Медицина • 26 Қараша, 2019

Даудың басы – тағы да екпе

1510 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Парламентте «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының кодексі мен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заң жобалары қаралуда. Жұмыс тобында депутат Бекболат Тілеухан мен Иван Клименконың осы заңдағы екпе мәселесіне байланысты ой-пікірлері айтылған видео жазба әлеуметтік желілерді шарлап үлгерді. «Мен вакцинаға қарсы емеспін. Бірақ оны міндеттеуге қарсымын. Мен де баламның ауру болғанын, ауру таратқыш болғанын қаламаймын. Сондықтан вакцина еккіземін. Бірақ «быт-шыт» вакцинаны еккізіп, көз алдымда мүгедек қылатын жағдайға жол бергізбеймін» деген Бекболат Тілеуханның заң жобасының қай тұсына қарсы екенін білуге тырыстық.

Даудың басы – тағы да екпе

«Халық денсаулығы және денсау­лық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының кодексіндегі 89-бап­тың 1-тармағында «Қазақстан Рес­публикасының аумағында тұрақты бола­тын жеке тұлғалар инфекциялық және паразиттік ауруларға қарсы про­фи­­­лактикалық егу алуға міндетті» деп көрсетілген. Ал Б.Тілеухан болса оны «міндетті» емес «құқылы» деп ауыс­тыру керектігін айтады. Өйткені ол Конституцияның 29-бабының 1-тар­ма­ғында «Қазақстан Республикасы азамат­тарының денсаулығын сақтауға құқы­ғы бар» деп көрсетілгенін алға тар­тады. 89-баптың 2-тармағында «профилактикалық егуді жүргізу алдында медицина қызметкері егілетін адам­ды қарап, тексеру жүргізеді. Ме­ди­­цина қызметкері оған және оның заңды өкіліне профилактикалық егу, одан бас тартудың салдары, им­мун­даудан кейін болуы мүмкін қолай­сыз көріністері туралы толық, объек­тив­ті ақпарат береді» делінген. Ал мәжі­лісмен оған «жауаптылықты» қосып жатқанын жеткізді. Яғни «профи­лак­ти­калық егулер әсерінің салдары үшін медицина қызметкері, меди­циналық мекеменің басшысы, уәкі­летті органның басшысы және уәкі­лет­ті орган бөлімшесінің басшысы, сондай-ақ вакциналар сатып алынған фар­ма­цевтикалық компанияның тізбесін ел Үкі­меті берген аурулардан вакци­на­­ларды тасымалдауға тартылған ком­па­ниялардың басшылары Қазақстан Заңы­нда белгіленген жауаптылықта бола­ды» дегенді қосу ұсынылған.

Біздің байқауымызша, бұл даулы мәсе­ленің барлығы екпе алғаннан кейін мүге­дек болып қалған балалардың бүгінгі қиын жағдайынан туындаған сыңай­лы. Мәселен, екпеден кейін зардап шеккендердің бірі – Жайна Бекмұхам­бетқызы. Ол үш жылдан бері баласы­ның қояншық ауруымен алысып келе жат­қанын айтады. «Менің қызым БЦЖ-дан кейін денесі тырысып, оған эпилепсия деп диагноз қойды. Дәріден көз ашпай емдетіп жүргенімізге 3 жыл болды. Мемлекеттік емханаға есепте тұрсақ та, кезек өте көп. Кезекте менің қызымнан да денсаулығы нашар балалар тұр. Ауруын асқындырып алудан қорқып, баламды 5 айынан бастап жеке клиникаға, ақылы түрде емдетіп жүрмін. Жалғыз басты ана болсам да, қызымның денсаулығы үшін бар тапқанымды емге жұмсаудамын», дейді ол.

Медицина ғылымдарының докторы, академик, Трансплантация бойынша республикалық үйлестіру орталығының дирек­­торы Жақсылық Досқалиев мұн­дай жағдайда әр істі жеке-жеке қарастыру керек екенін алға тартады. Оның айтуынша, екпе тек оң көр­сет­кіштер болғанда ғана салынуы тиіс. «Мысалы, дене температурасы көтеріліп тұрған адамға вакцинация жасау­ға болмайды», дейді академик.

