Аймақтар • 02 Желтоқсан, 2019

Жас сарбаздар әскери ант қабылдады

899 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қасым Қайсенов атындағы 27943 әскери бөлімінің жас сарбаздары (жалпы саны - 330) салтанатты түрде әскери ант қабылдады.

Жас сарбаздар әскери ант қабылдады

Тұңғыш Президент күні мерекесінде Өскемендегі «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты Қасым Қайсенов атындағы 27943 әскери бөлімінің жас сарбаздары (жалпы саны - 330) салтанатты түрде әскери ант қабылдады.

ант

Жас сарбаздардың әскери ант қабылдау рәсімі бөлімнің саптық алаңында салтанатты сапқа тұрғызылып, құрметті қонақтар мен әр өңірден жиналған ата-аналардың қатысуымен өтті. 

ант 1

«Салтанатты шара барысында «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлер қолбасшысының техникалық қамтамасыз ету жөніндегі орынбасары, полковник Бақытбек Садықов, әскери-патриоттық комиссияның төрайымы, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры Ленста Әубәкірова, отставкадағы полковник Амангелді Құрымбаев ақсақал мен жас сарбаздар ата-аналарының атынан Наурет Нұрдаулеттің анасы Жеңісгүл Тілеубай және Ташим Бақдәулеттің әкесі Жаңабек Ташимов құттықтау сөз сөйледі. Жас сарбаздар атынан сөз сөйлеген  қатардағы Нұрлыбек Жетібаев пен Владислав Брекотнин: «Әскери ант қабылдай отырып, біздерді қысқа мерзімде осы әскери өмірге бейімдеуде қызмет еткен офицерлер мен сержанттарға алғыс білдіреміз. Сонымен қатар «Біз жас сарбаздар елімізді қорғауға, жерімізді сақтауға және үлгілі азамат болуға салтанатты түрде ант етеміз!» деді. 27943 әскери бөлім командирі, подполковник Ержан Мейрманов: «Бүгінгі күн - сіздердің өмірлеріңіздегі тарихи күн. Әскери ант қабылдай отырып, Сіздер біздің Тәуелсіз Қазақстанымыздың Отан қорғаушылары болдыңыздар! Бүгінгі таңда біздер батырларымыз Сағадат Нұрмағамбетов, Талғат Бигелдинов, Бауыржан Момышұлы, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова және Қасым Қайсенов, Төлеген Тоқтаров есімдерін мақтанышпен айтамыз. Олар да осылай Отанға адал болуға ант қабылдап, өз әскери жауынгерлік міндеттерін табандылықпен орындап, ерлікпен елге қызмет атқарды. Осы ата-бабаларымыздың Отанға деген шексіз сүйіспеншіліктері Сіздер мен біздер үшін нағыз үлгі, құрметті жауынгерлер!» деп өз лебізін жеткізді. Шара соңында жас сарбаздар жиыны жеке құрамы қысқа мерзімде өздері меңгерген қоян-қолтық ұрыс жаттығуларынан қарумен және бөлімнің штаб батальоны барлау ротасы жеке құрамы жауынгерлік ұрыс, оқу-тактикалық жаттығуларынан көрсетілімдерді қонақтар назарына паш етті» дейді 27943 әскери бөлімінің идеологиялық жұмыстар, арнайы насихат және мемлекеттік-құқықтық дайындық жөніндегі аға офицері Н.Малғаждаров.

 ӨСКЕМЕН