Көп адам көсемсөз сөйлейді. Сұлу сөздің сылдыры болғанымен, сазы жоқ, көңілді селт еткізер назы жоқ. Ал Әбекеңді сөзге бастату, одан кейін тоқтату қиын. Ол қысқа қашықтыққа да, аламанға шабатын да нағыз сәйгүлік тәрізді. Бір сөзі мен бір сөзі араласып, құраласып, сөзге түр, бейнеге өң кіріп, ол мазмұнмен толысып, «келісім өңкей жарасып», жаныңның жанды жеріне тиіп, бірде оқ болып қадалып, бірде шоқ болып қариды. Жаны қандай таза болса, көңілі сондай нәзік. Ақын-жүрек жазушының қасында болу, сөзін тыңдау бір бақыт болса, бірге сапарлас болсаң мың бақыт.
Осыдан біраз жыл бұрын керемет топпен сапарлас болдым. Олар – сол кездегі Сенат төрағасы Оралбай Әбдікәрімов, марқұмдар сенатор Әбіш Кекілбайұлы мен ғалым Ақселеу Сейдімбек, көрнекті жазушы Қойшығара Салғара болатын.
Біз Нұра бойынан Балықтыкөл, Айнакөл асып, Торғайдың жонын жағалай, одан әрі Ұлытау асып, Жаңаарқаны жағаладық. Жолай Шоң, Сары тоқа кесенелеріне соғып, дұға жасадық. Алаша хан мен Жошының мазарына соқтық. Ұлытаудың таңбалы тастарын көрдік. Осынау сайын Сарыарқа даласының тарихын Әбекең айта бастағанда, осы өлкенің білгірі Ақселеу ағам қайта-қайта шақшасына жүгіріп, тәнті болып отырды. Қойшығара Салғара ағам оқта-текте тарихи деректерге қатысты сөзге араласып отырғаны болмаса, бес күн, бес түн Әбіш ағам сөйледі. Мұншама мол білімді бере салған Аллаға шүкіршілік!
Әбіш Кекілбайұлы феномені не? Ол әдебиетке құбылыс болып келді. Әдебиеттің бүкіл жанрында қолтаңбасы бар. Әбекеңнің көркем прозадағы биіктері жөнінде аз жазылған жоқ. Қомақты зерттеулер бар. Әсіресе, «Үркер», «Елең-алаң» сынды тарихи романдарының архитектоникасы, күрделі тарих полотносындағы уақыт пен кеңістік, тарих пен ұлт болмысы қоса өріліп 1980-жылдары қазақтың рухани дүниесінде жаңа бір үрдіс басталды. Бұл өз халқының тарихына, жүріп өткен жолына шөліркей қарау кезеңі болды. Қазақ әдебиетінің ғана емес, ұлттың сана сезімінде, яғни ренессанстық кезең келді.
Кең-байтақ кеңес елінде қайта құру басталды. Осы кезде қаламгерлер үшін жаңа тақырыптар ауқымы көрінді. Ол тарихи романдар заманына алып келді. Ілияс Есенберлин, Хамза Есенжанов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбайұлы, Софы Сматаев, Рамазан Тоқтаров сынды қаламгерлер ұлттың беймәлім тағдырына үңілді. Олардың алдында «Абай» эпопеясымен темірқазықтай Мұхтар Әуезов тұрды.
Алпысыншы жылдардағы жылымық, сексеніншы жылдарда қайта оралды. Осы кезеңде Әбіш Кекілбайұлы шығармашылығы мен оның тарихи романдары бәйгеден озып тұрды.
Әбіш Кекілбайұлы тарихи романды сөйлетті, тіл, көркем образ, сюжет, монологтар мен диалогтар, кейіпкерлер галереясы романның ірі көлеміне қарамастан оқырман жүрегін баурап алды. Мемлекеттік сыйлықпен марапатталды.
Әбіш Кекілбайұлы мәңгүрт образын бірінші болып әлемдік әдебиетке алып келді. Ол тарихи-этнографиялық сипат алған жоқ. Мәңгүрттік – ұлттық кесел, ұлттық дерт. Қолдан жасалған қасастық адамды рухани құлдыратып, оның адами сана-сезімін таптайды. Жаны бар, рухы жоқ, ойы жоқ мақұлық адам образы жасалды. Соның ар жағынан Әбіш Кекілбайұлы адамзат басына келетін қауіпті көрді. Кеңестік жүйенің ұлттық саясаты да сол дертке әкеле жатты. Қаламгер осы рухани дерттің зобалаңын сезінді. Әрине, кейін адамзаттың Айтматовы аталған Шыңғыс Төреқұлұлы оны ұлттық трагедия ретінде қарастырды. Қолдан жасалған саясат ұлттың генофондын жоюға шақ еді. Ештеңені ойламайтын, ештеңені сезінбейтін ұрпақ қалыптаса бастады. Мұны Шыңғыс Айтматов «Боранды бекетімен» дамытты.
