20 Маусым, 2013

Хас шебер

2590 рет
көрсетілді
28 мин
оқу үшін

Хас шебер

Бейсенбі, 20 маусым 2013 2:32

Ол туралы замандастары шерткен сыр дара талант, туа біткен тұлпар екенін дәйектейді.

Қазақ лексиконында «хас шебер» деген сөз бар. Жете түсіне білген адамға бұл – екінің біріне айтыла бермейтін, қасиеті бөлек, ұғымы өзгеше, бірегей сөз. Бұл тек көпшілікті елең еткізген айрықша сипатымен, табиғат сыйлаған дара дарынымен, ұшқыр қырандай болмысымен танылған ерекше тұлғаға айтылатын дара сөз. Сол қыран қонар биікті Әнуар Молдабеков қана бағындырды. Өмірден ерте кеткенмен зор тұлғасы көзден де, көңілден де кетпеген хас тұлға ғой ол. Өмірден өткеніне жиырма сегіз жыл болыпты.

 

Бейсенбі, 20 маусым 2013 2:32

 

Ол туралы замандастары шерткен сыр дара талант, туа біткен тұлпар екенін дәйектейді.

 

Қазақ лексиконында «хас шебер» деген сөз бар. Жете түсіне білген адамға бұл – екінің біріне айтыла бермейтін, қасиеті бөлек, ұғымы өзгеше, бірегей сөз. Бұл тек көпшілікті елең еткізген айрықша сипатымен, табиғат сыйлаған дара дарынымен, ұшқыр қырандай болмысымен танылған ерекше тұлғаға айтылатын дара сөз. Сол қыран қонар биікті Әнуар Молдабеков қана бағындырды. Өмірден ерте кеткенмен зор тұлғасы көзден де, көңілден де кетпеген хас тұлға ғой ол. Өмірден өткеніне жиырма сегіз жыл болыпты.

Осы уақыт ішінде оның ардақты есімін еске алмаған сәт, ол сомдаған соқталы образдарды өзіне үлгі тұтпаған өнерпаз жоқ деп айта аламыз. Біз Әнуар Молда­бе­ковті еске түсіргенде театр өнерінің ыстығы мен суығын бірге көрген замандастарының, достарының, сахнадағы серіктестерінің ықыласты лебізін жұртқа ұсынуды жөн көрдік.

Сөйтіп, мен жалғыз қалдым

Асанәлі Әшімов: – Жан досым, замандасым, экран мен театр сахнасында бірге өскен әріптесім Әнуар туралы менің айтатыным көп. Менен бір жас кіші болса да ол мені Асанәлі деп айтқан емес, Асеке дейтін. Екеуміз Бекежен мен Шеге, Тәңірберген мен Еламан, Жантық пен Қодар болып күрделі рөлдерді ойнадық.

Өкінішке қарай, Әнуар өмірден өте ерте аяқ астынан, ойламаған жерден кетті. Оның қазасы маған ауыр тиді. Жалпы, өмірде дос таңдау өте қиын. Жақсы қарым-қатынаста жүрген жігіттер, дос­тар бар, әрине. Бірақ мен үшін Әнуар мен Ақселеудің орны ерекше еді. Осы екі досымның өмірден озуы екі баламның қазасынан кем батқан жоқ.

Әнуардың адамгершілігі, мәрттігі өте биік болатын. Ол қандай рөлді алса да қызуқандылықпен шегіне жеткізіп орындайтын. Қазақтың дара туған ұлдарын, дала кейіпкерлерін, нағыз Махамбеттерді ойнайтын актер еді. Амал не, Әнуар өнердегі көп арманына жете алмады.

Жас кезімізде театрда «тентектік» жасадық. Ұнамағанды мінеп-шенеп, күлкіге, әзілге айналдырып жүретінбіз. Жалпы, юморы бар адам оптимист, ақкө­­ңіл болады. Ал юморсыз адам – іш пыстыратын, қызықсыз адам. Негізі ұтымды, қисынды тентектіктің актерлік шеберлікке көмектесетін кездері көп. Сондайда Әнуардың әзілі де, юморы да діттеген жеріне дөп тиіп жататын.

