Руханият • 04 Желтоқсан, 2019

Құмаршық – нәрлі тағам һәм жеңсік ас

1103 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Осылай десек те оның артында үлкен мән-мағына жатыр. Түсінік қажет етіп тұрған тіркес. Иә, солай! Өткен ғасырдың отызыншы, қырқыншы жылдарындағы қазақ жерін жайлаған ашаршылықта құмды өңірдегілердің қабырғаларын жапқан осы құмаршық. Біз, інім Аманғали екеуміз Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі тапшылық иектеген балаң шағымызда Тайсойған құмындағы қойлы ауылда өстік. Сол тұста құмаршықтың пайдасын шаш- етектен көрдік. Қызыл шағылды бұйрат құмдауытта өсетін тары тектес дақыл біздің қарнымызды тоқ етті, аштыққа ұрынбаймыз ба деген уайымымызды жоқ етті.

Құмаршық – нәрлі тағам һәм жеңсік ас

Әлі есімде, елуінші жыл­дарға таяу кезеңде анам Қағаз, тәтем Отарбай екеуі мені қас­тарына барып кел, алып келге жұм­сайтын серік етіп ертіп, Тай­сойған құмының жота-жота шағылды алқаптарынан құмаршық қағатын. Оны та­уы­п, түбірінен үзу бар, алашаны жайып жіберіп үстіне үйіл­ген құмаршықтың дәнін үлкен кеспелтек ағашпен ұрғылап, сауу бар, қауызы мен кебегінен аршып, ұшыру бар, қуыру бар, келімен түю бар... құмаршық ауызға тигенше жұмысы жетіп артылатын еді-ау.

Алдымыздағы тостаған­нан үйдің жастары кіші­леу жағымыз тәп-тәтті құмар­шық­ты таласа-тармаса жей­тінбіз. Таңдайымыздан дәмі кетпей, болса тағы-тағы қарпи түскіміз келетін. Шіркін, тіл үйіретін мұндай нәрлі тағам, жеңсік ас сирек қой.

Менің атам Сарбұқа (шын аты Айбасәлі) қиын-қыстау жылдарда өзімізге қарасты отбасына, төңірегіндегі ағайын-тумаға, көрші-көлемге аш өзек­теріне талғажау ететін ішіп-жемді табиғат аясынан тауып бе­руге қамқорлық жасаған, сол үшін жанын салып, жұмыс іс­теген адам көрінеді. Әрине, онысын мен көргенім жоқ, менің екі жасымда о дүниелік болды. Ол әңгімені бұдан он-жиырма жылдай уақыт бұрын өмірден өткен жасы 100-ге не­бәрі бір қадам жетпеген ше­шеміз Қалима Бисалықызы, сондай-ақ ағаларымыз Қуа­ныш Уәшұлы, Қожағали Ақ­сереңұлы, Дәулетбай, Отар­бай Сарбұқаұлдары жыр қы­лып айтқандарын естіп, таң­да­ныс­қанбыз. Таңдансақ таң­да­натындай-ақ, атамыз құм арасынан терең аран қазып, бетіне тал шыбықты ілдалдалап тастап, үстіне балауса шөп себелеп, оған секеңдеп келген қоян байғұстар орға түсіп, қолға ілігіп, ауыл-үйдің азы­ғына айналған. Ойыл, Жа­рыпшыққан өзендерінен мұз астынан қармақпен ба­лық аулау әдісін де сол кісі меңгеріпті. Қоғаның, қамыстың ақ сүй­рік тамыры саналатын атшоң­қайды қазып, қуырып азық етуді де жақсы біліпті. Жазда өзен жағасы мен құм етегінің түйіскен жерлеріне қауын, қар­быз, картоп егіп өсіріп, ри­зықты молайтқан деседі. Ең бастысы, құмаршық қа­ғып, оны өңдеудің кәнігі ше­бері болған. Өзі біліп қана қой­май құмаршық қағудың әдіс-тәсілдерін төңірегіндегі өз­гелерге де үйреткен.

Атырау облыстық мем­ле­­­кеттік мұрағатының 11 қо­рын­­дағы 1 тізбенің 281 ісін­де сақталған 1922 жыл­ғы Қызыл­қоға, Қарабау, Блан, Қара­көл, Тайсойған, Кер­мақас бо­лыстықтарының есеп­ті баяндама-хаттамаларында Қара­баудағы мектеп аталып, Кермақас-Қарабау құм­дарын­да құмаршықтың мол шы­ғуы көрсетілген. Де­мек, бұдан құ­маршықтың сол кезде тіршілік көзінің бірі бол­ғандығы айқындалады.

Құмаршық қағу үрдісі күні кешеге дейін жалғасты. Атырау облысының теріскейіндегі Қызылқоға ауданы табиғаты ерекше өңір. Аудан аумағының ортасынан ағып өтіп жатқан Ойыл өзенінің екі жағында екі құм –Тайсойған мен Бүй­рек. Атақты ақын Нұрым Шыр­шығұлұлы:

Тайсойған, Бүйрек – екі құм,

Адасып жүрдім екі күн.

