Аймақтың басты қазынасының игілікке жаратылуы ерте замандардан-ақ басталса да, нағыз өнеркәсіптік негізде игерілуіне өткен ғасырдың 30-шы жылдарында жол салынғандығы, әсіресе, осы күндерде еске аларлық елеулі оқиға. Рас, соның алдында ағылшындық кәсіпкерлер қара мыстың бірінші қорытпаларын түйелерге артып, орасан зор байлық көзін алысқа мәлім еткен болатын. Ал дәл сол кездегі тарихи өзгерістерге байланысты тоқтатылып қалған жұмысты кейіннен кеңес геологтары жалғастырып, солардың басында мыс қорын нақты анықтап, қазақ жеріндегі жаңа өндірістің шаңырағы көтерілуіне ленинградтық ғалым М. Русаковтың еңбегі ерекше сіңді. Бұл шақта Қаныш Сәтбаев Жезқазған жұлдызын жарқыратып жатса, Михаил Русаков Балқаш бағын асырушы болды.
Қоңырат кенішінің негізінде Балқаш көлінің жағалауында металлургиялық зауыт салынды. 1938 жылдың 24 қарашасында өндірістік тәсілмен алғашқы қара мыс балқытып алынды. Осынау жауапты міндет 1-конвертор цехының металлургтері, ағайынды Александр, Дмитрий Лошкаревтерге, Василий Барановқа, Владимир Вепревке жүктелген еді. Мінеки, содан бері мыс тасқыны толас таппай келеді. Оған қоса алтын, күміс, мырыш, қорғасын, темір концентраты шығарылуы кәсіпорынның атақ-даңқын одан сайын әйгіледі. Елбасы ұсынған ұлттық экономиканы көтеру және тұрақтандыру стратегиясына байланысты шетелдік инвесторлар тартылып, басқаруға берілуі, оның техникалық қайта жарақтануын «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС тереңдетіп әкетуі әлемдегі ірі мыс алыптары қатарынан нық орын алуға мүмкіндік туғызды. Мысының 99,99 пайызды ең жоғары үлгісі, мұндай түрінің жаһанда жоқтығы Балқаш байлығының басты өзгешелігі саналады. Бүгінгі жалпыға белгілі қиындықтарға қарамастан өндірістің қалыпты ырғағы сақталуы балқаштықтарға үлкен тірек. 10 мыңға тарта үлкен ұжымның әр мүшесі солай болуын тілейді, солай болуы үшін аянбай еңбек етеді. Жаңа шикізат көздерін табуға, кені кедей ретінде тасталып кеткен кеніштердегі қалдықтарды қайта кәдеге жаратуға, өндірісті әртараптандыруға бағытталған ізденістер соған жетелейді. Мыс катанкасын және катодты мыс түріндегі дайын өнім шығаруға дейін толықтай ықпалдасқан кәсіпорын келешегіне сенімді.
Металлургтер күніне орайлас келген алғашқы мыс балқытылуына 75 жыл толу мерекелік шаралары зауыттағы еңбек үнімен тікелей астасып өтті. Өндіріс ардагерлері, ізбасарлары, басшылар мен мамандар буыны цехтар алдындағы алаңқайда бас қосып, төс қағыстырды. Бірі біраз жылдан бір-бірін көрмеген, бірі осындай кездесу құрметіне бөленген жас жандардың еңбек адамына тән емен-жарқын қауышудан жарқыраған жүздері сүйсінерліктей еді. «Шіркін, түтін, газ иісінің кеуде атуын-ай! Әбден сағынып қалыппын», дейді ақсақалдық жасқа жетсе де мыс кесегіндей мығым Марат Раджыбаев. Зейнеткерлікке шыққанына 15 жыл болған екен. Мыс балқытып жатуы әлі де түсіне кіруден кетпейді екен. Тұрғылас әріптестері өз ауыздарынан да шыққалы тұрған шынайы лебізді ризалықпен құптасты.
«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС тау-кен өндіру кешенінің бас директоры Бақтияр Қырықпышевтың құттықтауынан кейін сөз жалғастырушылар зауыт тынысымен біте қайнасқан еңбек жолдарынан сыр шертіп, Балқаш өміріне өзек өндірістің өркендей беруіне тілек білдірді, соған үлестерін аянбайтындықтарын сездірді.