Шынын айтқанда, сол біздің дәуіріміз – «алтын ғасыр» еді. Біздің буын – Әнуар мен Фарида, Ыдырыс, Әзірбайжан, т.б. театр репертуарының ауыр жүгін көтерген мықты топ болдық-ау! Спектакльді дайындағанда барлығымыздың ойы­мыз бір жерден шығып, рөлді ойнағанда шаңын шығарып жіберуші едік. Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлуында» Әнуар Жантықтың, мен Қодардың бейнесін түрлендіріп, әртүрлі форма ойлап табатынбыз. Өнер сапарларына шыққанда екеуміз режиссер нұсқасында жоқ кейбір әдістерді қосып жібереміз. Сонда бізге сырттай қарап, бақылап отырған Хадиша, Шолпан апайлар күліп: «Ал, болдыңдар ма, балалар, ойнап болдыңдар ма? Болсаңдар біз де сахнаға шығайық», дейді.

«Қозы Көрпеш – Баян сұлуды» Башқұртстанға апардық. Бізге ұзындығы 70 шақырым көшеге орналасқан Уфа қаласының мәдениет сарайы бұйырды. Барсақ, хабарланбаған ба, адам жоқ. Театрдың өзінің қызметкерлері, бақы­лаушылар, олардың балалары – барлығы оншақты ғана көрермен. Бірақ біз бір адам болса да ойнауымыз керек. Сөйтіп, адам аз болған соң Қозы мен Баянның рөліндегі актерлерге: «Сендер енді боссыңдар», дедік те, Әнуар екеуміз Қодар мен Жан­тықтың сахнасын бұрқыратып, неше түрлі көріністерді қосып, бас-аяғы он бес-жиырма минутта қойылымды аяқтадық. Бұл да бір тарих болып қалған қызықты, күлкілі оқиға болды.

«Қозы Көрпеш – Баян сұлуды» Фран­цияның Нанси деген қаласында сахнаға шығардық. Француздардың тіл түсінбейтінін пайдаланып, мәтінде жоқ түрлі сөздерді қосып, өзіміз қызыққа батып, күліп жүрміз. Бірінші қатарда отырған көрермендердің қасына найзаммен барып, сілтеп-сілтеп жіберемін, бірде үстінде ойнатамын. Олар артқа қарай шалқайып, қисайып күледі. Театрдың буфетінде сыра сатады екен. Содан алдырып қойылымның арасында кесеге құйғызып аламын да тепкішекте сүйеніп тұрып рахаттанып ішемін келіп. Олар қайдан білсін, қымыз ішіп тұр деп ойлайды. Спектакль аяқталған соң француздар: «Ой, қандай керемет!» деп біздің өнерімізге риза болды. Негізінен өнер адамына, оның ішінде актерлерге кейде мұндай тосын әрекеттер де, импровизациялық тәсілдер де керек. Гастрольдер кезінде, әсіресе ауылдарға барғанда осы «Қозы Көрпеш – Баян сұлуға» импровизация жасайтынбыз.

Татарстанның бір совхозына барсақ, көрермен бар, бірақ басшыларынан ешкім жоқ. Біздің киініп-шешінетін жеріміз –парторгтың жұмыс бөлмесі. Спектакль басталмай тұрып бір шелек сүт пен екі бөлке нанды біреу әкеліп қойды да өзі кетіп қалды. Біз «бұлардың наны мен тұзы шығар» деген оймен спектакль аяқталғанша тиіскен жоқпыз. Бірақ ойнап болғаннан кейін де басшылары келген жоқ. Негізі мұндай кезде дастарқан жайып, әртістерді қонақ ететін. Ондай жоқ. Содан амал жоқ, әкелген бір шелек сүті мен нанын бөліп, таласып-тармасып ішіп-жеп алдық. Белгілі актер Рахметбай Телеубаевтың бір шумақ өлеңді, эпиграммаларды аяқ астынан шығаратын ақындығы бар еді. Сол жерде отыра қалып:

«Рахмет сізге, татар елі,

Қазақ келді ән білән,

Зор құрметпен қарсы алдыңыз,

Бір шелек сүт, нан білән», –

деп жазды да үстел үстіндегі әйнектің астына қойып кетті. Содан Қазанға келдік. Бір кезде таңертең у-шу болып жатыр. Сөйтсек, біз болған совхоз басшылары Рахметбайдың жартылай татарша жазған өлеңінің мағынасын түсініп, кешірім сұрай келіпті. Сөйтіп, банкет жасап, құрметті қонақ етті.