Аш кісіде ар бар ма,

Арық қойда май бар ма,

Асата алмай жеп қойдым...,

– деп бастап, жырына қосқан аймақ. Тайсойғанның жалпы ұзындығы 83, ені 40 ша­қырымды құрайды, ал Бүйрек­тің ұзындығы 50 шақырымға созылып жатыр да, ені 15-20 ша­қырым төңірегінде. Еке­у­­ін­де де құмаршық өседі. Осы құмдардан ат шаптырым жер­де Ақтөбе облысына қа­рас­ты Ойыл ауылының құбыла бетінде көлемі 34 мың гектардан асатын Барқын құмы тағы бар. Ашаршылық жылдары аяқ артар ат-көліктері бар қызыл­қоғалықтар оған да барып құмар­шық қаққан.

Тайсойған төрінен түлеп ұшқан ақпа ақын Марат Отар­әлиевтің:

Құмнан да қазына табылған,

Шақырды бізді қанша үміт.

Құмаршық қақтық шағылдан,

Желкегін жедік тамсанып.

 

Көз жасы сел боп қураған,

Ол кезде жетім, жарты өмір.

Сонда да бізді бұл дала

Аш қылмай қойды, әйтеуір...,

– деп құмаршықтың тарық­қанда аш құрсаққа қорек бол­ған құдіретін өзінің жыр жолдарына ризалықпен шабыттана сыналап қосуы да көп нәрсені аңғартса керек.

Өткен ғасырдың алпысын­шы-жетпісінші жылдары Қы­­­зылқоға ауданының ор­та­­лығы Миялы ауылында аудан­­ның айтулы азаматы Нәби Шәуіткеновпен бір кө­шеде көрші тұрдық. Ағамыздың егде тартқан анасы Ақ­сұлу тамақты таңдап, талғап іше­тін сырбаз кісі еді. Сол үй­дің дастарқанына оқта-тек­те құ­маршық қойылатын. Кө­шенің үлкендер жағы Ізни Нұрқасымов, Тасболат Талас­баев, Харес Зейнуллин, олар­дың зайыптары Ақзия, Зияда, Торғын апайлар бар... бәрі алдарындағы сәуірдің сары ма­йына былғанған тәтті құмар­шықтан құшырлана ауыз тиісіп, ой-й келіп мақтасатын.

– Мамам бұл құмаршықты жылда ең кемі бір рет тоя жеп тұрмаса ішкен асы бойына батпайды, жемесе қатты аңсайды, – деп ақкөңіл, ақжарқын Нәби ағамыз ағынан жарылатын. Көршілердің ішіндегі жас жағы­нан кішісі мен бір сәті түс­кенде сұрақ қойып:

– Қайдан алдырасыздар? – дегенімде Нәкең:

– Өзіміздің Тайсойғанда өспей ме? Кейде атажұртымыз Нарын құмына әдейі барып, қақтырып әкелеміз, – деп мақ­танышпен кеуде керетін.

Шіркін, құмаршықтың жөні бөлек еді-ау. Ол – құнарлы да нәрлі тағам. Ол – таңдайыңнан дәмі кетпейтін жеңсік ас. Ұзақ жылдар бойы мал баққан ағасы Қойшығұл Сұлтанұлы мен анасы Тыныштыққа (ауыл-аймақта Тыншым деген жанама атпен танымал) қолғанат болған, кейін жоғары оқу орнына түспестен бұрын үш жыл­дай шопан болған, диплом алып ауылға оралған соң фер­мада зоотехник, Халел Дос­мұхамедов атындағы асыл тұқымды қаракөл қой зауытында селекционер-зоотехник болып жұмыс істеген Тай­сойған құмының төл баласы Аманжан Мұғалімұлы 2019 жылғы сәуір айында әңгімелескенімде:

– Құмаршық тамақтың көкесі, біле білген адамға тары, бидайдан да артық дәмді. Тек құр­ғақтай жей ал­майсың, қай­маққа был­ғап жейсің. Аштық, кешегі соғыс кезінде бізді, тайсой­ғандықтарды аман алып қалған осы құмаршық пен атшоңқай. Осы дақылды жан-жақты зерттеп, ғылыми тұжы­­рым жасаған ешкім жоқ. Тайсойған тұяқкесті бол­ғанда жойы­лып кете жаздады. Ол майлы, өз майы өзін­де, өз қатығы өзінде бар дақыл. Ха­лық­тық ұғымда «Пайғам­бардың нарының сүті тамған жерде шығады» деген сөз бар, – деген еді. Өте орынды пікір.

Өкінішке қарай, кейінгі ұрпақ құмаршықтың қадір-қасиетін мүлде білмеуге айналды. Тіпті оның не екенінен хабарлары жоқ. Оны ұмытпай дәріптеп, ескеру керек-ақ.

 

Төлеген ЖАҢАБАЙҰЛЫ,

 Қазақстанның  құрметті журналисі, Үздік өлкетанушы