Ал «Астана» медицина универ­си­теті Балалар инфекциясы кафед­ра­сы­ның мең­ге­рушісі Динагүл Баяшева да осы пікірді құптайтынын жеткізді. «Мұндай жағдайда іс прокуратураға кете­ді. Міндетті түрде тексеріс болады», дейді ол.

 Жұқпалы аурулар өршіп барады

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мы екпеден бас тартудың нәти­же­сінде жұқпалы аурулар әлемде өршіп бара жатқанын жариялап, дабыл қағу­да. Яғни бұл биыл денсаулыққа төнетін қауіптің ондығына кірген. Тәуел­сіз халықаралық қайырымдылық қоры (Wellcome Trust) 142 елдегі 140 мың адамға вакцинацияға қатысты зерттеу жүргізген. Нәтижесінде, қаты­су­шы­лар­дың 79%-ы екпені қауіпсіз деп санайтыны анықталған. Әсіресе Оңтүстік Азия елде­рі екпеге оң көзқараспен қараса, Шығыс Еуропа халқының тең жартысы сенімсіздік білдірген. Ал Орталық Азия­дағы халықтың екпеге сенімділігі 75% болған.

BBC-дің хабарлауынша, әлемдегі қызылша дерті өршіп тұрған 10 елдің ішінде Қазақстан да бар. 2018 жылдың сәуірі мен 2019 жылдың наурызы аралы­ғындағы статистикаға қарасақ, Мадагас­карда 84 804 адам, Украинада 78 659 адам, Үндістанда 53170 адам, Пәкіс­танда 22 693 адам, Филиппинде 16 898 адам, Нигерияда 12 745 адам, Йеменде 13 639 адам, Бразилияда 10 316 адам осы дертке шалдыққан. Ал қызыл­ша жұқтырғандардың саны Таиланд­та 6916 адамға, Қазақстанда 5908 адамға жеткен.

1960 жылы екпе пайда болғанға дейін жыл сайын 2,6 миллион адам қызылшадан көз жұмған көрінеді. ДДҰ-ның мәліметі бойынша, 2000-2017 жылдар аралығында әлемде қызылша ауруынан болатын өлім-жітім 80%-ға дейін төмендеген. Нақтырақ айтқанда осы уақыт аралығында екпенің көмегімен 21 миллионнан аса адам ажалдан аман қалған. Демек екпе жыл сайын екі-үш миллион адамның өмірін сақтап отыр.

«Қазіргі күні екпеден бас тартып жатқан ата-аналар көп болған­дық­тан, жұқпалы аурулар өрши түсуде. Бұл жағдай тек біздің елде ғана емес. Сон­дық­тан әлемде жұқ­па­лы аурумен ауырған адам­дар­дың саны көбейгендіктен әр ел өзде­рі­нің заңдарына біраз өзге­ріс­тер енгі­зіп жатыр. Мысалы, Герма­ния­да екпе қойдыртпаған ата-аналар 2500 евро айыппұл төлейді. Ал Ұлыбритания, Бельгия, Эстония елдерінде екпе алмаған балаларды ба­ла­бақшаға, мектепке алмайды. Из­раиль, Қытай, Түркия және Фран­ция сияқты елдерде балаларға міндет­ті түрде екпе жасалады. Екпе жасамағандықтан, адамның иммундық қабаты жұқарғандықтан ауру шұғыл өсіп, тарайды. Дамыған елдер бұған қарсы шығып, заңдарына өзгерістер енгізуде. Біздің елге келе­тін болсақ, 2018 жылдың қараша­сынан бастап 12 мыңнан астам қызыл­шамен ауырған адам тіркелген. Оның ішінде шетінеп кеткен балалар да бар. Осындай жағдайда тек қарап отырмай, оған қарсы шара қол­дану керек. Екпенің керек екені, қа­уіп­сіз­дігі де дәлелденген. Қазақстанға қандай екпелердің кіргізілетінін, оның дұрыс, дұрыс еместігін тексеретін комис­сия бар. Сол комиссияға кез келген адам кіріп, бақылай алады. Сон­дықтан жұртты дүрліктірмей, қор­қыт­пай, осы комиссияға кіріп, бәріне көзін жеткізгені дұрыс болар еді. Эмо­ция­мен шешетін болсақ ауру өрши түседі. Алысқа бармай-ақ Украинаны мысалға келтірейік. 20 балада күл ауруы
анықталды. Бұл тез өршіп, тез тарайтын ауру. Біз екпені тек жазылмайтын ауруларға ғана жазып жатырмыз», дейді «Астана» медицина университеті Балалар инфекциясы кафедрасының меңгерушісі Динагүл Баяшева.

