100 • 03 Желтоқсан, 2019

«Ұшқынның» ұшқан ұясы – Орынборда

444 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

«Egemen Qazaqstan» респуб­лика­лық газетінің 100 жылдығына арнал­ған кешенді шара­лардың бір парасы өткен аптаның соңында Батыс Қазақстан облысында және Ресей Федерациясының Орынбор қаласында өтті.

«Ұшқынның» ұшқан ұясы – Орынборда

«Жүз жылдық – қатардағы қарапайым мерейтой емес, бұл бір ғасырлық жүріп өткен жолыңа қайта қарайтын, тарихыңа тағзым жасап, тағылым алатын, жаңа дәуірге бет түзейтін меже. Сондықтан біз де газеттің 100 жылдық мерейлі бе­ле­­сін қилы кезеңдегі қиындықтарды қа­йыс­пай көтерген аға ұрпаққа тағзымды ұштас­­тыра отырып, «Тағзым мен тағы­лым» деп атап өтуді мақсат еттік» деген болатын «Егемен Қазақстан» рес­публикалық газеті» АҚ басқарма төра­ғасы Дархан Қыдырәлі. Абай жерінде баста­лып, Орынборда нүктесі қойылған мерей­тойлық шаралар шоғырының да басты бағдары осы болды.

 Оралдағы орайлы іс

Мерейтойлық шара шеңберінде Орал қаласына атбасын тіреген «Egemen Qa­zaqs­tan» газетінің басшысы Дархан Қыдырәлі мен ақын, Қазақстан Республикасы Мемле­кет­тік сыйлығының иегері Несіпбек Айтұлын Жайық жұрты жылы қарсы алды. Өңір бас­шысы Ғали Есқалиев меймандарды арна­йы қабылдап, құрмет көрсетсе, Орал қаласындағы «Рухани жаңғыру» музе­йінде «Жүз жылдық жылнама» атты дөң­ге­лек үстел мәжілісі өтті.

–Ел газетінің мерейтойына байланысты алғашқы шарамыз Семейден, ұлы Абайдың туған топырағынан басталды. Алаш арыстары Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлиннің, Тұрар Рысқұловтың, Сұлтанбек Қожановтың 125 жылдығымен орайластырып, Алматы, Қарағанды, Қостанай, Талдықорған, Шымкент қалаларында, барлық өңірде өтті. Орал қаласына, Бөкей ордасы ауданына арнайы экспедиция ұйымдастырдық. Бұл жолғы сапарымыздың мәнісі бө­лек. «Ұшқын» газетінің редакциясы орна­лас­қан ғимаратқа ескерткіш белгі орна­ту үшін Орынборға бара жатырмыз. Экспедицияны Орал қаласынан бастап отырғанымыз да бекер емес. «Ұшқынның» алғашқы редакциясында қызмет атқарған, басшылық еткен – негізінен оралдық азаматтар еді. Со­н­дықтан Орынборда «Ұшқынға» қойы­ла­тын ескерткіш – бүкіл Алаш арыс­та­ры­на құрмет болмақ, – деді «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қуан­дықұлы.

Оралдағы орайлы кездесулерден кейін экспедицияға Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы Мәлік Құлшар қосылып, бірқатар республикалық БАҚ журналистері мен жергілікті өнерпаздар «Орынбор, қайдасың?!» деп автокөлікпен жолға шықтық.

 Орынбор, орның бөлек қазақ үшін!

Айта кетейік, Орынбор сапары аяқ астынан туған идея емес еді. Мәселен, «Ұшқын» газетінің 1919 жылғы ғимаратын анықтаудың өзі 2-3 жылға созылған. Ал оған ескерткіш тақта орнату үшін жергі­­лікті биліктің рұқсатын алудың да маша­­қаты аз болмапты. Қаншама хат алма­­сылып, келіссөздер жасалған. Бұл істе Қазақстан Республикасының Ресей Федера­циясындағы Елшілігінің көрсеткен көмегі көп. Қазақстандық делегацияның осы сапарының да сәтті өтуіне елшілік қызмет­керлері зор еңбек сіңірді.

