Әлем • 03 Желтоқсан, 2019

Қытай – дипмиссиясы ең көп мемлекет

643 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Осыдан елу жыл бұрын Қытайдың Каирде ғана шетелдік елшілігі болса, қазір ол әлемдегі дипломатиялық өкілдіктерінің саны бойынша АҚШ-ты басып озыпты. Лоуи институтының жаһандық дипломатияға қатысты биылғы зерттеуі Қытайдың әлем бойынша 276 елшілігі, консулдығы мен тұрақты өкілдігі бар екенін анықтаған.

Қытай – дипмиссиясы  ең көп мемлекет

61 елдің дипломатиялық бай­ланысын зерделейтін Лоуи институ­ты­ның Жаһандық дипломатия­ның ин­дексі рейтингінің нәтижесі бойын­ша 2019 жылы АҚШ әлемде өзінің 273 өкілдігін орналастырса, Қытай үш орталық артық ашыпты. Сарапшылардың айтуынша, соңғы бес жылда Қытай өзге елдермен қарым-қатынасын жақсартуда ерекше белсенділік танытқан. 2016 жылы ғана 267 дипломатиялық миссиямен АҚШ пен Франциядан кейінгі үшінші ел болған, ал 2017 жылы бір саты жоғарылаған. 2019 жылы сол қар­қынмен АҚШ-ты ығыстырып, ең дип­ло­матшыл мемлекетке айналып отыр.

Соңғы екі жылда Қытай жаңа елші­ліктерін Буркина-Фасо, Доминикан Республикасы, Саль­вадор, Гамбия, Сан-Томе және Принсипи елдерінде ашқан. Аталған тізім де кездейсоқ емес. Арнайы саяси науқан бойынша Бейжің Тайваньның соңғы қал­ған дип­ломатиялық серіктестерімен жақсы қарым-қатынас орнатуға тырысқан. Жақында Тынық мұхиты аралдары ай­мағындағы екі ел – Кирибати және Соломон аралдары Тайваньмен дип­лома­тиялық байланыстарын үзіп, Қы­тай­мен ымыраға келген. Осылайша Тай­вань­ды мойындайтын елдер саны 2016 жылғы 22-ден бүгін небәрі 15-ке қысқарып отыр. Қытай да, Тайвань да өз қарсыласы­мен еш байланысы жоқ елмен ғана толыққанды дипломатиялық қарым-қатынас ұстана алады. Бейжің үшін бұл жағдай Тайваньның саяси оқшаулануын күшейтумен қа­тар, өзінің экономикалық және саяси мүмкін­діктерін арттыруға ықпал етеді.

Қытайдың сыртқы істер ми­нистр­лігінің белсенді жұмысы АҚШ-пен екі ел арасындағы бәсекелестіктің тағы бір көрінісі секілді. АҚШ президенті Дональд Трамптың сыртқы саясаты соң­ғы жылдары оң нәтиже көрсетпей келе­ді, ал осы сәтті тиімді пайдалана біл­ген Қытай қарсыласының әлемнің дипломатиялық орталығы деген мәр­тебесінен айырылғанын көздей­тін­дей. 2017 жылы билік­ке келген сәттен бастап Дональд Трамп АҚШ-тың Мемлекеттік департаментінде бюджетті айтар­лықтай қысқартуға тырысты, дипломаттар санын 25 пайызға азайтып, осы әрекеті үшін сынға да ұшырады. АҚШ мамандары дипломатиялық инфрақұрылымды дамыту елдің халықаралық әсерін нығайтуға алғашқы қадамы екенін айтады. «Бұл Қытайдың алдағы уақыттағы халықаралық саяси аре­надағы ықпалын арттырып, дип­­ло­матиялық күшке айналуды көз­дейтін үлкен жоспарларынан хабардар етеді» дейді сарапшылар. АҚШ-тың Антигуа және Барбуда, Гвинея-Бисау, Сейшель аралдары, Вануату, сондай-ақ Сирия мен Солтүстік Кореяда ешбір өкілі жоқ. Ал Қытай бұл елдермен достық қарым-қатынасты жолға қоя білді.

Қытайдың өзге елдермен дип­ло­ма­тия­лық қарым-қатынасын қарастыр­ғанда санына ғана емес, сапасына да мән берген жөн. Бұл жерде елшіліктер мен консулдықтар саны маңызды рөл атқарады. Елшілік сандары бойынша АҚШ пен Қытай тең түссе, кон­­сул­дықтар ашуда Қытай алдына жан салмайды. Себебі елшіліктер көбіне саяси күшті біл­дірсе, екіншісі экономикалық маңызға ие. Ал Қытай үшін өзге елдермен қарым-қатынасты дәстүрлі жолдан гөрі экономикалық тұр­ғыда орнатқан әлдеқайда тиімдірек болып отыр. Қытайдың жалпы 96 кон­сул­дығының 41-і Азияда, ал 28-і Еуропа­да орналасқан. «Бір белдеу, бір жол» бастамасы да осы мақсатта үлкен маңыз­ға ие. 150-ден астам ел мен халықара­лық ұйымдарды қамтып, триллион долларға бағаланған жоба Қытай­дың осы аймақтармен байланысын жаңа деңгейге көтерді.   

Лоуи институтының жаһандық дип­ломатияға қатысты зерттеуінің нәти­жесі бойынша тізімде Қытай мен АҚШ-тан кейін Франция, Жапония және Ресей елдері бастап тұр. Бұл – әлемдегі ең дипломатшыл елдердің үздік бестігі.