Руханият • 03 Желтоқсан, 2019

Күлкі керуені № 18

3630 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Күлкі керуені № 18

*Шетел әзілі

ШАЙТАННЫҢ КӨКЕСІ

 Оған «Кет, шайтан алғыр, шайтандарыңа кет!» — деді.

 Ол шайтандарға келді.

Шайтандар арақ-шараптарын ішіп, тамақтарын жеп, сол күнгі істеген  әзәзіл істерін әңгімелеп, бір-біріне мақтанып отырған-ды. Келген қонақты дастарханға шақырды.

Бір шайтан: — Ешқандай жазығы жоқ болса да, күйеуіне әйелін мықтап сабаттырдым, — деді.

— Жарадың! — деп жолдастары оны қоштап қойды.

— Содан кейін олар ажырасты ма? —деп сұрады келген қонақ.

— Жоқ, — деді шайтан.

— Осындай да іс болғаны ма! — деп қонақ басын шайқады. — Бұл дегенің қанағатсыз, аяқталмаған іс қой.

Шайтандар енді оған ризашылықпен назар аудара бастады.

— Мен,  деді екінші шайтан, — әкесі мен баласын жанжалдастырғаным сондай, енді екеуі бірін-бірі көргісі   келмейді.

— Жарадың! — деп жолдастары оны да қоштап қойды.

— Тек болғаны осы ма? — деп қонақ тағы да араласты.

— Тек қана осы, — деп шайтан сескене мойындағандай болды.

— Бұл ісің іс емес, бұл — көзбояушылық! — деп қонақ күйіп-пісті. — Бүйтіп іс біте ме, істеген соң әкесі — не баласын қуып шығуы керек еді, не үйге тұруға хұқынан мүлдем айыруы керек еді, ал баласы әкесінен өш алу үшін оның жеңіл мәшинесінің барлық дөңгелектерін жарып кетуі керек еді.

— Бұл ойыма келмепті, — деп шайтан кешірім өтінгендей жер шұқылап кетті. Бөлмеде қолайсыздау тыныштық орнады.

— Мен былай істедім, — деп үшінші шайтан сөзін сенімсіздеу бастады, — бір бастықты  еш  себеп-салдарсыз орнынан алғыздым.

— Одан кейін не болды? — деп қонақ аяғын білуге құмартты.

— Ештеңе де болған жоқ.

—Біле білсеңдер, мен бұндай істі ешуақытта аяқсыз қалдырмаймын, — деді қонақ. — Газетке сынатып, туған қаласын тастай қашуға мәжбүр етер едім. Ал сіздің бастығыңызды ең болмаса кәсіподақ мүшелігінен де шығарған жоқ па?

— Шығарған жоқ қой деймін, — деді шайтан міңгірлеп.

— Осыны да іс тындырдым деп! — қонақ тас-талқан боп ашуланды. — Сіздердің тамұқтарыңда ешқандай тәртіп деген жоқ екен.

Шайтандар ішіп отырған шараптары мен жеп отырған тамақтарын да ұмытты, тек біреуінің ғана батылы жетіп:

— Кешіріңіз, егер құпия болмаса, сіз жер үстінде қандай іспен шұғылданасыз? — деп сұрады.

—   Шынында   да,   менің істейтін ісімнің құпия екені рас, — деді қонақ. — Бірақ сіздер   ниеттес інішектер болғандықтан жасырмай айтуға   болады,   мен   — домалақ   арыз   жазудың шеберімін. Домалақ арызды қардай боратам, кімнің кім екеніне қарамаймын, тақырып та таңдамаймын.

Шайтандар оған зор ілтипат білдіріп,  масаттана қарасты.

— Жарайды, мен кеттім, — деді қонақ, — сіздерден үлгі-өнеге алатындай ештеңе жоқ екен. Мені сіздерге босқа жұмсаған екен. Сөйтті де ол шығып кетті. Шайтандар оны кеу-кеулеп есікке дейін шығарып салып, тек қонақтары тұманды қараңғылыққа сүңгіп, көзден ғайып болғанда барып бас шайтан демін "Уһ" деп алып:

— Міне, мынауың шайтанның көкесі ғой! — деді дауысы қалтырап, — кеткеніне шүкіршілік етемін, әйтпесе біздің үстімізден домалақ арыз жазады екен деп зәре құтым қалмап еді…

Г.Спасов.