Медицина • 25 Қараша, 2019

Дені сау бала – ұлт байлығы

406 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

20 қараша – Халықаралық педиатрлар күні. «UMC» корпоративтік қорының Педиатрия департаментінде осыған орай 18 жасқа дейінгі балаларға арналған Ашық есік күні өтті.

Дені сау бала – ұлт байлығы

Қараша айының 17-сі шала туған сәбилерге арналған халық­ара­лық күн болса, 20-сы педиатр дәрігерлердің өздеріне ар­налған мереке. Осы екі атаулы күн­ге орай арнайы акция өткізіп, әр өңір­ден келген балаларды те­гін тексеріп, кеңес берген «UMC» корпоративтік қорының Пе­диатрия департаменті ден­саулығын жан-жақты қарап, те­рең зерттеуді қажет ететін ба­лаларға айрықша назар аудар­ды. Сөйтіп стационарлық емді қа­жет ететін балаларға тұр­ғы­лықты жері бойынша жос­парлы ем алуға ұсынымдар жа­сап, ал дерті ауырларын «UMC» кор­­поративтік қорының Ана мен бала орталығында те­гін ме­ди­циналық көмектің кепіл­дік берілген көлемі аясын­да ста­цио­нарлық ем алуға, оның ішінде опе­ративті және консервативті ем қабылдауға жолдамалар берді.

Nur Otan партиясы Нұр-Сұл­тан қалалық филиалы «Өр­кениет» филиалымен бірлесе «Ба­қытты отбасы» жобасын іске асыру аясында өткізген ак­ция мүмкіндігін пайдаланып сәби­лерін тегін көрсетіп алуға келген ата-аналардың қатары көп екен.

«UMC» корпоративтік қоры­ның Педиатрия департаменті ди­ректорының амбулатория жө­ніндегі орынбасары Ли­лия Хасанова: «Біздің педиа­трия орталығына биыл 5 жыл толып отыр. Бір кездері меди­ци­налық ЖОО-ларда педиатрия факуль­теттері жабылып, бала­лар дә­рігерлеріне деген қам­қорлықтың азайған тұсы болған. Қазір бәрі орнына келді, негізінен бола­шағын ойлаған қай мемлекет те балалардың денсаулығына зер салады. Елімізде бүгінде жеткіншектердің денсаулығына назар аударып, терең диаг­нос­тикалық зерттеулер жүргізіп, әрі қарай сапалы емдей алатын мүм­кіндігі мол іргелі клиникалардың бо­луы мемлекет тарапынан бұл салаға қаншалықты көңіл бөлінетінін көрсетеді. 5 жыл ішінде 195 мың балаға консультация беріліп, оның 5 мыңы кво­та бойынша тегін қаралып, емделді. Олардың ішінде аса күр­делі дерті бар балалар мен сирек кездесетін орфанды ауруға ұшырағандар болды» дейді.

Nur Otan партиясы Нұр-Сұл­тан қалалық филиалы медицина мекемелерінің басын құрайтын «Өркениет» филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мәрия Өтепбаеваның айтуынша, партияның бастамасымен өткен бұл акция мұндай шаралардың алғашқысы да, соңғысы да емес. Бұған дейін «25 қайырымды іс», «Мейірім сыйла», «Бақытты балалық шақ», «Астана – рухы мықты жан­дар қаласы» сынды әлеу­мет­тік жобалар аясында еліміз­дің барлық өңірінен келген ба­лаларға консультативтік-диаг­ностикалық тексерулер өткізіліп, көп балалы, тұрмысы төмен отбасылардан шыққан балаларға тегін көмек көрсетілген екен. Биылғы 9 айдың ішінде партияға келіп түскен 54 өтініштің бар­лығы бойынша оң шешім қа­былданып, пациенттерге кво­та бөлінгенін айтқан Мә­рия Мұх­­тарқызы: «Қазір әсіре­се әлеу­­меттік желілерде дәрі­гер­лер атына жақсы сөздер кез­­­­дестіру сирек. Сәл бір кем соқ­­қан жерді жазса, алаулатып-жалаулатып, балағаттап, дә­­рігер атау­лыдан бездіретін тү­сінік қалыптастырады. Ал шын мәнінде медицина қыз­меткерлерінің еңбегі ұшан-теңіз, күрделі операциялар жасалып жатыр, адам өміріне араша тү­сіп, талай жанның тынысы тоқтамай, тіршілігін әрі қарай жалғастыруда. Дәрігер болмасам да, партиялық қызметімде медицинаға жақын жүргендіктен ақ желеңді жандардың еңбегін білемін. Сондықтан қоғамда дәрігер атаулыға теріс пікір тудыру болашақта жастардың дәрігер мамандығын таңдаудан теріс айналуына себеп бола ма деп ойлаймын» деген пікірімен бөлісті.

Осы тұста «UMC» корпора­тивтік қорының Педиатрия депар­таментінде еңбек ететін дәрігер­лердің пациенттерге жо­ғары білікті көмек көр­сетудегі жинаған тәжірибелері мол әрі оны балалар денсаулығын дұ­рыстау жолында диагнос­тикадағы және емдеудің ұлттық кли­никалық стандарттарын әзір­леуге жұмсап, сонымен бір­ге ел аймақтарындағы меди­цина мекемелерінің балалар арасында өлім-жітімді азайтуға бағыт­талған жұмыстарына ұдайы ұйымдастыру-әдістемелік көмек көрсетумен келе жатқанын айта кеткен жөн. Оған қоса резидентура және қосымша медициналық білім беру бағдарламалары бо­йын­ша жоғары білікті мамандар даярлау ісіне де атсалысады.