 Сапа қандай?

Мемлекет халықты вакцина­ция­лау­ға жыл сайын 26 миллиард теңге жұм­сайды. Оған 21 жұқпалы ауруға, оның ішінде туберкулезге, қызылшаға, қыза­мық­қа, В гепатитіне және басқаларға қарсы профилактикалық егулер жүргі­зі­леді. Қазақстандықтар алдын ала егудің Ұлттық күнтізбесінде белгі­лен­ген мерзімге сәйкес жасы бо­йынша жұқпалы ауруларға қар­сы жоспарлы егулер жүргізеді. Бала­лар­ды кепілдендірілген сапалы вакциналармен қамтамасыз ету үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мы­мен сертификатталған вакциналар сатып алынады. Атап айтқанда, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың мемлекеттік тізілімінде Еуропа (Бельгия, Франция, Ни­дер­лан­д), Жапония, АҚШ, Ресей, Қытай, Үндістан, Корея, Израиль сияқты ірі өндірушілерден келетін 58 вакцинаның атаулары тіркелген. Соның ішінде, 1 вакцина отандық өндірістікі. Вакциналарды қауіпсіздік және сапа талаптарына сәйкестікке тексеруді Денсаулық сақтау минис­тр­лігіне қарасты Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы жүргізеді.

«Вакцинаның сапасы Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сарап­тау ұлттық орталығы және оның аккредиттелген сынақ зертханаларында, мемлекеттік және халықаралық стандарттарға сәйкес жұмыс істей­тін бас­тапқы, аналитикалық және маман­­дан­дырылған сараптама сияқты үш кезең­нен тұратын сарап­тама барысын­да тексеріледі. Біздің Алматы қаласын­да­ғы зертханалары бар сынақ орталығы – Орталық Азиядағы препараттардың иммунобиологиялық сараптамасын жүзеге асыратын бірінші зертхана. Биотехнологияның, иммунологияның және басқа да ғылым пәндерінің қар­қынды дамуына байланысты, біз­дің зертханаларымыз тұрақты не­гізде жаңғырып, ал сарапшылар құзы­рет­тілік ауқымын кеңейтіп, біліктілік деңгейін арттырып отырады», дейді «Дәрілік заттар мен медициналық бұйым­дарды сараптау ұлттық орта­лы­ғы» ШЖҚ РМК бас директоры Арнұр Нұртаев.

Міне, екпені қолдаушылар да, қарсы тарап та өз уәждерін осылай жеткізді. Ал оның қазылығын құзырлы органдар қарастыруы қажет. Өйткені депутаттар тарапынан күмән айтылды. Тіпті Б.Тілеухан келесіде нақты айғақтармен келетінін де жеткізді. «Жел тұрмаса шөптің басы қозғалмайды» дегендей, бұл жерде негізгі қарсылық немесе келіспеушілік бұған дейін елімізге жеткізілген екпелердің сапасына қатысты өрбіп отырғаны байқалады. Яғни, халық бюджеттен бөлінетін қомақты қаржыға лайықты сапалы әрі қауіпсіз медициналық қызмет алып, барлық жағынан алдын ала қорғалуы қажет.