«2050 жылға қарай Қазақстан өзінің өндірістік активтерін ең жаңа технологиялық стандарттарға сәйкес толықтай жаңартуы тиіс. Бәсекеге ең қабілетті салаларда біз отандық өндірушілер үшін жаңа нарықтық тауашалар қалыптастыру стратегиясын белсенді әзірлеуге тиіспіз. Бұл, әсіресе, БСҰ-ға кіру перспективаларын ескере отырып, кері индустрияландырудың ықтимал ыдыратушы әсерлерін болдырмауға мүмкіндік береді».
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ,
Қазақстан Республикасының Президенті.
«2050 жылға қарай Қазақстан өзінің өндірістік активтерін ең жаңа технологиялық стандарттарға сәйкес толықтай жаңартуы тиіс. Бәсекеге ең қабілетті салаларда біз отандық өндірушілер үшін жаңа нарықтық тауашалар қалыптастыру стратегиясын белсенді әзірлеуге тиіспіз. Бұл, әсіресе, БСҰ-ға кіру перспективаларын ескере отырып, кері индустрияландырудың ықтимал ыдыратушы әсерлерін болдырмауға мүмкіндік береді».
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ,
Қазақстан Республикасының Президенті.
«Қазхром» ТҰК» акционерлік қоғамына қарасты Ақтөбе ферроқорытпа зауыты ел экономикасына елеулі үлес қосып келе жатқан іргелі кәсіпорын. Акционерлік қоғам нарықтық қатынас жағдайында ырғақты жұмыс істеп қана қоймай, өндіріс тиімділігін арттырудың соны жолдарын іздестіруде. Осы бағытта үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жаңадан салынып жатқан кәсіпорынның №4 цехын өз алдына бөлек ферроқорытпа зауыты десе де болғандай. Еліміздің индустрияландыру картасына енгізілген бұл жоба әлемде теңдесі жоқ жоғары көмірсутекті феррохром өндірісінің инновациялық технологиясын енгізумен, электр қондырғыларының, автоматтандырудың және тұрақты ток пештерінің жаңа жүйесін пайдаланатындығымен бағалы. Жобаны жүзеге асыру еліміздің жоғары көмірсутекті феррохромды экспорттау мүмкіндігін 16 пайызға, облыс бойынша 46 пайызға арттырады, өнімнің өзіндік құнын кемітеді деп күтілуде. Мұнда еңбек өнімділігі 3-4 есе өседі, жоғары температураның жұмысшыларға әсері анағұрлым кемиді. Қазір қарастырылған қаржының басым бөлігі игерілген, жобаны пайдалануға беру биыл төртінші тоқсанға жоспарланып отыр. Жаңа зауыттың жылдық қуаты 440 мың тонна ферроқорытпа шығаруға мүмкіндік береді. Қазір құрылыс жұмыстарында 2 мың қазақстандық еңбек етуде, ал, зауыт іске қосылғанда 1 мың адам жұмыс істейтін болады.
Жаңа зауыттың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Құрылысқа Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген жұмысшылар жұмылдырылуда. Қазіргі таңда жаңа зауыт құрылысына Қазақстандағы ең ірі деген 28 мердігерлік ұйымдар, білікті мамандар тартылған. Солардың бірі – қазақстандық «Имсталькон» компаниясы жаңа зауыттың төрт балқыту пешін құрастырумен айналысады. Осы жұмыста компанияның 350 адамы бір кісідей ұйымшылдықпен еңбек етуде. Компанияның Қарашығанақта, Қашағанда, Теңізде ірі жобаларды жүзеге асырған мол тәжірибесі бар. Ол жобаларда тек цехтар мен эстакадалардың металл құрастырмаларын құрастырса, енді қондырғыларды орнатумен де айналысуға тура келуде. Жоба жүзеге асырыла бастағаннан бергі екі жылда компания 27 мың тонна металл құрамаларын, 50 мың қоршау құралдарын құрастырған екен.
– Қазір стандартқа жатпайтын қондырғы – газ тазарту және басқа қондырғыларды құрастырумен айналысудамыз. Олар осы цех үшін арнайы жасалған. Бұрын мұндайда істемегенбіз, енді осындай жаңа жобалармен жұмыс істеуге дайынбыз, – дейді №4 цехты құрастыру жобасының жетекшісі Константин Авязов.
Компаниямен бұрыннан қоян-қолтық жұмыс істеп жүрген мердігерлік ұйымдардың бірі «№2 Теміртау – Қазмеханомонтаж» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Біз кездескен се
ріктестік директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Алексей Тарасов та жаңашылдық туралы әңгімеледі. Кәсіпорынның 100-ге жуық жұмысшысы конвейер және портальдың тиегіш қондырғыларын құрастыруда.
