23 Шілде, 2013

Өркенді жұмыстардың өрісі кеңеюде

391 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Облыстық мәслихаттың кезекті он төртінші сессиясында облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуы туралы есебі тыңдалды. Ол облыстық мәслихат депутаттарының алдында үстіміздегі жылғы алғашқы жартыжылдықта атқарылған жұмыстардың тінін тарқата баяндады.

Өңір басшысы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегия­сы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауынан туындайтын мін­деттерді жүзеге асыруда өңірде ілгерілеушілік бар­ екеніне тоқтала келіп, бірін­ші жартыжылдықта эконо­ми­каның базалық секторын­да оң нәтижелерге қол жет­кі­зілгенін атап көрсетті. Оның айтуынша, Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдар­ла­масының тиімді жүзеге асырылуы өнеркәсіп өнімінің артуына септігін тигізіп отыр, облыстың өнеркәсіп өнімінің жалпы көлемінің 18 пайызы – индустрияландыру картасына енгізілген жаңа өндірістердің үлесіне тиесілі. Бірінші жартыжылдықта жалпы сомасы 1,1 миллиард теңге болатын 3 жаңа нысан іске қосылып, 150 жаңа жұмыс орны ашылған. Ал жылдың аяғына дейін 1 мыңнан астам жұмыс орнын ашатын, жалпы сомасы 120,1 млрд. теңге бо­латын 10 жаңа жобаны жү­зеге асыру жоспарланып отыр.

Облыс әкімі жыл басынан бері белсенді шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 1,5 пайызға артып, 32,9 мыңға жеткенін мәлімдеді. Аталған салада қазір 118,4 мың адам жұмыс істейді, бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда, 7 пайызға көп деген сөз. Жергілікті бюджет түсімдерінің үштен бірін қамтамасыз етіп отырған кә­сіп­керлердің белсенді жұ­мыс жасауына «Жол карта­сы-2020» бағдарламасы оң­ ықпал етуде. Бұл бағ­дарлама бойынша облыс­та 784 кәсіпкер мемлекеттік қолдауға ие болған. Биыл рес­публикалық бюджеттен «Жол картасы-2020»-ның жүзеге асырылуына 3187,6 миллион теңге бөлініпті.

Жыл басынан бергі алты айда ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 38,5 миллиард теңгені құрапты. Облыс басшысы саладағы көрсеткіштердің төмендеуі, ең алдымен, мал басы мен­ ауыл шаруашылығы өнім­дерінің азаюына байланыс­ты болып отырғанын жасыр­мады. Сондықтан мал шаруа­шылығын дамытуға айрық­ша көңіл бөлу қажет, деді А.Мұхамбетов. Жалпы, бірін­ші жартыжылдықта ауыл шаруашылығы өндірісін да­мытуға 3,2 миллиард теңге қаржы жұмсалған, жыл ая­ғына дейін 4,0 миллиард­ теңге игеру көзделуде. Са­лық­тар мен басқа да төлемдер көлемі арта түсіп отыр, ай­мақ экономикасының қар­қын­ды дамуы нәтижесінде тұрғындардың әл-ауқаты жақ­сарып келеді, орташа айлық жалақы 7 пайызға өсіп, кедейшілік деңгейінен төмен өмір сүріп жатқан азаматтар саны 31 пайызға төмендеген.

Өңір басшысы облыста «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасының барлық 9 бағыты бірдей жүзеге асырылып жатқанынан хабардар етті.

Сондай-ақ, қазіргі уақытта облыста газбен қамту бойынша сомасы 3,6 миллиард теңге болатын 18 жоба жүзеге асырылып жатқанын атап көрсетті. 2014 жылы республикалық бюджеттен облыстағы елді мекендерді газдандыру үшін 7,8 миллиард теңге бөлу қарастырылған, мұның өзі 2015 жылға қарай облыс халқының 90 пайызын газбен қамтуға мүмкіндік береді, деді ол.

Елді мекендерді сумен қамтамасыз етуде ілгерілеушілік бар. Жыл аяғы­на дейін тоғыз аудандағы 16 елді мекенде, келесі жылы 22 ауылда, 2015 жылы тағы 31 елді мекенде жер асты су қорын зерттеу жұмыстары жүр­гізіледі деп күтілуде. 2015 жылға қарай облыс тұр­ғындарының 90,5 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады.

Облыс әкімі бұдан басқа жылу беру маусымына дайындық, автокөлік жолдарын жөндеу, денсаулық сақтау мен білім беру салаларына қатысты бірқатар мәселелерге айрықша тоқталып, жаңа әлеуметтік нысандар салу, «Балапан» бағдарламасын жүзеге асыру, спортты дамыту бағыттарындағы жұмыстарды жүйелей әңгімеледі. Ол депутаттардың қойған сауалдарына толыққанды жауап беріп, толғақты мәселелердің қалай шешілетіні туралы ой-пайымдарымен бөлісті.

Сатыбалды СӘУІРБАЙ,

«Егеменді Қазақстан».

Ақтөбе облысы.