Қараша айының 17-сі шала туған сәбилерге арналған халықаралық күн болса, 20-сы педиатр дәрігерлердің өздеріне арналған мереке. Осы екі атаулы күнге орай арнайы акция өткізіп, әр өңірден келген балаларды тегін тексеріп, кеңес берген «UMC» корпоративтік қорының Педиатрия департаменті денсаулығын жан-жақты қарап, терең зерттеуді қажет ететін балаларға айрықша назар аударды. Сөйтіп стационарлық емді қажет ететін балаларға тұрғылықты жері бойынша жоспарлы ем алуға ұсынымдар жасап, ал дерті ауырларын «UMC» корпоративтік қорының Ана мен бала орталығында тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында стационарлық ем алуға, оның ішінде оперативті және консервативті ем қабылдауға жолдамалар берді.
Nur Otan партиясы Нұр-Сұлтан қалалық филиалы «Өркениет» филиалымен бірлесе «Бақытты отбасы» жобасын іске асыру аясында өткізген акция мүмкіндігін пайдаланып сәбилерін тегін көрсетіп алуға келген ата-аналардың қатары көп екен.
«UMC» корпоративтік қорының Педиатрия департаменті директорының амбулатория жөніндегі орынбасары Лилия Хасанова: «Біздің педиатрия орталығына биыл 5 жыл толып отыр. Бір кездері медициналық ЖОО-ларда педиатрия факультеттері жабылып, балалар дәрігерлеріне деген қамқорлықтың азайған тұсы болған. Қазір бәрі орнына келді, негізінен болашағын ойлаған қай мемлекет те балалардың денсаулығына зер салады. Елімізде бүгінде жеткіншектердің денсаулығына назар аударып, терең диагностикалық зерттеулер жүргізіп, әрі қарай сапалы емдей алатын мүмкіндігі мол іргелі клиникалардың болуы мемлекет тарапынан бұл салаға қаншалықты көңіл бөлінетінін көрсетеді. 5 жыл ішінде 195 мың балаға консультация беріліп, оның 5 мыңы квота бойынша тегін қаралып, емделді. Олардың ішінде аса күрделі дерті бар балалар мен сирек кездесетін орфанды ауруға ұшырағандар болды» дейді.
Nur Otan партиясы Нұр-Сұлтан қалалық филиалы медицина мекемелерінің басын құрайтын «Өркениет» филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мәрия Өтепбаеваның айтуынша, партияның бастамасымен өткен бұл акция мұндай шаралардың алғашқысы да, соңғысы да емес. Бұған дейін «25 қайырымды іс», «Мейірім сыйла», «Бақытты балалық шақ», «Астана – рухы мықты жандар қаласы» сынды әлеуметтік жобалар аясында еліміздің барлық өңірінен келген балаларға консультативтік-диагностикалық тексерулер өткізіліп, көп балалы, тұрмысы төмен отбасылардан шыққан балаларға тегін көмек көрсетілген екен. Биылғы 9 айдың ішінде партияға келіп түскен 54 өтініштің барлығы бойынша оң шешім қабылданып, пациенттерге квота бөлінгенін айтқан Мәрия Мұхтарқызы: «Қазір әсіресе әлеуметтік желілерде дәрігерлер атына жақсы сөздер кездестіру сирек. Сәл бір кем соққан жерді жазса, алаулатып-жалаулатып, балағаттап, дәрігер атаулыдан бездіретін түсінік қалыптастырады. Ал шын мәнінде медицина қызметкерлерінің еңбегі ұшан-теңіз, күрделі операциялар жасалып жатыр, адам өміріне араша түсіп, талай жанның тынысы тоқтамай, тіршілігін әрі қарай жалғастыруда. Дәрігер болмасам да, партиялық қызметімде медицинаға жақын жүргендіктен ақ желеңді жандардың еңбегін білемін. Сондықтан қоғамда дәрігер атаулыға теріс пікір тудыру болашақта жастардың дәрігер мамандығын таңдаудан теріс айналуына себеп бола ма деп ойлаймын» деген пікірімен бөлісті.
Осы тұста «UMC» корпоративтік қорының Педиатрия департаментінде еңбек ететін дәрігерлердің пациенттерге жоғары білікті көмек көрсетудегі жинаған тәжірибелері мол әрі оны балалар денсаулығын дұрыстау жолында диагностикадағы және емдеудің ұлттық клиникалық стандарттарын әзірлеуге жұмсап, сонымен бірге ел аймақтарындағы медицина мекемелерінің балалар арасында өлім-жітімді азайтуға бағытталған жұмыстарына ұдайы ұйымдастыру-әдістемелік көмек көрсетумен келе жатқанын айта кеткен жөн. Оған қоса резидентура және қосымша медициналық білім беру бағдарламалары бойынша жоғары білікті мамандар даярлау ісіне де атсалысады.