Аймақтар • 25 Қараша, 2019

Жеткіншектерді отансүйгіштікке жетелейді

268 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Орал қаласында «Қосымша білім беру жағдайында балалар-жасөспірімдер туриз­мін іске асырудағы кластерлік тәсіл» атты халықаралық форум өтуде.

Жеткіншектерді отансүйгіштікке жетелейді

Батыс Қазақстан облысының кәсіпкер­лік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы мен Батыс Қазақстан об­лы­сының білім басқармасы ұйымдас­тыр­ған бұл іс-шараның мақсаты – елі­міздегі балалар мен жасөспірімдер туризмі кластерінің қызметін насихаттау арқылы іш­кі және сырттан келетін туризмді дамыту.

Форумға елімізден мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдар, балалар туристік ұйымдары, қосымша білім беру мекемелерінің басшылары мен өкілдері, жоғары оқу орындарының басшылары, ғалымдар, БАҚ және балалар туризмі проб­лемаларымен айналысатын қоғамдық ұйым өкілдері қатысты. Сондай-ақ Ресей Федерациясынан қосымша білім беру ұйымының өкілдері мен ЖОО ғалымдары арнайы келген.

Форумның алғашқы күнінде пленар­лық отырыс ТEDx форматында өтсе, екін­ші күн танымдық-экскурсиялық бағ­дар­лама мен теориялық-практикалық жә­не көшпелі семинар-практикумге арналды.

Халықаралық жиын аясында «Турис­тік кластер – балалар туризмі: мәселелері мен перспективалары» тақырыбында ұйым­дастырылған көрме көп мағлұмат бер­ді. Мұнда Батыс Қазақстан облысының әр ауданындағы туристік ресурс­тар­дың ерекшелігі, балалар туризмінің жетіс­тіктері, «Хрустальды шоқыр» бай­қауы, БҚО интерактивтік өлкетану картасы, БҚО сакралды орындарының 3D картасы, облыстық тарихи-өлкетану музейінің, бала­лар туризмінің фотокөрмелері қойыл­са, сахнадан «Орал өңіріндегі балалар­ туриз­мі сыр шертеді» атты фильм көрсе­тіл­ді. «Туристік-өлкетану қызметінің әдіс­те­месі» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

– Саналы ұрпақты тәрбиелеуде қазақ­стандықтардың бірлігі мен достығына, қоғам­дағы келісім мен тұрақтылықтың маңыздылығына, туған жерге, Отанға сүйіспеншілік пен өлкетануға ерекше мән беріледі. Орал өңіріндегі халықаралық форум балалар мен жасөспірімдер, жас­тар тәрбиесінде туризм мен өлкетанудың рөлі жайында сөз қозғайды. Сонымен қатар оқушылар мен жастарға білімін, патриоттық сезімін, белсенді азаматтық позициясын және ынтымақтастығын көрсетуге мүмкіндік береді. Біздің облы­сымыздың балалар туризмі рес­пуб­лика бойынша үздіктер қатарында бол­са, ТМД елдері арасында алғашқы үш­­тіктен орын алып отыр. Сонымен қатар Қазақстандағы ТОП-50 туристік нысандардың ішіндегі ТОП-10 (ондыққа) туристік кластер ретінде енгізілді. Орал өңірінің балалар туризмі – Қазақстандағы туристік-өлкетану, экологиялық, спорттық бағдарлау, экскурсия бағыттарын жетік меңгерген ірі кешен болып есептеледі. Ішкі туризмді дамыту мәселесінде балалар туризмі кластерлік тәсіл ретінде қарастырылады. Туристік-өлкетану қыз­меті ұлттық мәдениеттерді өзара байытуға, ТМД елдері арасындағы байланысты дамыту және нығайтуға жаңа мүмкіндік берері сөзсіз, – деді осы жиынның ашылуында сөз сөйлеген Батыс Қазақстан облы­сы әкімінің орынбасары Серік Егізбаев.

