Әдебиет • 03 Желтоқсан, 2019

Қазыналы әлеммен қауышты

901 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ұлттық академиялық кітапхана Мәдениет және спорт министрлігінің, Білім және ғылым министрлігінің, сондай-ақ, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен Қазақстанның халық жазушысы, қоғам және мемлекет қайраткері Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдық мерейтойы аясында «Әбіш әлемі» атты оқу конгресін өткізді.

Қазыналы әлеммен қауышты

Нұр-Сұлтандағы Тәуелсіздік сарайында өткен үлкен жиын «Әдеби кездесумен» ашылды. Кекілбаевтар отбасының ұйыт­қысы, жазушының жа­ры Клара Жұмабайқызы, қызда­ры Зәузат пен Сәулет, келіні, немерелері Абыл мен Әділ қатысып, зиялы қауым алдында кемел жазушы жайлы естеліктерімен бөлісті. Қ.Қуанышбаев атындағы драма театрдың әртістері кездесудің шырайын келтіріп мерейтой иесі Әбіштің, жазушының анасы Айсәуленің, жары Клара мен балаларының образдарын жасап қақ төрде отырды.

Қонақтар Тәуелсіздік сарайы­ның фойесінде жазушының ғұмыры мен шығармашылығына арналған «Әбіш әлемі» атты фотокөрмені тамашалады. Оған қаламгердің кітаптарының цифр­лық көшірмелерінің QR код­тары мен жеке мұрағаттағы ең жарқын сәттері бейнеленген 50-ден астам суреттері қо­йылды. Сондай-ақ, «Қазақстан мен шет ел­дерден алған награда­лар» деген тақырыпта қаламгердің көзі тірісінде жеткен жетістіктері – 100-ден астам марапаттар, дип­ломдар мен алғыс хаттар қойылды. Оның ішінде Құр­мет ордені, Отан ордені, Қазақстанның Ең­бек Ері, Достастық ордені, Тұңғыш Президент ордені, Қазақ­стан­ның мемлекеттік сый­лығы, Елбасының бейбітшілік және рухани келісім сыйлығы, Қа­зақ­станның Халық жазушысы, «Платинум Тарлан» сый­лығының куәліктері және т.б. марапаттар бар.

Заңғар жазушыға арналған оқу конгресі Құрманғазының әйгілі «Адай» күйімен ашылды. Ақын Светқали Нұр­жанның жазушыға арнаған «Мадақ жырын» елордалық Қаллеки театрының әртістері орындады.

Конгресте алғашқы бейне­құт­тық­тауларды шетелдік қа­­лам­­­герлер, ға­лымдар мен аудар­­машылар жолдады. Олар – вен­гриялық түркітанушы ға­лым Оңай­ша Мандоки, әдебиет­танушы Бода Лайош, этнограф ғалым Дәуіт Шомфай Қа­ра, ресейлік әдебиеттанушы Нико­лай Анастасьев, германиялық әдебиеттанушы, аудармашы Крис­тина Лихтенфельд, түр­киялық ғалым Хулия Касаноглу Ченгел, ресейлік прозаик, аудармашы Анатолий Ким және басқалар. Әбіш Кекілбайұлымен шығармашылық байланыста болған бұл шетелдік зиялы қауым өкілдерінің әрқайсысы қа­ламгер жайлы өз пікірлерін, оның «Аңыз­дың ақыры» романын аудару ба­рысындағы кейбір мезеттерді әңгі­ме­ге арқау етті. Жалпы, «Аңыздың ақы­ры» жазушының өзге тілдерге ең көп аударылған шығармасы. Биылғы «Бір ел – бір кітап» акциясында да жұртшылық тарапынан дәл осы романның таңдап алынуы тегін болмаса керек.

Конгрес барысында Мә­де­ниет және спорт министрі Ақ­тоты Райымқұлова Мемле­кеттік хатшы Қырымбек Көшер­баевтың құт­тықтау хатын оқы­ды. Министр жазу­шының «Бір ел-бір кітап» акциясы аясында таңдалған «Аңыз­дың ақыры» романын бір жылдың көлемінде республика бойынша 4 мың кітапхананың шеңберінде 700 мыңнан аса адам оқығанын жеткізді.

Үлкен жиында мемлекет және қоғам қайраткері, сын­шы, әдебиеттанушы Сұл­тан Оразалин, Еуразия универси­тетінің доценті, ақын Оңайгүл Тұржан, Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәу­лет, Мемлекеттік сый­лықтың иегері, жазушы Төлен Әбдік жазушы туралы ой-пікірлерін, естеліктерін айтты. Ресми жиынды Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының төрағасы, ақын Дәулеткерей Кәпұлы жүргізді.

Конгрес аясында Әбіш Кекіл­байұлы шығармалары 20 томдығының тұсауы кесілді. «Әбіш әлемі» байқауының қо­ры­тындысы жарияланды. Бұл байқаудың бір ерекшелігі – Әбіш Кекілбаев – заңғар жазушы, Әбіш Кекілбаев – заманауи ойшыл, Әбіш Кекілбаев – айшықты ақын, тағы сол сияқты сырлы суреткер, тағылымды тарихшы дегендей жиырма қырын санамалап, әрқайсысын бір аталымға айналдыруында болды. Осы жиырма аталымның әрқайсысына, тіпті екеу-үшеуіне түрлі ұйымдар, партиялар мен жекелеген азаматтар демеушілік жасады. Соның ішінде «Ақ жол» партиясы, Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті, Назарбаев университет, ақын Есенғали Раушанов, елордалық дәрігер Қайрат Айдарханұлы, тағы басқа да азаматтар бар. Әлгі жиырмадан бөлек проза және поэзия аталымы бойын­ша екі Гран-при сыйлығы тағы бар. Айта кетейік, бұл екі Гран-придің екеуі де танымал қаламгерлерге бұйырды. Оның бірі – жазушы, ғалым Тұрсын Жұртбай болса, екіншісі – ақын Серік Ақсұңқарұлы.

Конгрестің екінші күнінде зиялы қауым өкілдері мен арнайы шақырылған қонақтар Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ашыл­ған Әбіш Кекілбайұлы атын­дағы кабинетпен танысты, кітапханашылармен кездесті, Ұлт­тық пантеонға барып, мар­құм­ның аруағына құран бағыш­тады. Жалпы, екі күнге созыл­ған конгресте тағылымды, маз­мұнды, қызықты іс-шаралар көп болды.