Орынборға түнделетіп келіп ат шалдырып, 28 қарашаның таңын осы жерден қарсы алған меймандар Қазақстан мен ба­сы­лым тарихына қатысы бар орындармен танысты.

Әрине біздің алғаш атбасын тіреген жеріміз – 1919 жылы «Ұшқын» газеті редак­циясы орналасқан тарихи ғимарат болатын. Бұл қазіргі Ленин көшесіндегі 17 үй екен. Екі қабатты көне ғимараттың алтынсары бояулы сыры кете бастағанымен, сыны кетпепті. Жаппай суретке түсіп жатыр­мыз. Делегация құрамында келген бел­гілі ақын ағамыз, Мемлекеттік сыйлық­тың лауреаты Несіпбек Айтұлы жол бойы шығарып келген жаңа өлеңін оқи жөнелді:

Егеменім,

Абызым, көп жасаған көрегенім,

Өмірге қарлығаштай қанат қағып

Өзіңде жарық көрді көп өлеңім.

Әр күні көкірегіме сәуле тағып,

Нұрындай атқан таңның себеледің.

Тағдырын қазағымның тасқа басып,

Ғасырлық шежіресін шегеледің.

Заманға көз жіберсем сен өткерген,

Өтіпсің сан қиыннан, сан өткелден.

Қақ жарып қара қылды әділ сөзің

Қиянат көргендерге көмек берген.

Атың сан өзгергенмен, затың асыл,

Халқымды жүз жыл бойы жебеп келген.

«Егемен Қазақстан» атанғалы

Қырандай шарықтадың қанат керген.

Тәуелсіз бүгін міне, кешегі елім,

Осы ғой көгергені көсегенің.

Ең алғаш Орынбордан ұшқын атып,

Есімде ойдың шоғын көсегенің.

Бастаған баспасөздің ұлы көшін,

Не деген көсем едің, шешен едің.

Жарқылдап, жасын атып, жаңаланып,

Баһадүр бас газетім, жаса менің!

Осы жерде таяу болашақта орнайтын ескерткіш тақтаның макетімен бірге есте­лік суретке түстік. Сапары­мыз­ды ұйым­­дастырушы елшілік қызмет­кер­лерінің айтуынша, тарихи ғимарат қабыр­ға­сы­на ескерткіш белгі орнату мәселесі түбе­гей­лі шешілген. Жыл соңына дейін созы­латын мораторий мерзімі өтісімен Орын­бор­дағы қазақ тарихына қатысы бар тағы бір ғимараттың сыры көпшілікке жария болмақ.

Әрине Орынборда ұлт тарихында ерекше орны бар ғимараттар көп-ақ. Қазақ баласы үшін ерекше қадірлі Орынбор шаһарының орталық көшесі Советская – Совет көшесі деп аталады. Бір басы Жайық өзенінен басталып, автокөлік жүрмейтін жаяу көшеге айналған осы мүйіс те тарихи естеліктерге толы. Аңызға айналған совет ұшқышы Чкаловтың алып ескерткішінен басталған көшенің басында тұңғыш ғарышкер Юрий Гагарин оқыған жоғары авиация училищесі де тұр. Дегенмен біз 1920-1925 жылдары Қырғыз (қазақ) Орталық Атқару Комитеті мен Халық комиссарлары кеңесі – Қазақ ССР-інің тұңғыш үкіметі орналасқан тарихи ғимараттың айналасында көп аялдадық. Орынбор – астана болған, барша қазақ даласына бас қала болған кездер еді бұл.

–Шіркін, біздің сұлу Сәкен маңғаз басып осы жерде талай жүрді-ау, – дейді Нұр-Сұлтан қаласындағы Сәкен Сейфуллин музе­йіне жетекшілік жасап отырған Не­сіп­бек ағамыз тебірене.

