Хоккей • 25 Қараша, 2019

«Ақ Барысқа» шамасы жетпеді

121 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) сынға түсіп жатқан елорданың «Ба­рыс» клубы елордада Қазанның «Ақ Ба­рыс» командасымен кездесіп, 1:5 есебімен оңбай жеңілді.

«Ақ Барысқа» шамасы жетпеді

Осыдан бір ай бұрын Қазанда өткен бәсекеде жерлестеріміз сырт алаңда өнер көрсетсе де, айдын иелеріне лайықты қарсылық көрсеткен-ді. Соңғы минуттарда жіберген қателіктен кейін «Ақ Барыс» 3:2 есебімен басым түскен еді. Ал «Барыс Аренадағы» ойында «Барыс» хоккейшілері намысқа тырысып, өз алаңымызда жеңісті қолдан бермейді деп сенген болатынбыз. Өкінішке қарай, сенім ақталмады. Абырой болғанда, өз жерімізде өткен матчта бір шайба соғуға мүмкіндік алдық. Үшінші кезеңнің 46-минутында Даррен Дицтен пас алған Атте Охтамаа мергендігімін көзге түсті.

Ал «Ақ Барыс» сапынан бірінші кезеңде Станислав Галиев, Артем Галимов, Никита Дыняк шайба соққан болса, үшінші кезеңде Артем Галимов пен Станислав Галиев дубль авторы атанды. Қорытынды есеп – 1:5. 28-турдан кейін «Барыс» турнир кестесінде 35 ұпаймен төртінші орында келеді.