Жалпы, театр өнері дегеніңіз – сөздің құдіретін түсіну мен түсіндіру ғой. Осын­дай қызықты сәттер гастрольдік сапарларда жиі болып тұратын…

Шымкенттің Сайрамына тағы да «Қозы Көрпеш – Баян сұлуды» апардық. Мәдениет үйінің залына көрермен сыймайтын болғандықтан спектакльді далада көрсетуді ұйғардық. Үй қабырғасына сахна жасап, ағаштан, темірлерден декорация құрдық. Жұмысшылар, орақшылар, малшылар айналдыра қойылған жүк машиналарының үстінде көріп тұр. Адам көп, ығы-жығы. Ыдырыс Ноғайбаев, Сәбира Майқанова, Әнуар, Қозы мен Баян рөліндегі Әшірәлі мен Торғын – барлығымыз ойнап жүрміз. Кеш кіріп жарық жанғаннан кейін бұзаубас, көбелек, шыбын сияқты неше түрлі жәндіктер шыға бастады. Мен бір бұзаубасты ұстап алдым да Қодардың Баянға жақындап айтатын сөздері кезінде көрсетіп қоямын. Рөлдегі қыздар қорқып, қашып жүр. Ел қыран-топан күлкі, бізге де сол керек, қолымызда бір-бір бұзаубас. Бір кезде Әнуар жүк машинасының кабинасына кіріп кетіпті. Содан: «Жантық, әй Жантық қайдасың?» деп менің іздейтін көріністе ол терезені ашып: «Қодар мырза, жәй ма?» деп қояды. Менің ашуланып, айғайлаған кезімде терезені жауып алады. Екеуміздің диалогымыз сахна мен машинаның арасында өтті. Бір кезде Қарабай – Ы.Ноғайбаев: «Шошынам, мына жұрттан шошынам!» деп машинаның астынан еңбектеп шығып келе жатыр. Ел тағы да қыран-топан күлкіге батқан. Сөйтіп, трагедияны комедияға айналдырып жібердік. Ел де риза, біз де риза. Әнуардың осындай жерлерде тапқырлығы мықты болатын. Тағы бір гастрольде қайдан тапқанын білмеймін, Жантық – Әнуар есекке мініп, айғайлап, өлең айтып келе жатыр. Бұл оның асқан талантынан туындап жататын. Әнуармен өткен осындай қызықты оқиғаларды, күлкілі сәттерді қазір сағынамын. Мұндай тапқыр парт­нер, мұндай адам қазір жоқ қой.

Әзірбайжан Мәмбетовтің тұсында театр қатты көтерілді. М.Әуезов атын­дағы академиялық театр одақ бойынша мықты төрт театрдың құрамында болды. Сол уақытта біз Мәскеуге жеті рет гастрольдік сапармен бардық. Сонда алдыңғы гас­трольде менің күндерім болды, мен рөл ойнайтын спектакльдер: «Дон Жуан», «Жат елде», «Қан мен тер», т.б. Соның нәтижесінде Мем­лекеттік сыйлықты иемдендім. Одан кейінгі Әнуардың гастролі болды. Ол орындаған «Ваня ағайдағы» Войницкий бейнесі Мәскеу сыншыларынан өте жоғары баға алды. Әнуар бірер жыл өмір сүргенде КСРО халық әртісі болар еді. Өйткені, бәріміздің шығармашылығымыз деңгейлес еді ғой.

Жалпы, үлкен актер жалғыз өзі-ақ сахнаны толтырады. Сол сияқты Еспембет, Кебек, Қобыланды, т.б. батырларды шебер орындайтын қаһармандық пландағы актер – Әнуардың жалғыз өзі сахнаны толтырушы еді, расымен де ол шыққанда сахна толатын.

