Қазақстан • 27 Қараша, 2019

Алматы инвестициялық форум - 2019 басталды  

158 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Биылғы форум Алматыда, Ритц Карлтон қонақүйінде өтіп жатыр. 

Алматы инвестициялық форум - 2019 басталды  

Форумдағы пленарлық сессиялардағы маңызды спикерлер қатарында Түркияның бұрынғы вице-премьері Мехмет Шимшек,  2013 жылы Foreign Policy (Форэн Полици) журналы әлемдегі 500 беделді тұлғаның бірі ретінде таныған Лорд Лили бар. Ол Ұлыбританиядағы Лорд палатасының мүшесі, бұрын Әлеуметтік қамту министрі қызметін де атқарған. Сондай-ақ Катардың Сауда-Өнеркәсіп палатасының вице-президенті Мохаммед Бин Тауар Аль-Кавари арнайы келді.

Форумда отандық кәсіпкерлер өзге елдің қалталы азаматтарына тиімді шарттар ұсынып, инвестиция тартуға шақырады. Жалпы форумның да басты мақсаты – шаһардың инвестициялық тартымдылығын арттыру. Себебі Қазақстанда жаңа кәсіп бастауға қолайлы жағдай жасалған. Оған Doing бизнес көрсеткішіндегі нәтиже айқын дәлел. Сондай-ақ, биыл алғаш рет инновациялық даму мәселесі дөңгелек үстел форматында талқыланып жатыр.  Айта кетейік, халықаралық форум бірнеше саланы қамтығандықтан, пікірталас жеті панельдік сессияға бөлінген.

«Форумның мақсаты – бизнесті дамытуды ынталандыру, Алматыға шетелдік инвесторларды тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу.

Сондай-ақ форум бағдарламасы аясында коммерциялық келісімдерге қол қою рәсімі жоспарланып отыр. Мәселен, былтыр шара аясында құны 1 миллиард доллар болатын 40 меморандумға қол қойылыпты. Оның ішінде 12 жоба табысты жұмыс істеп келеді.

Форумды ашқан Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Алматының инвестициялық мүмкіндігінің сан қыры туралы жиналғандардың қаперіне салып өтті.

 

«Алматы бизнес - климаттың, бизнес -климат Алматының  мүмкіндігін тағы бір сынайтын кез келді Сіздермен инвестициялық мүмкіндіктерді талқылауға және іскерлік байланыстарды орнатуға зор мүмкіндік беретін Алматының басты алаңы – бүгінгі инвестициялық форумда қауышқаныма шын жүректен қуаныштымын. Форум жұмысының жемісті боларына кәміл сенемін!» деп атап өтті Бақытжан Сағынтаев.

Іс жүзінде бұл форум – Алматыда алдағы 30 жылға арналған даму стратегиясы қалыптасып жатқан тарихи сәтте өтуде.

Жақында ғана Алматының 2050 жылға дейінгі Даму стратегиясы әзірленіп, ол қала тұрғындарының кең талқылауына ұсынылды.

Оның негізгі мақсаты – өмір сапасы мен бизнес мүмкіндіктері жоғары әлемнің ең үздік 100 қаласының қатарына ену.

Ол үшін мықты экономикалық негіз қажет. Қала экономикасы жылына кемінде 5% қарқынмен дамуы тиіс.

«Неліктен әлемдегі кейбір қалалар қарыштап алға жылжып, табысқа жетеді де, ал ендігі біреулері, керісінше, кедейленеді? Мені Сан-Франциско, Калифорния мысалдары қызықтырды. Халқының жан басына шаққандағы Сан-Франциско табысы – ең кедей американдық қалалық аймаққа қарағанда үш есе жоғары. Сан-Франциско табысының сыры неде?

Мұның сыры келесі үш түрлі себепке байланысты. Өмір сүруге қолайлы тамаша климат жағдайлары – АҚШ-тың қолайлы күн белдеуі, дамыған инфрақұрылым және АҚШ-тағы ең үздік бизнес-климат.

Сондай-ақ үшінші және бастысы деп есептеймін. Негізгі драйверлері жаңа индустриялар саналатын қалалық экономиканың алдыңғы қатарлы құрылымы. Сан-Франциско сияқты қалалардың жолы бізге өте қызықты. Қалалық экономиканың құрылымдық маневрінің идеясы осыдан шығады» деп атап өтті Алматы әкімі.

Дүниежүзілік банктің ұлтішілік рейтингісінде Алматы бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша Қазақстанның барлық өңірлері арасында бірінші орында тұр. Тағы бір айрықша оқиға – осы жылдың қыркүйегінде Fitch агенттігі біздің қалаға ВВВ несиелік рейтингін – Қазақстанның дербес рейтинг деңгейін берді, бұл инвестиция үшін тәуекелдің төменгі деңгейін білдіреді. Іс жүзінде, Қазақстандағы ең үздік бизнес-климат – Алматыда. Сонымен қатар Орталық Азиядағы өзге бірде-бір мегаполис мұндай халықаралық несиелік рейтингке ие емес.

Қала экономикасының көлемі – 12,1 трлн теңгені немесе 35 млрд долларды құрайды. Бұл – жалпы ішкі өнімнің бесінші және салықтардың төрттен бір бөлігі. Алматы – жалпы өңірлік өнімі жан басына шаққанда 19 мың долларға жуықтайтын, Орталық Азиядағы ең табысты мегаполис. 

Үшіншіден, өмір сүру мен бизнестің қолайлы жағдайларының арқасында Алматы – адам капиталының концентраторы. Біздің қалада елдегі және өңірдегі ең креативті, ең батыл әрі білімді адамдар шоғырланған.

