Қоғам • 29 Қараша, 2019

Президентіміз қуантты, министріміз мұңайтты...

1022 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

С.Мұқанов атындағы Қызылжар қазақ сазды-драма театры Тәуелсіздік жылдарында бой көтеріп, қалыптасқан ұжым. Ол қазір облыстық қана емес, республикалық, халықаралық сахналарда өнер көрсетіп, үздік нәтижелерге қол жеткізіп жүр.

Президентіміз қуантты, министріміз мұңайтты...

Мәселен, 2018 жылы режиссер Фархат Молдағали Мәдениет және өнер саласындағы жоғарғы жетістіктері үшін «Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры» сыйлығының лауреаты атанды. Халықаралық театр күніне орай «Қазақстан театрлар ассоциациясы» ұйымдастырған «САХНАГЕР-2018» Ұлттық театр сыйлығы бойынша «Үміт» номинациясын жас актер Айбол Қасым жеңіп алды. Театр ұжымы Түркияның Кастамону және Анкара қалаларында қазақтың көрнекті ақыны Мағжан Жұмабаевтің 125 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиында өнер көрсетіп қайтты. VI халықаралық «Самғау» театр фестивалінде «ҮЗДІК РЕЖИССУРА» номинациясын жеңіп алып, араға апта салмай II дүниежүзілік «Астана» театр фестивалінде де өнер көрсетіп, әлемдік театр қайраткерлері мен театр сыншыларының жоғарғы бағасын алды. Сондай-ақ V Халықаралық орындаушылық өнер фестивалінде «86» (soundrama) спектаклімен өнер көрсетті. Дәл осы спектакльмен Румынияның Бухарест қаласында өткен «Fest in pe Bulevard» халықаралық фестиваліне қатысты...

Ал биыл Рүстем Есдәулетов атындағы ІІ республикалық театр фестиваліне «Шолпанның күнәсі» спектаклімен қатысып, «Үздік спектакль» Гран-при жүлдесін және 1 млн теңгелік сертификатты жеңіп алды.

Арнайы шақыртумен Қырғызстанның Ош қаласында «ART-ORDO» VII Халықаралық театр фестиваліне М.Әуезовтің «Қарагөз» soundrama жанрындағы спектаклімен қатысып, ІІ орын алды, ал Қарагөз рөлін сомдаған театрдың дарынды жас актрисасы М.Өсербаева «Ең үздік әйел рөлі» номинациясын қанжығасына байлады.

Алайда өнер ұжымының өзіндік проблемалары да көп екен. Біз театрдың үздік режиссерларының бірі Болат Шамбетовпен кездескенде ол Президент Қ.Тоқаевтың Жолдауында айтылған мәдениет қызметкерлерінің жалақысын көтеру туралы тапсырмасына ырзалығын білдіре отырып, бірақ оны Мәдениет және спорт министрлігінің ала-құла жасайтындығына қынжылыс білдірді.

- Бізде жас актерлер тұрақтай алмайды. Оның негізгі себебі - жалақының төмендігі. Оқу бітіріп келген жастар пәтерлерде өздері қаражат төлеп тұрады. Алатын еңбекақысы мардымсыз, оның да негізгі бөлігін пәтерақыға төлеуге мәжбүр. Сосын кетпегенде қайтсін? Қаншама тер төгіп, дайындаған спектакльдеріміз актерлеріміз кетіп қалған соң сахнаға шыға алмай қалады. Аймақтағы театр актерлерінің еңбекақысы 35 пайызға көбейтіледі екен. Соны бөліп-жармай, республикалықтармен бірдей 50 пайызға көтеруге болатын еді ғой. «Жақсылық қылсаң – бүтін қыл» деген емес пе? Біздің алатынымыз жәй да 70-80 мыңнан аспайтын. Ең сорақысы, техникалық қызметкерлердің еңбекақысын көтермеу болып отыр. Олардың асқазандары да тоқтықты талап етпей ме, әлде отбасылық шығындары төмендеп жатыр ма? Бұл не деген әділетсіздік?! Ешқайсының да жарытып ақша көргені шамалы еді ғой. Мысалы, бізде костюмер деген қызмет бар. Оның міндеті театрдағы барлық 23 актердің костюмін дайын етіп тұру. Штаттық кесте бойынша көмекшісі де болуы керек еді, бірақ оның мардымсыз жалақысына ешкім де келмеді. Міне, осындай қызметкерлердің де еңбегі еленбей отырғанына қынжыласың.

Міне, солай, Президентіміз қуантса, министріміз мұңайтты... Алайда осыны министрлік ескеріп, әділетті шешім шығарар деген үмітіміз сөнген жоқ, - дейді режиссер Болат Шамбетов.

 

Қызылжар