Форумның пленарлық мәжілісінде А.Остапец-Свешников атындағы балалар-жас­өспірімдер туризмі және өлкетану халық­аралық академиясының президенті, педагогика ғылымдарының докторы Дмитрий Смирнов, «Тұран – Астана» уни­верситетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Евгений Ни­китинский, Орынбор қалалық кеңесінің де­путаты Елена Иванова, Қазақстан Рес­пуб­ликасы балалар-жасөспірімдер ту­ризмін дамыту жөніндегі республикалық қауым­дастығының төрағасы Қайрат Сұлтанов, Қырым инженерлік-педагогикалық универ­ситетінің Әлеуметтік-гумани­тар­лық пәндер кафедрасының доценті, пе­дагогика ғылымдарының кандидаты Абжемиль Абдулхаиров, «Тұран» уни­верситеті Туризм ғылыми-зерттеу инс­титутының директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, халықаралық дәрежедегі спорт ше­бері Владимир Вуколов, Татарстан Рес­пуб­ликасының Мектептен тыс жұмыс жө­ніндегі республикалық орталығының ди­ректоры Ранис Идрисов, Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық университетінің про­фессоры, география ғылымдарының док­торы, «Қазақ Сақ» компаниясының директоры Орденбек Мазбаев сынды спикерлер сөз алып, отандық туризмді да­мыту, балалар мен жасөспірімдер туризмі кластерінің қызметін насихаттау бағытында ойларын ортаға салды. Осы форумның құрметті қонақтарының қатарында Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Елена Тарасенко, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Динар Нөкетаева, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Шафхат Өтемісов және Ресейден келген өлкетанушы-ғалымдар болды.

Биылғы 24 тамызда «Ұлытау» ұлт­тық тарихи-мәдени және табиғи мұ­ражай қорығында өткен «Ұлытау – 2019» халықаралық туристік форумында Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ­стан жылына 9 миллион адамға дейін турист қабылдай алатынын мәлімдеген болатын. Иә, Қазақстанның әлемге ұсынатын біре­гей орындары көп. Мұндай көркем әрі тарихи мүйістерді балалар мен жасөспірімдерге таныстырып, насихаттау – оларды отаншылдыққа тәрбиелеуде маңызды рөл атқаратыны сөзсіз.

Халықаралық форумды ұйымдас­ты­рушылар Қазақстанда туризм саласын да­мыту, бəсекеге қабілетті, заманауи ту­ристік кешен қалыптастыру мәселелерін тал­қылауды көздеген. Әсіресе ішкі туризм саласында туристік кластердің сапалы қызметі қалыптасуы – балалар туризмінің дамуымен бірге жүрмек. Сондай-ақ қазақ­стандық туризмді дамытуға арналған ТОП-50 туристік нысанның құрамына енген Батыс Қазақстан облысы балалар және жасөспірімдер туризмі кластерінің қызметін насихаттап, тәжірибесін тарату да негізгі мақсаттың бірі еді.

Қазіргі таңда Батыс Қазақстан облы­сын­да балалар-жасөспірімдер туризмімен шұғылданатын 14 орталық пен станса жұмыс істеп тұр. Бұл орталықтар облыс­тағы барлық оқушының 12%-ына қызмет көр­сетеді. Өңірде балаларға туристік-өл­кетану қызметі арқылы үздіксіз білім мен тәрбие берудің толыққанды жүйесі құрылған. Ресей Федерациясы және бас­қа да шетелдік балалар ұйымдарымен ха­лық­аралық конференциялар мен іс-ша­ралар өткізуде тәжірибе жинақталып, ха­лықаралық байланыс қалыптасты. Батыс Қазақстан облысындағы туризм орталықтарының іс-тәжірибесі осы форумда экскурсиялық-танымдық бағ­дарламалар арқылы кеңінен таныстырылды. Орал қаласында балалар туризмінің да­муы мектепке дейінгі ұйымдарда ше­берлік сыныптар арқылы көрсетіледі. Ша­ра аясында Бәйтерек ауданында жас ту­ристер стансасына экскурсия жасалып, форум қонақтары ауданның көрікті жер­лерімен және туристік ресурстарымен танысады.

Форум аясында туризм саласын рес­публикалық деңгейде дамыту мәсе­ле­лерін талқылаған шеберлік-сыныптар дис­куссиялық алаң түрінде басқосулар өтіп, оған форум қонақтары тікелей атсалысты.

Батыс Қазақстан облысы