Съезд қарсаңында ауылдық, қалалық партия ұйымдарында және облыстық, республикалық маңызы бар қалаларда партияның есеп беру-сайлау конференциялары ұйымдастырылған еді. Онда агроөнеркәсіптік кешен мәселелері, ауылдық аумақтарды дамыту, партиялық жұмыс әдістерін жетілдіру шаралары жан-жақты талқыланды.
Сөйтіп елорда төрінде ұйымдастырылған съезд жұмысына Ауыл шаруашылығы министрлігінің бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің жауапты хатшысы Сәбит Нұрлыбай, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмади Сарбасов, Денсаулық сақтау вице-министрі Камалжан Надыров, Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов, Ұлттық экономика министрлігінің департамент директоры Нұрлан Мақсұтов, қоғам және мемлекет қайраткерлері, зиялы қауым және БАҚ өкілдері қатысты.
– Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы қайта құрылғанынан бері 4 жыл өтті. Бұл біздің партиямыз үшін тағдыршешті кезең болды. Кейбіреулер саяси аренадағы алғашқы қадамымызға күмәнмен қарады. «Ауыл» партиясының болашағына сенбегендер де болды. Алайда біздің партиямыз сөзімен ғана емес, ісімен де өзінің саяси әлеуетін, ерік-жігерін таныта білді. Ең бастысы, біз өзіміздің қоғамға аса қажетті саяси құрылым екенімізді дәлелдік. Әрине мұнда «Ауыл» партиясының әрбір мүшесінің үлесі бар екенін мақтанышпен айта аламыз, – деді «Ауыл» ХДПП-ның төрағасы, Парламент Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаев.
«Ауыл» ХДПП-ның 2015-2019 жылдар аралығында атқарған жұмысы туралы баяндаған партия төрағасы кез келген бір құрылым үшін ең күрделі кезең – қалыптасу кезеңі екенін алға тартты. Партия мүшелері жұдырықтай жұмылып, күрделі кезеңнен өтті. Осы уақыт аралығында «Ауыл» партиясының іргесі бекіп, қанаты қатайып, қатары толықты.
Әли Бектаевтың айтуынша, партияның ендігі мақсаты – парламенттік партия болу. Бұл мақсат партияның алдағы төрт жылдық жоспарының негізіне айналуы тиіс. Бұған дейін де аз белес бағындырылған жоқ. Себебі «Ауыл» партиясы – өзіндік саяси тәжірибе жинақтаған партия. Өткен саяси кезеңде партия президенттік және парламенттік электоралды науқанға қатысты. Осы сайлау науқандарындағы стратегиялық ұстанымдарының нәтижесінде «Ауыл» партиясы жұмыс жүйесі қалыптасқан, танымал саяси брендке айналды.
Партия төрағасы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрылуын қолдайтынын, «Ауыл» партиясы мұндай қоғамдық маңызы бар орган жұмысына өз үлесін қосуға қашанда дайын екенін жеткізді. Елдің тағдыршешті мәселелерін талқыға салатын осы тектес маңызды бастамалардан тыс қалмау қажеттілігін алға тартты.
Бүгінде «Ауыл» партиясы құрылымдық тұрғыда күшейіп, қадамын нық басып келеді. Еліміздің 14 облысы мен республикалық маңызы бар Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында партияның 17 филиалы жұмыс істейді. 188 қалалық және аудандық партия ұйымдарында 500 бастауыш партия ұйымы бар. «Ауыл» партиясының өкілдері еліміздің заң шығарушы және өкілетті органдары құрамына енген. Партияның 44 мүшесі депутаттық мандатқа ие. Оның ішінде, Парламент Сенатында – 1, облыстық мәслихаттар мен Алматы қалалық мәслихатында – 7, аудандық мәслихаттарда – 29, қалалық мәслихаттарда – 7 адам бар.
