Аймақтар • 29 Қараша, 2019

Жетісудың «Жедел жәрдем» жүйесі жаңартылды

369 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жетісудың «Жедел жәрдем» қызметінің дәрігерлері жыл басынан бері 691 546 рет қоңырау қабылдап, 84 науқасқа шұғыл реанимациялық көмек көрсеткен екен.

Жетісудың «Жедел жәрдем» жүйесі жаңартылды

Бүгінде аймақтағы «Жедел жәрдем» стансасы «Көмек-103» бірыңғай желісі бойынша қызмет көрсетеді. Талдықорған қаласында орналасқан басқару орталығына 21 бөлімше мен 39 жедел көмек көрсету бекеттері қарайды.  

- Жедел жәрдем қызметінің жұмысы күн сайын қауырт әрі өлшеусіз. Соған қарамастан дәрігерлер өз қызметін қабақ шытпай атқаруда. Мен әріптестерімнің жұмысын ерлікке балар едім, - дейді облыстық «Жедел жәрдем» стансасының директоры Қанат Қалдыбаев.

Бас дәрігердің айтуынша, кезекшілік кезінде әр бригада 15 шақыртудан артық қабылдамауы тиіс. Бірақ өтініштердің көптігінен дәрігерлер тәулігіне 27-28 адамның үйіне баруға мәжбүр болып отырған көрінеді. Қазір алғашқы дәрігерлік көмек көрсету үшін 165 «жедел жәрдем» көлігі бір мезетте кезекшілік етеді. Алайда, шақырушылар мен шағымданушылардың көптігі жедел бригаданың жетіспеушілігін туғызуда.

- Біздің саламызда 54 дәрігер, 626 арнаулы қызметкер жұмыс істейді. Көлік жетіспеушілігі туындайтынын жасырмауымыз керек. Министрліктен қосымша көлікпен қамтуды сұрап отырмыз. Аймақтағы адам санының үлесіне шаққанда, бізде әр ауысым сайын 200 «жедел жәрдем» көлігі кезекшілік етуі тиіс, - дейді бас дәрігер Қанат Қалдыбаев.