Осы көшенің бойында, дәлірек айтсақ №7 ғимаратта 1850-1857 жылдары Ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсарин оқып, кейін қазақ балаларына сабақ берген екен. Ғимарат сол күйінде сақталған, бүгінде №3 мектеп ретінде әлі күнге білім ұясы міндетін атқарып тұр. Мектеп жанында өңірдегі барша педагог мамандарға арналған ескерткіш орнатылған.

Бұдан кейін іргетасы 1842 жылы қаланған, Алаш қайраткерлерінің ізі қалған тарихи Керуен сарайға да арнайы бардық.

–Мәдени кешендер мен тарихи ғима­рат­тарды қорғауда, жалпы қала келбетін сақтауда Орынбордан үйренеріміз көп екен. Шаhарды шарлап жүріп бейне өткен ғасырларға еніп кеткендей күй кеше­сің. Әр көшесі тұнып тұрған тарих. Бұл тұрғыдан алғанда біз Семейді сақтай алмай отырмыз, Алаш арыстарының көзін­дей болған тарихи ғимараттар көз алдымызда көнеріп, қирап барады. Алматы да тарихи келбетінен біршама айырылып қал­ғандай. Орал қаласының ғана көне келбеті сақталған сияқты. Қалаға рух беретін – оның тарихы мен көне келбеті. Сондықтан бұл мәселе өте өзекті, – дейді Дархан Қуандықұлы.

Осы ой 1913-1918 жылдары әйгілі Ахмет Байтұрсынұлы тұрған Чичерин көшесі, 75 мекенжайдағы екі қабатты үйді көргенімізде тіпті беки түскендей бол­ды. Екі қабатты, терезе жақтаулары әсем жапсырма ою-өрнекпен әдіптелген ғимаратта әлі күнге дейін тұрғындар тұрып жатыр екен. «Дәл осы үйде тұрып Ақаң «Қазақ» газетін шығарды, қазақ құрыл­тайларын ұйымдастырды, ұлттың ұпа­йын түгендейтін талай мәжілістер өткізді. Әлихан мен Міржақып, қазақ­тың талай марғасқа ұлдары осы үйдің табал­дырығын сан аттады» деген ойдың өзінен тебіреніп кетесің. Дархан Қуанды­қ­­ұлының: «Болашақта осы үйді сатып алып, Алаш арыстарына арналған музейге айналдырса, шіркін!» деген ойын бәріміз қолдадық. Бұл мемлекеттің де, тіпті ұлтжанды меценаттардың да қолынан әбден келетін шаруа ғой.

Осы орайда тарихшылар мен өлке­тану­­шыларға, Орынборда тұратын қандас­та­рымызға бір ұсыныс айтқымыз келеді: Қазақстаннан немесе басқа да ел-жерден келетін қазақтар үшін Орынбордың ұлтқа қатысты тарихын түгендейтін мағыналы жобалар, туристік экспедициялар, экскурсиялар жобасы жасалса дейміз.

Достыққа дәнекер жиын

Бұдан кейін Н.Крупская атындағы Орынбор облыстық әмбебап кітапхана­сын­да газеттің мерейтойына орай дөңгелек үстел отырысы өтті. Қазақша әуен – газеттің гимнімен басталып «Egemen Qazaqstan» республикалық газетінің ғасырлық тойына арналған деректі фильммен жалғасқан шараға Орынбор облысы басшылары, Орынбордағы қазақ ұлттық ұйымдарының жетекшілері қатысты.

Мәжілісті ашқан Орынбор облысы мәдениет және сыртқы байланыс­тар министрі орынбасарының міндетін атқа­ру­шы – халықаралық ынтымақтастық бас­қар­масының бастығы Александр Калинин қазақ­стандық делегацияны газеттің 100 жылдық мерейтойымен құттықтап, Орын­бор мен Қазақстанның көршілес облыстары арасында тығыз мәдени-экономикалық қарым-қатынас орнағанын, бұл игі үрдіс алдағы уақытта да жалғаса беретіндігін атап өтті.

Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің кеңесші-уәкілі Жанар Колбачаева сөз алып, Қазақ­станның Ресейдегі Төтен­ше және өкі­лет­ті елшісі Иманғали Тасма­ғам­бетов­тің құттықтау хатын Дархан Қыдырәліге табыс етті. «Сонау ғасыр басында, яғни 1919 жылғы желтоқсан айында Орынбор қаласында алғашқы саны жарық көрген «Ұшқын» газеті де азаттық аңсаған ел арманын ту етті. Содан бері бұл газетте әр жылдары Бернияз Күлеев, Смағұл Сәдуақасов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов, Ғабит Мүсірепов, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекіл­баев сынды ұлтымыздың біртуар азамат­тары қызмет істеп, басылымда дамы­ту, бет-бейнесін қалыптастыру, беде­лін арттыру ісіне зор үлес қосты. Асаудай тулаған замана толқындарында уақыт құдіретімен «Ұшқыннан» кейін «Еңбек туы», «Еңбекшіл қазақ», «Еңбек­ші қазақ», кейіннен «Социалды Қазақс­тан», «Соци­алистік Қазақстан» болып атауы өзгер­гені­мен, республикалық басылым­ның бұл негізгі алтын арқауы өзгерген жоқ. Өзгермек те емес. Еліміздің төл басылымының ғасыр­лық торқалы тойымен шын жүректен құт­тық­тап, «Egemen Qazaqstan» тамыр тартқан үрдістің баянды болуын тілеймін» делінген Елшінің құттықтау хатында.

Жиында Қазақстан мен Ресей Федера­циясы арасындағы достық қарым-қа­тынас, рухани байланыстар жөнін­де жиі айтылды. «Ресей халықтары дос­тас­тығы» коммерциялық емес автономды ұйымының сарапшысы, Орынбор мемлекеттік универ­си­тетінің Оңтүстік Орал тарих және этнография ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері Константин Моргунов Орынбор рабфагында оқыған қазақтар туралы өте қызықты, дерекке толы баяндама жасады. Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы Мәлік Құлшар да екі елдің достығына арқау болатын ізгі шаралардың бірі – осы мәжіліс екенін айтты. Ақын Несіпбек Айтұлы мен Бауыржан Халиолла газет мерейтойына арнаған өлеңдерін оқыды.

– Бойынан кие қашпаған,

Көрсе де заман дауылын,

Армысың, көне астанам,

Бармысың, қандас бауырым!

Қайтарсың түбі, жыл құсым,

Тарихтың күмбір күйісің.

Бейбарыстарым, жүрмісің,

Сағынып жусан иісін.

Егемен үшін іс қылдың,

Жүз жылда қанша мағына!

Мәртебесіне «Ұшқынның»

Ұшқындап жауды қары да.

«Егемен» бүгін сөйлесін,

Көзіндей ұстаз әкемнің.

Көремін сенен бейнесін

Бейімбет, Ахмет, Сәкеннің.

Орынбор, сұлу әлемім,

Аңсаймын, саған құштармын.

Қабыл ал ыстық сәлемін,

Қазыналы Қазақстанның! – деп жырлаған Бауыржанның сөзіне Орынбор қазақтары ерекше риза болып, қол соқты.

Газет басшысы Дархан Қыдырәлі өз сөзінде ғасырлық мерейтойын атап өтіп отырған басылымның бүгінде ха­лық­аралық деңгейде қызмет көрсетуге көш­кенін айтып өтті. Сайты қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде шығады. Қазақ тілін­де­гі нұсқаның өзі үш түрлі әліп­бимен таралады. «Egemen Qazaqstan» газеті халық­ара­лық баспасөз каталогына енген­діктен, газетке енді Ресей жеріндегі, соның ішінде Орын­бор­дағы оқырмандар да жазыла алады.

