Руханият • 05 Желтоқсан, 2019

«Қиссас-ұл әнбия» – Бұл шығарма қай жерде туған?

1473 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Насреддин Рабғузидің «Қиссас-ұл әнбия» атты еңбе­гі – Ал­тын орда дәуірінде дү­ние келген әйгілі түркітілді шы­ғар­­малардың бірі. Оның бір атауы «Қиссас ар-Раб­ғу­зи». Шығыстанушы
И.А.Каю­­мованың пікірінше, осы шығар­маның ең ескі қолжазбасы Таш­кентте сақтаулы. «Қиссас ар-Рабғузи» шығармасында таяушығыстық сюжеттермен қатар байырғы түрк фольклоры орын алған. Рабғузидің «Қиссас-ұл әнбиясы» түрктілдес мұсыл­ман халықтары арасында, олардың ішінде қазақтарда көп тарағанын қазақ түркітануы басында тұрған Бейсембай Кенжебайұлы «Қиссас-ұл әнбия­ға» арналған мақаласында ашып көрсеткен болатын.

«Қиссас-ұл әнбия» – Бұл шығарма қай жерде туған?

Қазіргі зерттеулерде Рабғузи­дің туған жері Хорезм немесе Орта Азия аумағында деп жалпылама айты­лып жүр. Б.Кенжебайұлы 1969 жылғы мақаласында мынадай мә­ліметтер келтіреді: «Рабғұзы Оғыз Рабат деген шаһардың қазысы болып істеген адам. «Қиса әнбияны» ол әлгі шаһардың әкімі, әйгілі бек Насыретден Тоқбоға деген кі­сінің тапсыруы, өтінуі бойынша, соған бағыштап жазған. Және өз заманының дәстүрі бо­йынша сол Тоқбоғаға сый етіп тартқан. Ал Тоқбоға мұсылман дініне, түрік ғұрып-әдетіне енген, әдебиетті сүйетін монғол болса керек». Алтынорда зерттеушісі Алма Қыраубаеваның кітабына сүйенсек, оның әкесі «Рабат Оғыз қыстағының қазысы» болған, ал «Рабғузи» деген лақапты ту­ған жеріне байланысты алған екен. Өзбек зерттеушісі Э.И.Фозилов­тың пікірінше, ол Хорезмнің Ра­ботуғуз деген жерінде туған. Абы­ройлы фольклорист Сейіт Қас­қабасовтың пікіріне сүйенсек, әйгілі шығарманың авторы Мауа­раннахрда, «Рабати Оғыз» деген жерде туған және оның Рабғузи деген бүркеншек аты содан шық­қан. Алайда, соңғы кезге дейін Мауа­раннахрда немесе Хорезм жерінде нақты мына елді мекен Рабат Оғыз қыстағына сай келеді деген мәселе шешімін әлі таппаған.

Осы мәселеге байланысты, яғни Рабғузидің туған қыстағының ор­нын анықтауда жинақталған ар­хеологиялық, топонимикалық материалдарды типологиялық тал­дау жасай отырып Рабат Оғыз елді мекені Қазақстанның қазіргі Түр­кістан облысы Отырар ауданында Рабат атты археологиялық нысанға сай деген тұжырымға келдік.

Біріншіден, бұл төбе – архео­логия­лық нысан қазірге дейін Рабат деп аталады. Рабат ескерткіші Сыр­­­дария бойымен Шыназдан Түр­­кіс­танға таяу тұрған Үшқайық өткеліне дейін бес ай бойы аралап өткен Н.В.Рудневтің 1900 ж. 24 ақпанда «Туркестанские ведомос­ти» атты газетте жариялаған «Заб­ро­шен­ный уголок» атты ма­­қа­ла­сындағы байырғы елді ме­кендер тізімінде көрсетіледі. 1903 ж. Н.В.Руднев жариялаған Сырдарияның орта ағысындағы ескерткіштер картасында «Буг. Рабатъ» деп белгіленген. Бұл ес­­керткішті зерделі археолог Ке­мел Ақышев басқарған Оң­түстік Қазақстан кешенді архео­логиялық экспедициясы 1970 жылы зерттеген. Археологиялық ес­керткіш төртбұрышты, ауданы 100х80х80х80 м, биіктігі 8 ­м құ­ланды. «Қазақстанның тарихи жә­не мәдени ескерткіштер
жи­ын­­­­тығы. Оңтүстік Қазақстан облысы» атты энциклопедиялық басылымда ол ІV-VІІІ ғғ. ескерт­кішіне жатқызылған. Дәл осы ақпар еш өзгеріссіз Оты­рар ауда­ны ескерткішттер жиын­тығында қайталанған. Рабат атты елді мекеннің ғарыштық фо­тосуретінде оның айналасын қор­шаған бекініс қалдықтары – қорған қабырға іздері байқалады.