– «Қазхром»ҰТК» АҚ-пен Жәйрем тау-кен байыту комбинаты құрылысын салуда бірлесіп жұмыс істедік. Мұнда жаңа құрылыс, зауыттың қалай жұмыс істейтінін көрудің өзі бақыт. Бұл Қазақстанның мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына кіретін ірі жоба, әлемде теңдесі жоқ жаңа зауыт құрылысына біздің кәсіпорын да өзіндік қолтаңбасын қалдыруда. Осындай әлемде теңдесі жоқ жобаны жүзеге асыруға қатысып жүргенімізді мақтаныш тұтамыз. Жұмыс барысы бекітілген кестеге сәйкес ауа райының қолайсыздығына қарамастан, ойдағыдай атқарылып, жаңа нысан жедел қарқынмен бой көтеріп келеді, – дейді ол.
Жаңа зауыт құрылысының бас технологы Ержан Абдулабековтің айтуынша, заман талабына сай салынған жаңа зауыт технологиялық цикл шикізат қабылдаудан дайын өнімді жөнелтуге дейінгі жұмысты қамтиды. Ішкі инфрақұрылым, энергиямен қамту жұмыс істеп тұрған зауыттан бөлек. Үлкен де бірегей зауытты Қазақстанның түсті, қара металлургия, сирек металдар, алтын өндіру, машина жасау өнеркәсібі кәсіпорындарын жобалау жөніндегі бас институты жобалаған. Тендерлік құжаттарда мұнда металл құрастырмаларын дайындауды және құрастыруды бір компанияның жүргізуі қарастырылған. Шығындарға логистика мен құрастыру алаңындағы жүк түсіру де кіргізілген. Мердігер стандарттан тыс қондырғылар үшін өндірістік жұмыстарды бөлек жобалаған. Нәтижесінде Қазақстаннан мүмкін болғанның барлығы сатып алынған. Мысалы, құрылыс алаңын электрмен қамтамасыз ететін трансфарматорлар Кентау трансфарматор зауытынан жеткізілген, металл құрастырмалары «Имсталькон» АҚ-тың Қарағандыдағы, Жамбылдағы, Семейдегі, Шымкент пен Ақтөбедегі зауыттарынан қамтамасыз етілген. Салынып жатқан зауытта технологиялық жаңалық та бар. 72 Мвт тұрақты токпен қыздырылатын ферроқорытпа балқытатын төрт пештің қуаты туралы жоғарыда айтылды.
– Бұған дейін ферроқорытпа өндірісі брикеттерді, окатыштарды және табиғи кесек кендерді пайдаланып келді. Жаңа зауытта қолданылатын технология кенді қосымша өңдеуді қажет етпейді. Барлық ұсақ кен брикеттеу фабрикасына немесе окатыш өндірісіне емес, бірден пешке түсіп балқытылады. Мұнда Шұбаркөлдің арнаулы коксын Ресейдің антрацитін пайдаланады. Мұның барлығы шығынды кемітуге мүмкіндік береді. Бұл қазіргідей бәсекелестікке негізделген нарықтық жағдайда өте маңызды.
Жобаның жалпы құны 750 миллион АҚШ долларын құрайды. Қазірдің өзінде алғашқы екі пеште жұмыс істейтін жұмысшылар саны бекітілді, олар 500 адам болады, қызметкерлерді оқыту бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бірқатар мамандар жұмыс істеп тұрған зауыттан ауысып келген екен. Соның бірі – Жәнібек Нұрмұханбетов пешті іске қосуға дайындаумен айналысуда. Ол жұмыс істеп тұрған кәсіпорын мен жаңа зауыттың жұмысында, әсіресе, өндіріс процесін автоматтандыру мен механикаландыруда анағұрлым айырмашылық бар екенін жасырмайды.
Жаңа зауыттың құрылыс-монтаж жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қондырғыларды орнатуда да ілкімділік бар. Зауыттың іске қосылуын бірегей пештерді жасаған Германияның SMS Sieamag компаниясының мамандары да асыға күтуде, олар әрқашан Ақтөбе ферроқорытпа зауыты қызметкерлерінің және мердігерлердің қасынан табылуда. Осылай қоян-қолтық еңбек етудің нәтижесінде жаңа ферроқорытпа зауытын мерзімінде пайдалануға беруге алғышарт жасалып отыр. «Қазхром» ТҰК» АҚ президенті Виктор Тильдің айтуынша, пештің әлемде теңдесі жоқ, зауыт та қуаттылығы бойынша озық болады.
Жаздың аяғына таман жаңа зауыттың қоймасына кен жеткізіле бастайды. Үстіміздегі жылдың қараша айында алғашқы екі пеш іске қосылады, ал, желтоқсан айында қалған екеуі пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.