Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Үсен Сүлейменнің төрағалығымен «Қазақстан инклюзивті қоғам қалыптастыру жолында» тақырыбында өткен жиынға Парламент депутаттары Айгүл Қапбарова мен Динар Нөкетаева, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова, мүдделі мемлекеттік органдарының мүгедектігі бар адамдарға көмек көрсету саласында жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Басқосу 2015 жылы ратификацияланған БҰҰ-ның мүгедектер құқықтары туралы Конвенциясының ережелеріне қол жеткізудегі прогресті бағалаудың тәуелсіз мониторингтік тетігін елімізге енгізу мүмкіндігін талқылауға бағытталды. Бұған дейін бақылау тетігін құру Конвенцияның 33-2-бабында көзделген, алайда халықаралық шарттың ратификацияланған сәтінен бастап Қазақстанда осы тетіктің қандай болуы тиіс екендігі бойынша жан-жақты пікір алмасу өтпеген болатын.
Дөңгелек үстел барысында Конвенцияға сәйкес бақылау тетігінің Адам құқықтары жөніндегі уәкіл кеңсесі жанындағы мониторингтік механизм және жеке ұлттық мониторингтік палатаны құру сияқты екі нұсқасы ұсынылды. Қатысушылар аталған нұсқаны да, сондай-ақ адам құқықтарын қорғау мен көтермелеумен айналысатын ұлттық мекемелердің мәртебесі мен жұмыс істеуіне қатысты Париж қағидаттарына жауап беретін қосымша нұсқаларын да мұқият зерделеу қажеттігін айтты.
«Конституцияда бекітілгендей, адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекетіміздің қазынасы. «Қазақстан-2050» Стратегиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әлеуметтік кепілдіктер мен жеке жауапкершілік әлеуметтік саясаттың жаңа принциптері екенін және мемлекет осы мұқтаждарға әлеуметтік қолдау көрсетілуі тиіс екендігін атап өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында: «Біз ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін тең мүмкіндіктер жасауға міндеттіміз» деген болатын. Соңғы кездері, әрине қоғамымызда инклюзивті қоғам, инклюзивті білім беру, инклюзивті экономика сияқты ұғымдар көп қолданылып жүр. «Инклюзив» сөзінің терминдік мағынасы – «ішке тарту» деген мағынаны білдіреді. Қазақта «іш тарту» деген ұғым бар. Алайда, біздің халық этно-психологиялық, этно-гендік, ізгілік, адамгершілік тәжірибесіне сәйкес, бала ерекшелікпен, не кемтар болып дүниеге келсе, оған Нышангүл, Қалдыгүл, Елемес деген сияқты есімдер берген. Мұның өзі қазақ даласында инклюзив ұғымының бар екендігін білдіреді», деді депутат Айгүл Қапбарова.
Депутат «Мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Заңға өзгерістер енгізілгенін, бұл өзгерістер әлеуметтік және көлік инфрақұрылымының қолжетімділігін қамтамасыз етуге, әлеуметтік саладағы қызметтерді жетілдіруге, жұмысқа орналасу үшін жағдай жасауға, ақпаратқа қол жеткізуге, құқықтық көмекті жетілдіруге, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдардың шығармашылығын қолдауға бағытталғанын айтты.
Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Үсен Сүлейменнің айтуынша, елімізде 690 мың мүгедек адам тұрады. Бұл республика халқының 3,8 пайызын құрайды. Қазақстан 2017 жылдың мамырында БҰҰ-ның Мүгедектер құқығы жөніндегі комитетіне Мүгедектердің құқықтарын қорғау туралы БҰҰ конвенциясының орындалуы жөніндегі бірінші Ұлттық баяндамасын ұсынғанын еске салған ол: «біз комитет мүшелерімен жақын аралықта оны талқылау мүмкіндігін күтіп отырмыз. Женевада баяндаманы қорғау күнін комитет әлі белгілеген жоқ. Таяуда уақыты анықталады деген үмітіміз бар», деді.
Талқылауға Халықаралық сарапшылар ретінде БҰҰ Мүгедектер құқықтары жөніндегі комитетінің мүшесі Маркус Шефер және Финляндиядан келген үкіметтік емес ұйымның басшысы Туомас Тууре қатысты. Сондай-ақ жиынға ЕҚЫҰ, БҰҰ ДБ, БҰҰ АҚЖКБ, Сорос қорының және Қазақстандағы АҚШ елшілігінің өкілдері келді. Өз кезегінде Қазақстандағы АҚШ елшісінің орынбасары Теодор Линг: «жұртшылықтың мүгедектігі бар азаматтардың қоғамға әсері мен ықпалы туралы көзқарастарын қатаң заңдар арқылы өзгерте аламыз», деді.
Іс-шара «Шырақ» мүгедек әйелдер ассоциациясы» ҚБ-мен бірлесіп ұйымдастырылды.