Аймақтар • 04 Желтоқсан, 2019

Жамбыл облысы: Бір күнде төрт нысан ашылды

463 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні және Жамбыл облысының 80 жылдығына орай, Байзақ ауданында бір күнде 4 нысан пайдалануға берілді.

Жамбыл облысы: Бір күнде төрт нысан ашылды

Ашылған нысанның барлығы да жаңа аппараттармен қамтылған. Енді жыл соңына дейін ауданның Ақшолақ, Үшбұлақ, Жеңіс және Қосақ елдімекендерінде медициналық тіректер ашу жоспарланып отыр.

Бүгін ашылған Байзақ ауылындағы «Кеңес» фельдшерлік-амбулаториялық тірегі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде жүзеге асырылып отыр. Аталмыш денсаулық сақтау нысанының жалпы құны 26 миллион теңгені құраған. Он келушіге арналған тірек ауылдың 1300-ден астам халқына қызмет көрсететін болады. Жаңа нысанның салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімі Нұржан Нұржігітов қатысып, ауыл тұрғындарын құттықтады. Өз кезегінде Ботамойнақ ауылдық округі ақсақалдар алқасының төрағасы Асқар Бекбауов тұрғындар атынан мемлекеттің қолдауына деген ризашылығын білдірді.

Жаңа әлеуметтік нысанның лентасын Ботамойнақ ауылдық округі ақсақалдар алқасының төрағасы Асқар Бекбауов пен еңбек ардагері Кеулімжай Шартықбаев қиды. Бұдан кейін аудан әкімі мен жергілікті тұрғындар фельдшерлік-амбулаториялық тіректің қызмет бөлмелерін аралап көрді. Тіректе фельдшерлік, екпе және қабылдау бөлмелері орналасқан. Олардың бәрі де толықтай заманауи жаңа үлгідегі аппараттармен жабдықталған. Мұнда білікті мамандар бүгіннен бастап ауыл тұрғындарының барлығына да қажетті медициналық көмек көрсетуді бастап кетті.  

Бұдан кейінгі нысан Ботамойнақ ауылындағы медициналық тірек. Жалпы құны 22 миллион теңгені құрайтын тірек бес келушіге арналған. Салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов, ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Есенқұл Мақұлбаев қатысып, жылы лебіздерін білдірді.

Аталған медициналық тірек 5 науқасты бір сәтте қабылдап, көмек бере алады. Мұндағы білікті мамандар ауылдағы 454 тұрғынға қажетті медициналық көмек көрсетуде. Сонымен қатар, бүгін 210 тұрғыны бар Жаңасаз ауылы мен 224 тұрғыны бар Бағара ауылында да бес келушіге арналған медициналық тіректер пайдалануға берілді.

 

Жамбыл облысы