Мәжілістегі кезекті жиынның күн тәртібінде негізінен «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге бағытталған заң жобасы қаралды. Бұл құжаттың жай-жапсарымен Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов таныстырды.
Оның айтуынша, аталған заң жобасы «инвестициялық резидент» ұғымын және Қазақстанда «инвестициялық салық резиденттігі» бағдарламасын енгізуді көздейді. Инвестициялық салық резиденттігі бағдарламасы – қазіргі таңда дүниежүзінде барынша кеңінен таралған құбылыс. Халықаралық тәжірибені талдау инвестициялық резиденттік нарығының айтарлықтай өсу кезеңінде екенін көрсетіп отыр. Осындай бағдарламалар аясында 500 миллионнан 1 миллиард долларға дейін инвестициялар тартылып жатыр.
Қазақстанда – «Астана» халықаралық қаржы орталығының базасында инвестициялық салық резиденттігі бағдарламасын қолдану ұсынылады. Онда елдің инвестициялық визасы мен салық резиденттігін алу болжамдалған. Инвестициялық салық резиденттігі бағдарламасының мақсаты – бұл инвестордың және оның отбасы мүшелерінің Қазақстан Республикасына көп мәрте кіру визасын беру арқылы инвестицияларды тарту. Бағдарламада инвестициялаудың көлемі мен құралдары, инвестициялық салық резиденттігін алу рәсімдері айқындалады.
– Қаржы орталығының инвестициялық резиденті мәртебесін алу процесіне қысқаша тоқталайын. Ең алдымен, әлеуетті шетелдік инвестор «Астана» халықаралық қаржы орталығы кеңсесінде сенімділігін нақтылайтын және осы қаржы орталығы туралы Конституциялық заңда белгіленген талаптарға сәйкес келетінін көрсететін тексеруден өтеді. Тексеруден өткеннен кейін әлеуетті шетелдік инвестор «Астана» халықаралық қаржы орталығының әртүрлі құралдарына инвестициялар салып, Орталықтың инвестициялық резидент мәртебесін алады. Инвестициялық резидент АХҚО өтінішхаты бойынша 5 жылға дейінгі мерзімге кіру визасын алуға құқылы. Әрі қарай инвестор елде тұрып жатқанына 90 күн өткеннен кейін және бюджетке жыл сайынғы міндетті төлемді төлегеннен кейін Қазақстаннан тыс жерлердегі көздерден пайда болған кірістер бойынша жеке табыс салығын төлеуден босату құқығын алады. Ел ішіндегі кірістерге Салық кодексіне сәйкес салық салынатынын, ал шетелден келген кірістерге салық салынбайтынын атап өту маңызды. Осы заң жобасы аясында сондай-ақ Республика Президенттігіне, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттығына кандидаттар үшін жалпыға бірдей декларациялауды 2020 жылдан 2021 жылға ауыстыру бөлігінде «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерістер енгізіледі. Бұл 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2025 жылдың 1 қаңтарына дейін жалпыға бірдей декларациялауға кезең-кезеңмен көшуіне байланысты, – деді Әлихан Смайылов.
Министрдің баяндамасынан соң депутаттар сұрақтарын қойып, аталған саладағы кейбір мәселелерді талқыға салды. Бұл заң жобасы 2018 жылғы 5 қазандағы Президент Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 27-тармағына, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 71-тармағын және Президент жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 29-шы жалпы отырысының хаттамалық тапсырмасына сәйкес әзірленді.
Сонымен қатар пленарлық отырыста Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов депутаттар назарына «Қазақстан Үкіметі мен Кипр Үкіметі арасындағы табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияны және оған Хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын ұсынды.
Министр мұндай халықаралық шарттар шетелдік инвесторларға кепілдік беріп, салық салу құқығын екі мемлекет арасында әділетті бөлісуге жағдай жасайтынын айтты. Конвенция біріншіден, алдағы уақытта салықтың барлық түрі бойынша ақпарат алмасуды жолға қойып, салық қызметтері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуды мақсат тұтса, екіншіден, резиденттікті дәлелдейтін екі мемлекетте бірдей қолданылатын тәртіпті белгілеуді, одан кейін екі елдің құзыретті органдары арасындағы салықтық дауларды шешу үшін құқықтық негізді қалыптастыруды көздейді.
Қазақстан мен Кипр арасындағы тауар айналымы соңғы 10 жылда 440 млн долларға жетіпті. 2016 жылы жалпы сауда айналымы 7 млн долларды ғана құраған екен. 2019 жылдың 9 айында Қазақстан мен Кипр арасындағы өзара сауда көлемі едәуір ұлғайып, 30 млн долларды құрады. Оның ішінде экспорт – 28 млн, импорт – 2 млн доллар деңгейінде. Тауар айналымының көбеюіне Қазақстанның мұнай өнімдерін экспортқа көптеп шығаруы әсер етуде. Қазақстаннан аталған елге экспорттайтын өнімдер арасында көмір, мұнай өнімдері, алюминий және азық-түлік өнімдері бар. Ал импортты көбінесе фармацевтік, парфюмерлік, косметикалық заттар қамтиды.
Бұған қоса депутаттар екінші оқылымда «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасын және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне темір жол көлігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады.
Жиын соңында халық қалаулылары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдарын жолдады. Үн қатқандардың қатарында Меруерт Қазбекова, Кәрібай Мұсырман, Жамбыл Ахметбеков, Құралай Қаракен, Ерсұлтан Бектұрғанов, Зәуреш Аманжолова, Наринэ Микаелян, Құдайберген Ержан және Айқын Қоңыров бар.
Айталық, депутат Зәуреш Аманжолова Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевқа бағыттаған сауалында Қазақ республикалық лепрозорийі мемлекеттік мекемесінің мәселелерін көтерді. Лепра ауруын емдеуге мамандандырылған медициналық көмек көрсететін ерекше типтегі бірден-бір ұйымның қазіргі ахуалын қысқаша баяндаған мәжілісмен дәрі-дәрмекке қол жеткізу, диагностикалық тексерулерден өтудің қиындығы, аурухана қызметкерлері жалақысының төмендігі, лепрозорийдің материалдық-техникалық және шаруашылық базасының ескіргендігі сияқты бірқатар мәселеге алаңдаушылық білдірді.