27 Қараша, 2019

Мемлекет-жекеменшік әріптестік ісінде кедергі болмауы керек

259 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше Ақордада Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Президент жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өтті.

Мемлекет-жекеменшік әріптестік ісінде кедергі болмауы керек

Жиында Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз Жол­дауын­да сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуді тапсырғанын атап өтті.

– Сыбайлас жемқорлық – мем­ле­кеттің дамуына кедергі келтіре­тін үлкен әлеуметтік кесел. Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдағы бұл күрделі мәселемен күрес жүргізудің негізгі бағыттарын белгілеп берді. Біз, комиссия мүшелері Президенттің тапсырмаларын орындау бойынша нақты іс-шаралар қабылдауымыз қажет. Бүгінгі отырыстың күн тәртібінде мем­лекет-жекеменшік әріптестік шең­берінде шарттар жасасу кезіндегі заң­дылықтардың жай-күйі мәселелерін талқылаймыз, – деді Қ.Көшербаев.

Отырыста Бас прокуратураның, Рес­публикалық бюджеттің атқары­луын бақылау жөніндегі Есеп коми­тетінің, Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы іс-қимыл агенттігінің, «Ата­мекен» Ұлттық кәсіпкерлер палата­сы­ның, Ұлттық экономика және Қаржы министрліктерінің бірінші басшы­ларының баяндамалары тыңдалды.

Заңға сәйкес МЖӘ-нің негізгі міндеттеріне мемлекет пен жекеше әріптестің тиімді өзара іс-қимылы үшін жағдай жасау, мемлекет экономикасына инвестициялар тарту, халықтың мүдделері мен қажеттіліктерін ескере отырып, тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің қолже­тім­ділігі мен сапасының деңгейін арттыру, елдегі жалпы инновациялық белсенділікті арттыру, оның ішінде жоғары технологиялық және ғылымды қажетсінетін өндірістерді дамытуға жәрдемдесу жатады.

Ұлттық экономика министрлігінің ақпараты бойынша, 2005 жылдан бас­тап биылғы қарашаға дейін еліміз­де барлығы 671 МЖӘ келісімшарты жасалған. Қазіргі уақытта 606 объекті пайдаланылып жатса, 65 МЖӘ объек­тісі іске асырылып жатыр.

Бас прокуратура жүргізген талдау МЖӘ институтын қолдану бойынша уәкілетті органдар жұмысының тиім­ділігінің жеткіліксіздігін анық­тады. Мемлекеттік органдар тарапынан МЖӘ объектілерінің құнын негізсіз арттыруға, көрсеткіштерді ұлғайту мақсатында МЖӘ субъектілері болып саналмайтын тұлғалармен немесе біліктілік талаптарына сәйкес кел­мейтін жеке серіктестермен фор­малды шарттар жасасуға жол беріледі. Шарттар шеңберінде қабылданған міндеттемелерді жеке және мемле­кеттік әріптестер тарапынан орындамау жағдайлары орын алған.

МЖӘ-нің шығындық шарттары­ның басым бөлігі жеке әріптестер­мен тікелей келіссөздер жолымен жасал­ған. Бұл іріктеу сатысында нақты бәсе­ке­лестік ортаны қамтамасыз ет­пей­ді. Қаржы министрлігінің ауди­тор­лық іс-шараларының нәтижесінде рәсімдік және қаржылық сипаттағы бұзушы­лықтар анықталды. «Ата­мекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында МЖӘ жобалары бойынша толық және қолжетімді ақпарат болмай, кәсіпкерлердің қатысуына шектеулер қойылған.

Қазіргі уакытта су және энергиямен жабдықтау, көлік, жол құрылысы, байланыс, авариялық-құтқару қызметі мен туризм салалары МЖӘ жобаларымен нақты қамтылмаған. Сонымен қатар арнайы экономикалық аймақтардың инфрақұрылымын салу кезінде МЖӘ жобалары іске асырылмаған. Ал заңда бұл үшін құқықтық механизм қалып­тастырылған.

Аталған проблемаларды талқы­лау барысында комиссия мүшелері негізінен МЖӘ-ні ілгерілету ісінің жүйесіздігін, басқа да салалардағы уәкілетті және жергілікті атқару­шы органдардың жұмыс тиімділігін үйлестіру мен талдаудың жеткілік­сіздігін сөз етті.

Отырыс қорытындысы бойынша комиссия мемлекет-жекеменшік әріптестік саласында анықталған кедергілерді жою бойынша кешен­ді шаралар қабылдауды тапсырды. Атқарылған шараларға қатаң бақылау орнату мақсатында есеп беру жүйесін бекітті.