Әнуар өмірден кеткеннен кейін мен «Қозы Көрпеш – Баян сұлудан» да бас тарттым, «Қан мен терде» де ойнамадым. Өйткені, Әнуардай парт­нер жоқ. Мұны бірі түсінді, енді бірі: «Бізді менсінбейді», деген сияқты оймен түсінбеді. Сөйтіп, мен жалғыз қалдым, театрдан да кеттім…

Енді көп айт, аз айт, Әнуар арамызда жоқ, өкініш көп. Жан досымның ұмытылмас есімі жүректе мәңгі қалады. Жоғарыда айтқандай, қызықты кездер көп болды. Мұндайда ақын болса өлең шығарады, суретші болса бейнесін салады. Ал мен Алматы облысындағы Ә.Молдабеков атындағы мектепке бюстін қойғыздым. Әнуардың алдында бір-екі жыл бұрын қимас досымыз, әріптесіміз Есболған да кетіп қалған болатын. Қапал­дағы Е.Жайсаңбаев атындағы мектептің ішіне өзімнің ұсыныс-идеям­­мен, өзімнің қаражатыммен Есболғанның да бюстін қойғыздым. Сондай адал достардың алдындағы парызым ретінде қолымнан келгенін жасап жатырмын. Олардың есімдеріне, қызықты сәттеріне, өнердегі жолдарына кітаптарымнан, естеліктерімнен арнайы орын бердім, суреттерін салғыздым. Біздің қолымыздан басқа не келеді…

 

Сахнада ол – патша, өнерде – пірім дерсің оны

Нүкетай Мышбаева: – Мен көп спектакльдерде Әнуармен сахналық серіктес болып, бірге рөл ойнадым. «Қан мен тер» спектаклінде ол Тәңірбергенді, мен Ақбаланы сомдадық. «Досымның үйленуінде» ол менің «жігітім» болды. Әнуармен бірге рөл орындағанда спектакльге бір жерден жаңылып кетпейік деп, үлкен дайындықпен келетінбіз. Ол сахнаға шыға бергенде-ақ бүкіл көрерменді жаулап алатын. Жаулап алады дейтінім, трагедиялық кейіпкерді сомдағанда бүкіл көрерменді жылататын, сонымен бірге, қасындағы бізді де жылататын. Ал комедияны ойнағанда көрерменді рахаттандырып күлдірумен қатар, шығарма идеясының астарында не жатқанын түгел ашып, ерекше бір шабытпен шырқау биікке көтеретін. Жас кезімізде бір-біріміздің қандай актер екенімізді біле қоймаған да кезіміз болған шығар. Бірақ қазір менің көзқарасымда, Әнуардай актер туылған жоқ, мұны мен батыл түрде айта аламын.

Өмірде ол өте бір жайдары, кішіпейіл, мейірімді, өте қарапайым, жүрген жері, ортасы күлкіге, әзілге толы болатын. Ал, сахнада ол – патша, өнерде пірім дерсің оны. Үлкенмен де, кішімен де әзілдескенде сөзіне күлмей, жүйелі әділ сөзін ұйып тыңдамай қалған кезіміз болған жоқ. «Мен чешендердің арасында өстім, біздің ауылда чешендер көп болатын», дейтін. Өзі чешен ұлтының көп сөздерін білетін де кейде бізге сол тілде сөйлейтін. Сөйтсек, оның кейбір сөздері қалжың екен. Ал, біз оған шын екен деп, сеніп қаламыз. Мен Әнуарға қалжыңдап, «әй, баскесер» дейтін едім. Әрине бұл тура мағынасында емес. Ол қандай кейіпкері болмасын соның басын кесіп тұрып ойнайтын. Менің «бас­кесер, қай рөлді болса да басын кесіп ойнайсың» деп қалжыңдайтыным содан.

Әнуар ешқашан ақша іздеген жоқ, қандай қиындық көрсе де ақшаның құлы болған жоқ. Ол алатын еңбек ақысы қанша аз болса да, өнерді ақшаға айырбастаған жоқ. Жалпы, Әнуар қандай жетістікке жетсе де өзінің адал еңбегімен жетті. Қазіргі көзқараста кейбір актерлердің «маған үй бер, көмектес» деп айтуы мүмкін. Ал, ол кезде демеуші дегенді ешкім білмейтін, мұндай түсінік жоқ болатын. Актерді «сахналық тұлға» деп жоғары бағалайтын. Әнуар сол сахналық болмысы бөлек, биік тұлға болып қалды.