Рабат атты төбешікті – архео­логиялық нысанды арнайы барып көргенімізде оның үстінде 24х24х4-5 см күйдірген кірпіштер тобына тап болдық. Бұл осы орында болған ортағасырлық құрылыстың бөлшектері болса керек. Мұндай кірпіш Орта Азия мен Қазақстанда ХІV ғ. ескерткіштерінде кездеседі. Осыған қарап бұл елді мекенде ХІV ғ., яғни Рабғузий зама­нында тіршілік болған деуге негіз бар. Ал Орта Азия мен Қа­зақстан аумағындағы ІV-VІІІ ғғ. археологиялық және архи­тек­туралық ескерткіштерде күй­ген кірпіштер мүлде кездес­пейді, тек күймеген кесектер қол­­­данылған. Рабат атты елді ме­кен Сырдарияның солтүстік жағалауында, керуен жол бойында орналасқан стратегиялық елді мекен болса керек.

Әрине атауында Рабат ком­поненті бар елді мекендер Ор­та Азияда орта ғасырда аз бол­маған. Өзбекстанда Рабати-Мә­лік, Қырғызстанда Ташрабат. Сыр­дарияның төменгі ағысында Көп­рабат, Шахрабат, Қосрабат, Түркістан облысында Сайрам мен Қазығұрт тауы арасында Сұлтанрабат, Дәулетрабат, Рабат атты елді мекендер бар.

Насреддин Рабғузидің туған жерінің аты жәй Рабат емес, ол «Рабат Оғыз» немесе «Рабатуғұз» деп белгіленуі оның орнын локализациялауға мүмкіншілік береді деп ойлаймыз. Яғни, Насреддин Рабғузи туған жерде «Рабат» пен «Оғыз» атаулары үйлесуі керек.

Осындай жағдай Отырардағы Рабат ескерткішінде байқалады. Отырардағы Рабат елді мекен орны қасында Өгізсай атты ескі арна бар. Бұл арнаға Өгізсай атау­мен қатар Өгіз жылғасы деген топоним қатар қолданылады. В.А.Каллаурдың 1900 жылы жа­рия­лаған мақаласында Сырда­рияның ескі арнасы «Өгіз жылға­сы» («Угузъ – Жилгасы») деп атала­тынын, арнаның басы Арыс өзе­нінің Сырдарияға қосылар тұсы­нан жоғарырақ басталып, Қы­зылқұмның ішіне енетіні көр­сетіледі. И.А.Кастаньенің 1910 ж. басылған кітабында «Хукуз» немесе «Угуз-Джилга» туралы ақпар кез­деседі. 1903 ж. Н.В.Руднев жасаған Сырдарияның бойындағы ескерткіштердің алғашқы картасында «Буг. Рабатъ» және «Сухое русло Огузсай» деп белгіленген жер­лер көрсетілген. Осы жерде Рабат пен Оғыз атаулары қатар тұр. Осыдан бұл елді мекен «Рабат Оғыз» немесе «Рабатуғұз» деп айтылған деп болжаймыз.

Көне түркі тілінде «угуз» сөзі үлкен өзенді білдіреді екен. Ал Сырдария өзені VІІІ ғ. көне түркі деректерінде «Йенчу-гуз» – «Інжу өзен» деп аталыпты. Махмуд Қашқари сөздігіне жүгінсек: «Өкүз – Жейһұн. Үлкен өзендердің бар­лығы осылай аталады. ... Түркі халықтары жасайтын өңірлердегі бірталай өзендер мен дариялар да өкүз деп аталады». Қазақ тілі­нің түсіндірме сөздігі бойынша «жылға» – қар, жаңбыр суы аға­тын шағын өзекше, ойпаң жер. Әзер­байжан тілінде джилга – «сухая долина, овраг». Сондықтан нақ бұл жердегі Өгіз жылғасы немесе Өгіз­сай дегеніміз Сырдарияның ескі арнасын білдіретін атау.