–Алаштың алтын ордасы – Орынборға арнайы келіп, тарихи маңызы зор шара ұйымдастырғандарыңызға, Орынбор қазақ­тарының жадына бір ғасыр бұрынғы тарихи оқиғаларды жаңғыртқаныңызға өте ризамыз. Біз, Орынбор қазақтары да қол қусырып қарап жатқанымыз жоқ. Өткен жылы демеушілеріміздің көмегімен «Ахмет Байтұрсынұлының Орынбордағы жолы» атты кітап шығардық. Енді жақын­­да Қазақ ССР-інің Жер жөніндегі ха­лық комиссариаты – Наркомзем ұйы­м­ы­ның тарихына арналған жаңа кітап шы­ға­ды. Жаңа жылдан бастап «Ұлы дала» альманағын шығара бастаймыз. Орынбор қазақтарының қауымдастығы, «Атамекен» ұлттық-мәдени автономиясы, «Бәйтерек» қайырымдылық қоры, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Орынбордағы өкілдігі белсенді жұмыс істейді. Дегенмен тарихи Отанымыздан, Қазақстан тарапынан жаса­латын көмек-қолдаудың біз үшін орны бөлек, – дейді Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Орынбордағы өкілдігінің жетекшісі, Орынбор облыстық «Достық үйінің» төрайымы Сәуле Тәйкешева.

– «Egemen Qazaqstan» газетінің 100 жыл­дығын Орынборда атап өту – жалпы Қазақстан үшін де, Ресей Федерациясы үшін де екіжақты байланысқа өте пайдалы шара. Еліміздің маңдайалды газетінің алғашқы саны шыққан жерінде ғасырлық тойды тойлау – біз үшін үлкен абырой болды. Біздің елшілік қызметкерлері Иманғали Нұрғалиұлының тікелей тапсырмасымен Орынбор әкімшілігімен етене араласып, барлық ұйымдастыру жұмыстарын атқардық. Шараның бағдарламасы жасалды, Қазақстаннан келетін делегацияның құрамы анықталып, әрқайсысының мақсат-міндеті белгіленді. Осылайша бүгінгі шараның куәгері болып отырмыз. Бүгінгі дөңгелек үстелде Ресей ғалымдарының Қазақстан бойынша ғылыми-зерттеу жүргізіліп, баяндама жасауы – үлкен еңбек. Жалпы, Қазақстан мен Ресейдің шекарасы 7500 километр. Осының өзі де үлкен мәнді білдіреді. Өйткені екі ел арасындағы достық қарым-қатынас осындай шаралардың нәтижесінде нығая түседі. Ғасырлық тойды бір ғана елдің көлемінде емес, халықаралық деңгейде, Ресеймен, көрші мемлекетпен бірге атап өту – Қазақстан үшін де, Ресей үшін де үлкен шара деп ойлаймын, – дейді бізге Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінің кеңесші-уәкілі Жанар Колбачаева.

Дөңгелек үстел мәжілісінен соң Орын­бор қазақтары қауымдастығы ұйы­мы төрағасының орынбасары Жәнібек Иткузов пен «Егемен Қазақстан» респуб­ли­калық газеті АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды.

*  *  *

Міне, «Egemen Qazaqstan» газетінің ғасырлық тойы аясында тағылым мен тағзымды ұштастырған ең негізгі іс-шара­лар Семейде басталып, Алашқа астана бол­ған Орынборда қорытындыланғандай болды. Бірақ бір нәрсенің соңы кейде жаңа бір дүниенің басы болатын кезі аз емес. Делегация жетекшісі Дархан Қыдырәлі Орынбор әкімшілігімен әңгіме барысында Орынбор қаласының қазаққа астана болғанына және осындағы алғашқы үкі­мет­тің құрылғанына 2020 жылы 100 жыл толуына орай осы тарихи оқиғаны да бірлесе атап өту жөнінде ұсыныс жасады. Қала басшылығы бұл ұсынысты қолдап отыр. Ендеше, ұлт тарихын түгендейтін ойлы шаралар Орынборда келер жылы да жалғасуы мүмкін. Ылайым солай болсын!

 

Орал – Орынбор – Орал