Өмірден де, өнерден де тәжірибе жинап, осындай келелі жасқа келгенде «қасымда кімдер болды, кіммен парт­нер болып ойнадым, қайсысы қандай адам еді» деген ойлар өзінен-өзі келеді екен. Сондайда осы Әнуар мен Есболған екеуі менің есіме жиі түседі, соларды ойлағанда көзіме жас келеді. Олар өте керемет дос болып еді, екеуі де өте жас кетті. Әнуар мен Құман қандай дос болды, олардың қарым-қатынасы ағалы-інілідей болатын. Киноға да бірге түсті, сахнада да бірге ойнады.

Бір күні мен троллейбус аялдамасында тұр едім, сол жерге Әнуар да келе қалды. Сонда мен: «Әй, Әнуар, сен де троллейбусқа отырасың ба?» десем, оның: «Сіз троллейбусқа отырғанда мен отырмай не болыпты», дегені бар. Сонда түріне қарап тұрсам, әдемілігі құдды бір сурет сияқты. Іштен сұлу болып туған актер еді ғой. Ол кезде киноға да түспейтін, бәріміздің театрға жаңадан келген кезіміз болатын. Сонда Әнуарға: «Сен сыртқы пішініңмен, ішкі жан-дүниеңмен, өнеріңмен, талантыңмен кино актері болсаң қандай жақсы болар еді. Сені киноға шақырған жоқ па? Қарашы, қандай әдемісің, жарығым! Сен түбінде кино актері боласың», деп едім, ол: «Жоқ, шақырған жоқ», деді. Содан екі-үш айдан кейін маған келіп: «Нүкеш, сіздің айтқаныңыз келді, мені киноға шақырып жатыр», дейді. Сөйтіп, алғашында кішігірім эпизодтық рөлдерде ойнап жүрді де бірте-бірте жарқырап шықты ғой. Оның ойыны, «Қыз Жібектегі» Шегенің рөлі қандай еді. Сол кинода тек Әнуарға ғана қарағың келеді. Мұнда оның бір домбырасынан, әнінен өзге айтарлықтай әрекеттері жоқ болса да өзіне берілген рөлді жандандырып жіберді. Бұған енді халықтың өзі куә.

Бұдан кейінгі «Қан мен тердегі» Тәңірбергені, ол орындаған шалдар бейнесі қандай керемет! Түптеп келгенде, ол – өзінің жанын өнерге аямай беріп, өмірін өнерге сыйлаған адам. Ол өнерге барлық ынта-ықыласымен, бүкіл болмысымен, бүкіл жүрегімен берілді. Бірақ соның барлығы оның денсаулығына әсер етті. «Әйтеуір мына қызметті істеп жүрмін ғой, ақымды алсам болды ғой», деп қана жәйлап жүргендер басқаша болады. Ал, Әнуар болса өте талантты актерлердің жанып кететіні сияқты өнердің отына жанып кетті. Ол кезде спектакль жоғары деңгейде шығуы үшін жарты жылдай дайындық жасаушы едік. Сонда бір рөл жаттағанда, дайындалғанда ол үйіне бармай театр­да қонатын. Сол рөлді шығарғанша ол қолын да, өзін де оңды-солды сермеп, жанын жеп қоятын. Осындай кездерде оған көп көмек жасаған жары Баян болды. Ол Әнуарды баладай мәпелеп, барлық жағдайын жасады. Екеуі сондай керемет, бірін-бірі қас-қабағынан ұғатын жұптар болатын.

Жалпы, Әнуар туралы көп айтуға болады. Жаны бөлек, жан дірілі ерекше актер бұл дүниеге сыймай кетті. Соңғы кездерінде диабет ауруы жүйкесіне әсер етіп, көзі де көрмей жүрді. Ауырып жүріп Қобыландыны ойнағанда біз не болар екен деп уайымдап отырамыз, ауыратынын білеміз ғой. Сонда да ол өзін-өзі қамшылап, рөлді шығармай тынбайтын. Не деген жанкештілік десеңізші.