Дара тұлға Әбіш Кекілбайұлы әдебиетке өлеңді жетектеп кірген еді. Поэзия Әбіштің азаматтық болмысын, табиғатын, даралығын ашты. Әбекеңнің поэтикасы туралы қазір көп жазыла қоймайды. Сондықтан да, Әбіш Кекілбайұлының ой-иірімдерінің, философиялық толғамдарының, эволюциялық қалыптасуын сезіну үшін, әлбетте оның өлеңдеріне назар салу керек.
Әр жылдары жазылған Әбіш Кекілбайұлы өлеңдерінің кейбірін ой елегінен өткізіп көрелікші. 1962 жылы «Обалар» атты өлеңі жарияланды. Бар болғаны 21 жол.
Обалар, өңшең обалар,
Қатар қатар қаздиған.
Обалар – өңшең молалар,
Найзаменен қаздырған.
Дәл осы жолдар жазылғанда Әбіш Кекілбайұлы нағыз кемел шағында еді. 30 жас, отты жас. Сұлулық, ай мен түн, ғашықтық, көл мен самал, «бір ысып, бір суып» тұратын сезім, махаббат жырымен көмкеріліп тұратын шақ. Бірақ Әбіш ақынды мүлдем басқа сезім билейді. Ол обалардан ата-баба ізін, тарихи сананы, тарихи жәдігерлерді іздейді. Найзамен қазылған обалар туралы толғанады.
Міне, осы обалар Әбіш Кекілбайұлының бүкіл сана-сезімін билеп алды. Бабалар тарихы жүрекке жатталды. Бұл күн-түнді сарылтып архив деректерін жинастыруға жетектеді. Терең білімді адам ғана тарихи тақырыпқа бара алады.
Сол жылы жазылған «Жол жырына» назар аударалық. Әбіш үшін еркіндіктің, бостандықтың жөні бөлек. Ол жансебіл сезім күйін қаланың қызыл-жасыл өмірінен, самалды ауасынан, салқын сырасынан іздемейді.
Жыл он екі ай бір келген жазым қымбат,
Сергимін аунап-қунап көбе шөпте.
Шегіртке мен шіркейдің джазын тыңдап,
Жалпақ жол маған түздің бродвейі.
Сылқымы бұл көшенің – сартамақ құр,
Ала юбке көбелек бұраң белі,
Даланың бар бояуын арқалап жүр.
Дала... дала... Әбіш үшін «сартамақ құр да» «ала юбкілі көбелек те», «шегіртке мен шіркейдің» джаз музыкасынан бір де бір кем емес. Дәл осы жылдары Алматының әсем бақтары мен би алаңдарында джаз музыкасы толастамай ойналатын. Ол музыка жеңіл саналғанымен одан жас қыз-жігіттер еркіндік самалын сезінетіндей еді.
Ерте есейген, дүниені қызыл-жасыл өмірден іздемей дала төсінен іздеген ақын мұраты да, бақыты да осында шығар. Даланы сағыну, одан сан сауал сұраққа жауап іздеу ақын Әбішті 60-жылдардың басында-ақ ойлантқан, тебіренткен.
Думанды жерден суыстым,
Жиынды көрсем-ығысқам.
Абайламай у іштім
Бал құятын ыдыстан.
Жиырма сегіз жасында жас Әбіш ақын неге «у ішіп» жүр? Бұл не? Халықтың қарны тойып, киімі бүтінделіп, өмірі түзеле бастаған жайма-шуақ күндер емес пе еді? Әрине, күні бойы жиындатып, дауылдатып, ұрандатып тұратын жасанды өмір саясаты Әбіш ақынды шошындырды. Көзіқарақты, ойы терең, білімі кемел Әбіш Кекілбайұлы ақын осы дүрмектің ертеңгі қалпынан қорқады. Бұл – ойдың уақыттан озғаны.
Сексенінші жылдардағы ақын өлеңіне назар аударалық. Ойлы өлеңнің өңі өзгереді.