Сондай-ақ 2017 жылдан бастап барлық деңгейдегі депуттардан құралған «Ауыл» партиясының депутаттар Кеңесі жұмыс істеп келеді. Аталған кеңеске Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты Ерболат Саурықов жетекшілік етуде. Бұл – «Ауыл» партиясының өңірлердегі шынайы беделінің бірден-бір белгісі деуге болады. Еліміздің түкпір-түкпірінде көптеген азаматтар «Ауыл» партиясына өтуге ниет білдіруде. Мәселен, 2015-2019 жылдар аралығында партия мүшелерінің саны 44 мың адамға артты.
Нәтижесінде, аталған партияның кадрлық әлеуеті де арта түсуде. Партия тек аграрлық салада жетістікке жеткен тұлғалармен ғана мақтанбайды. Білім беру, медицина, автокөлік және өзге де салаларда жарқын жетістіктерге жеткен азаматтар осы партияға мүше. 500-ге жуық партия мүшесі мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды.
Алдағы мақсат – еліміздегі қоғамдық-саяси мәселелердің қалың қатпарынан партияның өзіндік «күн тәртібін» айқындап, қоғамның әлеуметтік жаңғыруында көшбасшылыққа ұмтылу. Партия төрағасы мұндай саяси амбициясыз стратегиялық міндеттерді орындау мүмкін еместігін айрықша атап өтті. Ол үшін, алдымен партияның жаңа көшбасшылар буынын қалыптастыру бағытында жұмысты жандандыру қажет. Осы мақсатта «Жаңа көшбасшылар мектебі» атты партияішілік жоба қолға алынатын болады.
Әлеуметтік желілердегі жұмыс жүйеленіп, партия жақтастарының қатарын көбейтуге қатысты нақты жұмыстар атқарылмақ. «Ауыл – Достар» деп аталатын жақтастар клубы құрылып, «Еңбек адамы – ел тірегі!» атты саяси бастама қолға алынады. Мұндағы мақсат – еңбек адамының мәртебесін жоғарылату арқылы ауылдық жерлердегі мамандықтардың беделін арттыру.
Бұл ретте, партия төрағасы делегаттар алдында «Ауыл» партиясы азық-түліктегі ГМО-ға қарсы» атты тағы бір саяси бастаманы қолға алғанын жариялады. Бұл идея сонау 2017 жылы «Гендік модификацияланған организмсіз өмір – ауыл шаруашылығы ғылымы мен өндірісінің қазақстандық таңдауы» тақырыбында өткен дөңгелек үстел барысында пайда болыпты.
ГМО демекші, Әли Бектаев еліміздегі мал экспортына да тоқталды. Оның айтуынша, мал басының тірідей шетел асып жатқандығы – келеңсіз жағдай. Мәселен, өткен жылы шетелге 88 мыңға жуық мал сатылса, биылғы тоғыз айда ол көрсеткіш 333 мыңға жетіпті. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 3,8 есеге көп. Сатылған ірі қараның саны 2 есе, ал ұсақ малдың саны 7 есеге өскен. Сондағы мал басының 80%-ын Өзбекстан азаматтары сатып алған екен. Олар Қазақстанның шекара аумағында орналасқан Түркістан, Қызылорда облыстарымен қатар, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Алматы, Жамбыл облыстарынан да малдың сапалы бөлігін іріктеп алуда.
– Ең сорақысы шетке сатылған малдың 50%-ға жуығы – аналық. Яғни, көршілес мемлекеттер Қазақстан малын етке ғана емес, өз малдарының сапасын жақсарту және мал басын көбейту үшін сатып алуда. Біздің депутаттық сауалымыздан соң аналық мал мен оның төлін ел аумағынан шығаруға алты ай мерзімге тыйым салынды, – деді партия төрағасы.
Съезд жұмысы барысында партияның бағдарламалық мақсаттарын орындаудағы қызметі, атқарған жұмыстары туралы егжей-тегжейлі ақпарат ұсынылды. Партияның өңірлік филиалдарының жергілікті жерлердегі агроөнеркәсіптік кешен, әлеуметтік сала, ғылым және өндіріс мәселелері төңірегіндегі жұмыстары талқыланды. Сондай-ақ партия төрағасы ретінде Әли Бектаев қайта сайланып, Саяси кеңестің жаңа құрамы бекітілді. Партия жарғысына өзгертулер мен толықтырулар енгізілді.