«Досымның үйленуінде» мен ауылға келін болып түсетін қала қызының рөлін ойнаймын. Сонда Әнуар маған: «Ой, Нүкешка, осы рөлді ойнағанда сізді жақсы көріп кетем, қандай керемет ойнайсыз. Өзіңіз ауылдан келсеңіз де қаланың қызын өте керемет ойнайсыз!», дейтін. Сонда мен: «Сенің қасыңда жаман ойнауға болмайды, менің жаман ойнауға қақым жоқ», десем: «Ой, бір көтеріп тастадыңыз ғой!» деп бала сияқты мәз болып күлетін. Ол сенгіш еді. Егер актер сенбесе рөлін де сеніп ойнамайды, көрерменге де сенімді жеткізбейді. Сондықтан актерге ең қажеті сенгіштік (сенгіштіктің қасында аңқаулық та жатыр), әр нәрсеге, адамның айтып отырған сөзіне сену керек. Ал, сенбей ішіне түйіп алса, онда ол басқаша адам болады. Сондықтан әр рөліне сеніп ойнау керек, әрбір рөлді мен сол адаммын деп ойлау керек және ойнау керек. Мен Қобыландымын, мен Тәңірбергенмін, міне – Әнуардың ерекшелігі осы болатын. Ол қай рөлді ойнаса да сеніп ойнайтын.

Үлкен, талантты актерлер бар. Бірақ мен Әнуардай актер адам жоқ, туылған жоқ деп ойлаймын. Қазіргі жастардың арасында Әнуардай, Есболғандай дарыны бөлек актерлердің байқалмайтыны өкініш тудырады. Кім біледі, көре алмай жүрміз бе? Әнуардың бейнесі көз алдымыздан да, көңілімізден де кетпейді. Иә, кейінгі ұрпақта оның өнерін үлгі тұтатынына сенімдімін.

Амандығымды тілеген ағам еді

Тұңғышбай Жаманқұлов:

– Әнуар аға адал болатын. Көңілі бос-тын. Жүрегі ұлпадай еді.

…«Ваня ағай» қойылымының боқтық пен кісіні тек жерлеуден тұратын айқайға толы кезекті дайындығынан соң, шыдамым таусылған мен ағамның қасына жетіп барып: «Намыс бар ма сізде, неге қой деп айтпайсыз, немене сіз де келесі рөлден құр қалам деп қорқақтайсыз ба? Сонда бұл рөлді бұл театрда сізден басқа ойнайтын актер бар дейсіз бе?» деп төтесінен қойып қалдым. Кенет басын тік көтеріп алған ағамның баданадай көздеріндегі күйіктен шыққан ащы жасты сонда ғана көрдім. Бекер жасаған екем деп ойладым. «Бауырым-ай, – деді ағам, – сен әлі көп нәрсені білмейсің, әділетсіздіктің ащы дәмін татқан жоқсың. Ол үшін күресу де дәл қазір бекершілік. Оның боқтығына түкіргенім бар, бірін естісем, бірін естімеймін, мен рөлімді жасауым керек, тек ол үшін емес, өзім үшін. Маған қазір Войницкийдің жан дүниесін түйсініп алу керек. Айналасындағылардың бәрінен, заманынан теперіш көріп, өмірінің босқа өткенін ұғынып аһ ұрған Ваня ағайдың қазіргі күйіне дөп келіп жүр бұл айғай. Мен қайта осы былапыттан рөліме керектінің көбін тауып алам. Менің ашынуым Войницкийдің быт-шыт болған көңіл-күйіне шым-шымдап көшіп жатыр. Оның боқтығы мен жаныма батқан тізесі рөл жасауыма сеп болып жатқанын ол пақыр қайдан білсін. Басқасы бір тиын! Сен де ол жайлы ойлап басыңды қатырма, кей-і-ін бәрі орнына келеді», деп тереңнен демін алып, ауыр күрсініп, күйреп отырған ағамның грим бөлмесіне асай-мүсейін көтеріп, абыржып Баян жеңешем кіретін. «Сорлы-ай, өлдің ғой, сонша арам тер болғанда сенің қадіріңді білетін бұл театрда кім бар дейсің, отыр, тамағыңды іш», деп күн сайын салдырлатып көтеріп жүрген кәстрөл-шәйнектерінің қақпағын ашып, кішігірім көшпелі дастарқанын жая бас­тайтын.

