61 елдің дипломатиялық байланысын зерделейтін Лоуи институтының Жаһандық дипломатияның индексі рейтингінің нәтижесі бойынша 2019 жылы АҚШ әлемде өзінің 273 өкілдігін орналастырса, Қытай үш орталық артық ашыпты. Сарапшылардың айтуынша, соңғы бес жылда Қытай өзге елдермен қарым-қатынасын жақсартуда ерекше белсенділік танытқан. 2016 жылы ғана 267 дипломатиялық миссиямен АҚШ пен Франциядан кейінгі үшінші ел болған, ал 2017 жылы бір саты жоғарылаған. 2019 жылы сол қарқынмен АҚШ-ты ығыстырып, ең дипломатшыл мемлекетке айналып отыр.
Соңғы екі жылда Қытай жаңа елшіліктерін Буркина-Фасо, Доминикан Республикасы, Сальвадор, Гамбия, Сан-Томе және Принсипи елдерінде ашқан. Аталған тізім де кездейсоқ емес. Арнайы саяси науқан бойынша Бейжің Тайваньның соңғы қалған дипломатиялық серіктестерімен жақсы қарым-қатынас орнатуға тырысқан. Жақында Тынық мұхиты аралдары аймағындағы екі ел – Кирибати және Соломон аралдары Тайваньмен дипломатиялық байланыстарын үзіп, Қытаймен ымыраға келген. Осылайша Тайваньды мойындайтын елдер саны 2016 жылғы 22-ден бүгін небәрі 15-ке қысқарып отыр. Қытай да, Тайвань да өз қарсыласымен еш байланысы жоқ елмен ғана толыққанды дипломатиялық қарым-қатынас ұстана алады. Бейжің үшін бұл жағдай Тайваньның саяси оқшаулануын күшейтумен қатар, өзінің экономикалық және саяси мүмкіндіктерін арттыруға ықпал етеді.
Қытайдың сыртқы істер министрлігінің белсенді жұмысы АҚШ-пен екі ел арасындағы бәсекелестіктің тағы бір көрінісі секілді. АҚШ президенті Дональд Трамптың сыртқы саясаты соңғы жылдары оң нәтиже көрсетпей келеді, ал осы сәтті тиімді пайдалана білген Қытай қарсыласының әлемнің дипломатиялық орталығы деген мәртебесінен айырылғанын көздейтіндей. 2017 жылы билікке келген сәттен бастап Дональд Трамп АҚШ-тың Мемлекеттік департаментінде бюджетті айтарлықтай қысқартуға тырысты, дипломаттар санын 25 пайызға азайтып, осы әрекеті үшін сынға да ұшырады. АҚШ мамандары дипломатиялық инфрақұрылымды дамыту елдің халықаралық әсерін нығайтуға алғашқы қадамы екенін айтады. «Бұл Қытайдың алдағы уақыттағы халықаралық саяси аренадағы ықпалын арттырып, дипломатиялық күшке айналуды көздейтін үлкен жоспарларынан хабардар етеді» дейді сарапшылар. АҚШ-тың Антигуа және Барбуда, Гвинея-Бисау, Сейшель аралдары, Вануату, сондай-ақ Сирия мен Солтүстік Кореяда ешбір өкілі жоқ. Ал Қытай бұл елдермен достық қарым-қатынасты жолға қоя білді.
Қытайдың өзге елдермен дипломатиялық қарым-қатынасын қарастырғанда санына ғана емес, сапасына да мән берген жөн. Бұл жерде елшіліктер мен консулдықтар саны маңызды рөл атқарады. Елшілік сандары бойынша АҚШ пен Қытай тең түссе, консулдықтар ашуда Қытай алдына жан салмайды. Себебі елшіліктер көбіне саяси күшті білдірсе, екіншісі экономикалық маңызға ие. Ал Қытай үшін өзге елдермен қарым-қатынасты дәстүрлі жолдан гөрі экономикалық тұрғыда орнатқан әлдеқайда тиімдірек болып отыр. Қытайдың жалпы 96 консулдығының 41-і Азияда, ал 28-і Еуропада орналасқан. «Бір белдеу, бір жол» бастамасы да осы мақсатта үлкен маңызға ие. 150-ден астам ел мен халықаралық ұйымдарды қамтып, триллион долларға бағаланған жоба Қытайдың осы аймақтармен байланысын жаңа деңгейге көтерді.
Лоуи институтының жаһандық дипломатияға қатысты зерттеуінің нәтижесі бойынша тізімде Қытай мен АҚШ-тан кейін Франция, Жапония және Ресей елдері бастап тұр. Бұл – әлемдегі ең дипломатшыл елдердің үздік бестігі.