Рабаттөбеден Өгізсай бес-алты шақы­рымдай жерде ор­на­лас­­қан. Байырғы арна Бас штабтың Түркістан деген 1:500000­ мас­штаб­тағы 1963 жы­лы дайын­дал­ған және 1970 жы­лы қайта басылған картасында­ Өгізсай («Огизсай»), 1982 ж. басылған Түркістан (ІІ-42-09 К-42-ІХ ) деген 1:200000 мас­штабтағы картада және 1982 жылы басылған Бал­такөл (ІІ-42-08 К-42-VІІІ) деген 1:200000 масштабтағы карта­да Сырдарияның сол жағындағы құрғақ арна Өгізсай («сухое русло Огизсай») деп белгіленген. Рабаттөбе мен Өгізсай арнасы арасында Рабатарық деген арық, ал Рабаттөбеден солтүстік-батыс бағыттағы аймақ картада «урочище Рабат» деп көрсетіледі.

Жоғарыда біз өзбек зерттеу­шісі Э.И.Фозиловтың Насреддин Раб­ғузидің Хорезмнің Работуғуз де­ген жерінде туған дегенін айтып өттік. Ал Отырар иелігі Шың­ғысхан әскерлері келер алдында Хорезм мемлекеті аумағына кіргенін ескеру қажет. Ол кезден көп ғасырлар өтсе де бұл жағдай ұмытылмағанын Махмұд ибн Уәлидің «Бахр ал-асрар фи манакиб ал-ахйар» еңбегінен аңғару қиын емес. ХVІІ ғасыр ортасында жазылған шығармада «Отырар – Йас­сының ар жағында орналасқан қа­ла, ол Сұлтан Мұхаммед Хорезм­­­шах кезінде оның мемлекетінің шығыс жа­ғындағы шекаралық қаласы болды. Осы қаланың Хо­резмшах тарапынан қойылған басшысы – Иналшықтың Шың­ғысхан саудагерлерін өлтіруі Шың­ғысханның Мауараннахрға және басқа елдерге шабуыл жасауына себеп болды. Не кетті сол жоғалды. Бұл қала осындай аласапыран мен талас кезінде талқандалды, қазіргі кезде қаңырап қалды. Бұл қаладан көп ғалым шыққан. Отырар өркендеген кезде оның тұрғындары ізгілігімен, шаһар ғажайып көркімен әлемге әйгілі еді», – делінеді. Яғни, Оты­рардағы «Рабат Оғыз» ХІІІ ғ. басын­дағы жағдаймен Хорезм же­рінде орналасқан деуге де болады.

Жоғарыда келтірілген архео­логиялық, топонимикалық, тарихи материалдарды талдау негізінде «Қиссас-ұл әнбия» туындыгері Насреддин Рабғузидің туған жері қазіргі Түркістан облысы Отырар ауданы аумағында Өгізсайға немесе Өгіз жылғасына жақын ор­­на­ласқан Рабат атты қазіргі археологиялық нысан екенін көр­сетіп тұр. Отырардағы Рабатты бас­­қа рабат атты елді мекендерден ажы­рату үшін орта ғасырда оның Өгізсай қасында орналасқанын ескеріп «Рабат Оғыз» немесе «Рабатуғұз» деп атаған деген тұ­жырым жасаймыз. Аталмыш өңірде түрктің оғыз бұтағы мекен еткені өз алдына бір жосық. Әзірге айтарымыз, «Қисас-ұл әнбияның» Отырар шаһарының аумағында – Рабат Оғыз қалашығында туғаны! Айтулы шығарма «Отырар өр­кениетінің» бір інжу туындысы!

 

Құлбек ЕРГӨБЕК,

филология ғылымдарының докторы,

Мұхтар ҚОЖА,

тарих ғылымдарының докторы