«Мегаполисте өмір сүру сапасы мен жайлылықты арттыру үшін біз қысқа мерзімді және орта мерзімді даму жоспарларының арнайы пакетін қабылдадық. Олар бірінші кезекте «жаңа Алматыға» - яғни мегаполистің шеткі аудандарына, сондай-ақ Алматы агломерациясына қатысты» деп атап өтті Б. Сағынтаев.

Алматы  «ақылды қала» ұстанымына басымдық бере бастады. Қала әкімі осы ретте жоспарлау мен құрылыс салуда, тұрғын үймен және коммуналдық қызметтермен қамтамасыз етуде, қауіпсіздік, көлікпен тасымалдау, білім беру, қоғамдық денсаулық, қаланы тұрғындармен бірлесіп басқаруда үздік әлемдік смарт-тәжірибелерді қолданатынын тілге тиек етіп өтті.   Қала экономикасының жаңа индустриясына және цифрландыруға – оның ішінде электронды коммерция мен төлемдер, блок-чейн, интернет-заттар, ауқымды деректер және т.б. сол секілді перспективалы салаларды дамыту үшін платформалар құруға елеулі басымдық жасалады.

«Ғылымды қажет ететін экономиканы дамытуға, жаңа ақпараттық технологияларға, жоғары технологиялық тауарлар өндірісін дамытуға ерекше назар аударылатын болады. Алматы айтарлықтай ғылыми-техникалық әлеуетке ие. Мұнда еліміздегі ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүзеге асыратын ұйымдардың 35%-ы орналасқан. Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды орындайтын барлық қызметкерлердің 42%-ы жұмыспен қамтылған.Алдағы уақытта жоғары технологиялардың халықаралық нарығына шығу үшін инвесторларды Алматының тиімді инновациялық экожүйесін жедел қалыптастыру жұмыстарына қатысуға шақырамын.Экожүйеге – жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары жанындағы трансферт және технологияларды коммерцияландыру орталықтары, технологиялық бизнес-инкубаторлар мен технопарктер, инновациялық және IT-кварталдар енетін болады» деді Алматы әкімі Б. Сағынтаев.

Креативті индустриялар – жақын болашақтағы экономиканың, әсіресе үлкен қалалардағы, ең перспективті бағыты форумда талқыланатын басым бағыттардың бірі. Осыдан оншақты жылдар бұрын  ғана  Стив Джобстың бүгінгі әлемде идеялар ең құнды тауарға айналады дегенге сену қиын еді. «Бүгінгі таңда Алматыны Орталық Азияның ең креативті қаласы деп айтуға болады. Еліміздің креативті секторының 45% біздің қаламызда шоғырланған. Алматы – ІТ қалыптастырылған дамыған ғылымы мен креативті инфроқұрылымы бар, жарқын студенттік жастар қаласы. Біздің қаламызда жыл сайын ұлттық жоғары оқу орындарын дайындайтын ең үздік шығармашылық кадрлар шоғырланған» деп атап өтті Б. Сағынтаев. 

Алматы кино өндірісі үшін қолайлы қала болып табылады. Қалада орта есеппен жылдың 220 күнінде ауа райы жылы.  Бес климаттық аймақ, керемет пейзаждар мен дамыған инфрақұрылым кез келген жанрдағы, айталық, тарихидан фэнтезиге дейінгі фильмдерді түсіруге зор мүмкіндіктер береді.

Қазірдің өзінде Алматы мен Алматы облысын әлемнің түрлі елдерінен келіп бейнебаяндар, жарнама мен деректі фильмдер түсіру үшін студиялар келуде.

«Барлық қажетті жағдай туғызу үшін қала әкімдігі жанынан арнайы орган – Almaty Film Commission құрылады. Бұл құрылым бір терезе қағидаты бойынша, Алматыда және осы аймақта да түсірілімдерді ұйымдастыруда шетелдік және отандық кинокомпанияларға қолдау көрсететін болады.

Кинобизнес, білім мен мемлекет өкілдерінің тығыз байланысының арқасында біз отандық кинематографты дамытып, Алматыны әлемдік киноның түсіру алаңы жасаймыз. Бұл тек қаламыздың ғана беделін көтеріп қоймайды, сонымен қатар туризм мен шағын және орта бизнестің  дамуына септігін тигізеді.

«Қазір анимация студиялары жоқ есебі, бұл да инвестициялар үшін қосымша үлкен резерв. Біздегі аниматорлар әлеуетінің зор екендігіне сенімім мол, енді соларды жүзеге асыру қажет. Алматы – «музыка» бағыты бойынша ЮНЕСКО-ның креативті қалалар желісіне кіретін Орталық Азиядағы жалғыз қала.

Біздің орындаушыларымыз ішкі және сыртқы нарықта сұранысқа ие туындылар жасай алатынын сан мәрте дәлелдеді.

Индустрия, мемлекет, бизнес және білім беру өкілдерінің бірлесуімен Алматылық музыканттарды қолдау үшін арнайы платформалар құрылатын болады. «Бұл әлемдік бизнес үшін игерілмеген мүмкіндік. Сондықтан, кәсіпкер  мырзалар, Алматы сіздер үшін бизнес әлеміндегі табыстылық формуласына айналады. Біз сіздердің мүмкіндіктеріңізге және дұрыс таңдау жасайтындарыңызға сенемін» деп сөзін түйіндеді.      

 

 

АЛМАТЫ