Дүниенің бұлаңы-ай,
Дәуренінің сылаңы-ай.
Қиял иттің лаңы-ай,
Жаратқанның олағы-ай.
Жаралғанның молағы-ай,
Ұзын дәме шолақ ой,
Өзіне мәз пенденің,
Ындыны, сірә, толама-ай?!
Толмаса, түбі толады-ай,
Болғанда басы толағай.
Уайым тұрмас ұдай-ай,
Аулақ болғай құдай-ай.
Алағай да бұлағай.
Бір күдік, бір үміт. Бұл 1986 жылдың жаңғырығының сарыны. Ақын болашаққа үміттене қарайды, сене қарайды. «Уайым тұрмас ұдай-ай» деп болашаққа үміт артады. Бір еркіндіктің келетініне сенеді, сендіреді.
Әбіш Кекілбайұлы не айтса да жүрегі елжіреп, азаматтық болмысымен, ұлтқа адал көңілімен айтады. Ұлы халық тағдырын жазу үшін шағын жанр – поэзияның мүмкіндігі шектеулі. Сондықтан да Әбіш Кекілбаев прозаға келіп оның мәртебесін көтерді, тарихты сөйлетті, ұлттық жадты жаңғыртты.
Әбіш Кекілбайұлы ағамызды көп білген, көп сырласқан інілерінің бірімін. «Egemen Qazaqstan» газетінде бас редактор едім. Әбіш аға келіп, шай іштік.
– Бұйымтаймен келдім, – деді Әбіш аға. – Бір үлкен дүние әкелдім.
– Әбе, деймін. – Телефон шалсаңыз өзіміз әкелетін едік қой.
– Әдейі келдім. Жігіттерді де сағындым. Бұл Абылай хан туралы киносценарий. Өз қолыммен тапсырғым келді.
«Абылай хан» атты киносценарийді түскі асқа бармай оқып шықтым. Оқыдым да тәнті болдым. Макетті бұзып, газеттің ішкі сегіз бетіне тұтастай беруге тапсырма бердім. Бірауыз алғысөз жаздым. Бір сөз ұнамай-ақ қойғаны. Түзеп жібердім. Газет қатталып, баспаханаға жіберілер сәтте Әбекеңе телефон шалдым. – Бір сөзіңізді түзеп жібердім, – дедім. – Соны айтайын.
Әбекең қарқ-қарқ күлді.
– Ол қандай сөз?
Мен өз түзетуімді айттым.
– Дұрыс екен. Түзетуіңді қолдаймын. Бас редактор солай болғаны дұрыс, – деді. Мен де «уһ» деп көңілім орнына түсті.
Ертесіне газет сұраған адамдардан редакцияның телефоны тыным таппады.
...Әбекең 70-ке толды. Алматыдан, Астанадан Ақтауға ұшып келдік. Ығайлар мен сығайлар, Мәскеу қаламгерлері де осында. Әбекең өз туған жерінің ыстық ықыласына бөленді. Жол бойы құжынаған адам. Тұған ауылы «Оңды» да өзгеріп кетіпті. Көшелер жөнделіп, үйлер сәнденіп тұр. Жол бойы Әбіш Кекілбайұлы айтқан сөздер билбордтарға жазылып тұр. Мұнда тек кеңістік, мұнда тек Әбіш бар. Иә, «сүйер ұлың болса сен сүй» деген ұлы Абай сөзі осы жерде жанасып тұрды.
Әбіш аға Кекілбайұлы дүние салған күннің ертеңіне Клара жеңгемізге келіп көңіл айттым. Әбекеңнің кабинетінде отырдым. Аппақ жиһазды үй екен. Сол түні Әбіш ағамның үйі түсіме кірді. Ақ жиһаздардың іші гауһар тастарға толып тұр екен. Шырақ жанып тұр. «Әбекемнің жаны пейіштің төрінен орын алған екен ғой деп» әрі мұңданып, әрі қуанып ояндым.
Жер-Ананың ең сүйікті перзенті,
Осалсың деп айта алады маған кім?!
Менің ізім – жердің бүкіл келбеті,
Ажырамас дүниенің адамымын! – деп жазып еді Әбіш аға. Расы сол. Ол қазағының ұлы, ұлтының мақтанышы, өз халқының жүрегінде қалған ұлы қаламгер!
Уәлихан ҚАЛИЖАН,
ҰҒА академигі