Бес күндік курстардың барысында қызмет бастықтары, қойма бастықтары мен материалдық жауапты әскери қызметшілермен сабақтар ұйымдастырылды. Олар «Қазақстан ГИС Центр» акционерлік қоғамымен құрастырылған бағдарламалық жасақтамаларда қару-жарақтың, әскери техниканың деректерін, оқ-дәрілерді есепке алу бойынша оқытудан өтті.
- Әскери техника мен ресурстар есебінің автоматизациялануы әскери бөлімдердің жұмысын анағұрлым оңтайландыратын болады. Сонымен қоса, ол бөлім командирлеріне қарамағындағы қызметтердің жағдайын нақты бағалап, қолындағы өзекті және дәл ақпараттардың арқасында дұрыс шешімдерді қабылдауға септігін тигізеді, деп санайды «Батыс» өңірлік қолбасшылығының әскерлері қолбасшысы полковник Нұрлан Алдияров.
Қазақстан Қарулы Күштерінде цифрлы технологиялардың енгізілуі Қазақстан Республикасының Президенті – Жоғарғы Бас қолбасшының жалпымемлекеттік «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасына сәйкес жоспар бойынша енгізіліп келе жатқанын атап кеткен жөн.