Бұдан соң жиналғандар тағатсыздана күткен толқулы сәт туды. Бірінші мыс балқытудың 75 жылдығына арналған мерекелік балқыту басталды. Екінің біріне тапсырыла бермейтін мұндай тарихи істі атқаруға іріктеліп алынған 10 металлург, атап айтқанда, Сергей Демидов, Рүстем Шәкіриянов, Борис Вилютич, Жеңіс Ахметханов, Еркебұлан Айғалиев, Виталий Шкарик, Ерлан Айтбаев, Төлеутай Қалиев, Зейнат Кенжешов, Берікбол Мүкеев қатысты. Үсті-бастарын тұтас киіз киім жапқан жігіттер қимылы жіті әрі ширақ. Жан-жақтан лаулаған жалын дүлейінің ортасында арпалысқан ертегідегі отқа жанбастай жандарды елестетеді. Алып шөмішке құйылып, аспалы кранмен жылжытылып әкеліп науаларға төгілген отты селді толтырушылар осылар болатын. Мыс балқыту үрдісінде әдетте сағат тілі минөт, секөнтіне дейін есептеулі ғой, әр сәті қалт жіберілмеді. Мұны кешегі, бүгінгі әріптестері байқап тұрған екен, ду қол шапалақтап жіберді. Мерейтойлық балқыту сәтті өтуі көпшілік көңілін және өсірді.
– Қол жаттыққан, көз үйренген жұмыс емес пе. Әйтсе де әуелде әжептәуір қобалжыдық. Қанша айтқанмен, дүйім жұрт алдында мыс балқыту жа уапкершілігі оңай болмады. Бұл мен үшін үлкен бір сын болды. Осындай өндірісте жұмыс істеуді маңдайыма жазған тағдырыма ризамын. Қазір бәрі әлдеқайда жеңіл. Техника сенімді. Шеберлігіміз де сай, – деді конвертор цехынан шыққан бетте тілшілер қоршауына түскен Жеңіс Ахметханов. Онымен бірге сыртқа беттеген серіктесі Еркебұлан Айғалиевтің «Күн ысып кетіпті-ау», деген сөзін қағып алған әріптестері: «Ал әлгіндегі қызуы 1000 градустан асқан орта ше?» дейді. «Е, ол үйреншікті ыстық қой», деп Еркебұлан сөзден жығылмады. Айтылса айтылғандай, от ортасындағы ыстықты елемейтін жандар бұлар.
Мерекелік шаралар жалғасы Мағауия Хамзин атындағы Металлургтер сарайында өткен салтанатты жиынмен жарасты. Еңбек озаттары өздеріне көрсетілген құрметтен мерейлері өсіп, көңілдері шаттанды. Облыс әкімінің құттықтау хаттары, корпорация басқармасы төрағасының, «Қазақмыс Смелтинг» ЖШС-нің Құрмет грамоталары, «Еңбек даңқы» төсбелгілері тапсырылды. Темір тұлпарлар да тарту етілді. Солардың кілттеріне ие болған Кеңесбай Жортбасов, Төлеген Нілдібаев, Сергей Демидов, Мұрат Керімбаев, Алтынмұрат Құтжанов, Маратхан Баймағамбетов, Мәдениет Шоқатаев, Владимир Калугин, Надежда Гебель, Тұрсынбай Далабаев жұрт көзінше сыйланған көліктеріне масаттана мініп, үйлеріне олжалы қайтты. Өндірісте мерт болғандардың отбасылары мен жарақат алып, мүгедектікке шыққан жандарға да жәрдемақылар берілді. «Корпорациямыздың зауыт тарихындағы айтулы оқиғаның есте қаларлықтай атап өтуіне ризамыз. Бізге не керек, осындай шынайы пейіл керек. Шүкір, ертеңге еш алаңдаушылығымыз жоқ. Сол үшін де разылығымыз бір бөлек», деді мыс балқытушы Мұрат Тілеубеков қысқа қайырым тілдесуде.
Басқасынан өзгерек болған бұл мереке компанияның қаладағы барлық спорттық, мәдени орындарын жарыстар, концерттік бағдарламалар жаңғырығына бөледі. Шаһармен құшақ айқастырған Балқаш көлінің жағалауы кешкісін үлкен-кішіге лық толып, отандық эстрада жұлдыздарының өнері тамашаланды. Түн қараңғылығы қоюланғанда аспанды отшашулар жарқыратып, арайланып атып келе жатқан жаздың қысқа таңы Балқашқа нұр шапағын жайдыра келді. Өндірістің күнделікті күйбеңіне қарамастан қала, аймақ, қала берді ел түсті металлургиясы тарихындағы елеулі оқиғаның осылайша барынша сән-салтанатымен аталып өтуіне ұйытқы болушы «Қазақмыстың» бұл өз еңбеккерлеріне арнаған, тағы бір көпшілік көңіліне қонған, қатты ұнаған тамаша шарасы болды.
Айқын НЕСІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Қарағанды облысы,
Балқаш қаласы.