Содан «Қан мен тер» атты екі сериялы фильмге актерлер іздеп, Еламан мен Тәңірбергенді кімдер ойнайды деген қарбалас шақ келді. Қосалқы режиссер Юрий Матвеевич Мастюгин болмағанда ол фильмге түсу ағам екеумізге бұйыр­майтын да еді. Орыс та болса омыраулап отырып, басты рөлдерді таңдауда адуын автор Әбдіжәміл Нұрпейісов ағамызға дәлелдеп көндіріп, екеумізге тоқтағанын кейіндері естідік қой. «Өлмегенге – өлі балық» деген, актерлік бағымның ашылу-ашылмауы беймағлұм кезеңде маған қонған бақты, сол жаңалықты алғаш есті­ген Әнуар ағам мені арнайы іздеп тауып алып, қапсыра құшақтап, жүрегі жарыла құттықтағанын қалай ұмытайын! Ол кезде ол өзін ойлаған жоқ, менің жайымды уайымдап, менің кинодағы алғашқы басты рөлімнің кезегі келгенін, кино мен театрда менің де жұлдызымның жарқырап жанатынын құп көріп, шын қуанғанын қалайша көрмейін! «Айтып ем ғой, бәрі де орнына келеді деп, түбі бір әділет бар, көрдің бе!» деп марқайып, театрдың дәл түбіндегі бір жарым бөлмелі пәтеріне, Баян жеңгемнің ақ дастарқанына қоярда-қоймай ертіп апарған. Ұза-а-ақ әңгімелескенбіз.

Менің амандығымды тілеп жүрген ағам, өз жағдайын ойламай, күндердің күнінде… «күйіп» кетті. Өнер ауылы мен өн бойын жайлаған әділетсіздіктің күйігі ме, кер заманның шешуі жоқ түйіні ме, аламан бәйгедегі өзінен кен­денің көпе-көрнеу зор болғаны ма, бойындағы асыл қасиетінің қор болғаны ма, Батыраштардың көкпарындағы өзіне ғана тиісті күміс жүген мен алтын жалатқан айылдың орнына қыл шылбыр мен кісенге, орға тап болғаны ма, әйтеуір бір өрт шалды ағамды. Қапияда күйіп кетті, қайран Әнуар… Аһ ұрған Баян жеңгеммен көрісіп болып, өксігімді баса алмай, көңілімді біржолата суытайын деп басына бардым, бетін аштым… Тірі сияқты… Келісті келбеті, сұлу жүзі сыр бермепті… «Берік бол, бауырым, оқасы жоқ, бәрі де орнына келеді», дегендей, көксеңгір аспанға қарап жатқан сияқты көрінді. Жердің бетінде.. Кеңсайда,.. тыным тауып жатқан титтей төбешік қалды. Басында: «Сілтесең – семсер, қорғансаң – қалқан орнына жүрген қайран Әнуар», деген сөз жазылған қара тас қана тұр. Бұл – Асқар Сүлейменовтің сөзі.

Сөйтіп, мен өнерде ағасыз қал­дым. Қайсыбірін айтайын. Аға! Бү­гінгі «ағаларды» алдаусыратып, «Сен ғанасың» демесең іні санатына қос­пайды сені. Бүгіндері басқаларды аға тұтып, тарысы піскен жерге тауық күйін кешіп жүрген інілер де аулақта. Хас шеберлігіңді пайдаланып, өр өнеріңді өз қанжығасына байлап, қажымас қайратыңның қызығын көріп, қамау теріңді талай малданғандар сен жайлы еш жерде естелік айтпайды. Саған өтірік мақтаудың, сен жайлы жүрген-тұрғаныңды тізбелеп қолдан ұлы етіп, алтынмен аптап, күміспен күптеп күнделік құрастырудың да қажеті жоқ. Себебі, сен – туа бітті тұлпарсың! Сен – биіксің. Биіктесің! Сен аспандасың!

Жазып алған:

 Зухра ИСЛАМБАЕВА,

Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық

өнер академиясының аға оқытушысы.