*Шетел әзілі
ШАЙТАННЫҢ КӨКЕСІ
Оған «Кет, шайтан алғыр, шайтандарыңа кет!» — деді.
Ол шайтандарға келді.
Шайтандар арақ-шараптарын ішіп, тамақтарын жеп, сол күнгі істеген әзәзіл істерін әңгімелеп, бір-біріне мақтанып отырған-ды. Келген қонақты дастарханға шақырды.
Бір шайтан: — Ешқандай жазығы жоқ болса да, күйеуіне әйелін мықтап сабаттырдым, — деді.
— Жарадың! — деп жолдастары оны қоштап қойды.
— Содан кейін олар ажырасты ма? —деп сұрады келген қонақ.
— Жоқ, — деді шайтан.
— Осындай да іс болғаны ма! — деп қонақ басын шайқады. — Бұл дегенің қанағатсыз, аяқталмаған іс қой.
Шайтандар енді оған ризашылықпен назар аудара бастады.
— Мен, деді екінші шайтан, — әкесі мен баласын жанжалдастырғаным сондай, енді екеуі бірін-бірі көргісі келмейді.
— Жарадың! — деп жолдастары оны да қоштап қойды.
— Тек болғаны осы ма? — деп қонақ тағы да араласты.
— Тек қана осы, — деп шайтан сескене мойындағандай болды.
— Бұл ісің іс емес, бұл — көзбояушылық! — деп қонақ күйіп-пісті. — Бүйтіп іс біте ме, істеген соң әкесі — не баласын қуып шығуы керек еді, не үйге тұруға хұқынан мүлдем айыруы керек еді, ал баласы әкесінен өш алу үшін оның жеңіл мәшинесінің барлық дөңгелектерін жарып кетуі керек еді.
— Бұл ойыма келмепті, — деп шайтан кешірім өтінгендей жер шұқылап кетті. Бөлмеде қолайсыздау тыныштық орнады.
— Мен былай істедім, — деп үшінші шайтан сөзін сенімсіздеу бастады, — бір бастықты еш себеп-салдарсыз орнынан алғыздым.
— Одан кейін не болды? — деп қонақ аяғын білуге құмартты.
— Ештеңе де болған жоқ.
—Біле білсеңдер, мен бұндай істі ешуақытта аяқсыз қалдырмаймын, — деді қонақ. — Газетке сынатып, туған қаласын тастай қашуға мәжбүр етер едім. Ал сіздің бастығыңызды ең болмаса кәсіподақ мүшелігінен де шығарған жоқ па?
— Шығарған жоқ қой деймін, — деді шайтан міңгірлеп.
— Осыны да іс тындырдым деп! — қонақ тас-талқан боп ашуланды. — Сіздердің тамұқтарыңда ешқандай тәртіп деген жоқ екен.
Шайтандар ішіп отырған шараптары мен жеп отырған тамақтарын да ұмытты, тек біреуінің ғана батылы жетіп:
— Кешіріңіз, егер құпия болмаса, сіз жер үстінде қандай іспен шұғылданасыз? — деп сұрады.
— Шынында да, менің істейтін ісімнің құпия екені рас, — деді қонақ. — Бірақ сіздер ниеттес інішектер болғандықтан жасырмай айтуға болады, мен — домалақ арыз жазудың шеберімін. Домалақ арызды қардай боратам, кімнің кім екеніне қарамаймын, тақырып та таңдамаймын.
Шайтандар оған зор ілтипат білдіріп, масаттана қарасты.
— Жарайды, мен кеттім, — деді қонақ, — сіздерден үлгі-өнеге алатындай ештеңе жоқ екен. Мені сіздерге босқа жұмсаған екен. Сөйтті де ол шығып кетті. Шайтандар оны кеу-кеулеп есікке дейін шығарып салып, тек қонақтары тұманды қараңғылыққа сүңгіп, көзден ғайып болғанда барып бас шайтан демін "Уһ" деп алып:
— Міне, мынауың шайтанның көкесі ғой! — деді дауысы қалтырап, — кеткеніне шүкіршілік етемін, әйтпесе біздің үстімізден домалақ арыз жазады екен деп зәре құтым қалмап еді…
Г.Спасов.