Күні кеше Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы, Еңбек Ері Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдық мерейтойына арналған «Әбіш Кекілбаев және Ұлы дала руханияты» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. Университет ректоры ҰҒА академигі Ерлан Сыдықовтың модераторлығымен өткен жиынға Парламент Мәжілісінің депутаттары, шетел және қазақ зиялылары, қатысты. Маңғыстау облысынан арнайы делегация келді.
Жиын беташарында «Ә.Кекілбаев кеңістігі» тақырыбында баяндама жасаған Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев: «Биыл еліміздің руханияты үшін «Әбіш Кекілбаев жылы» болды десек, әрине қателеспейміз. Бұл халықтың аяулы перзентіне деген шексіз құрметі мен биік бағасы. Баршаңыз білесіздер, кемеңгер жазушының 80 жылдығы туған жерінде ғана емес, ұлан-ғайыр еліміздің өзге де өңірлерінде кеңінен аталып өтілді. Осы орайда Әбіш ағаның тарихи тұлғасы мен біртуар болмысын, бітімін айқындай түсетін небір іс-шараларға куә болдық. Ақтау қаласында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қатысуымен еңселі ескерткіш орнатылып, облыстық өлкетану музейі Әбіш ағамыздың атымен аталды. Сөз зергерінің туған жерінде халықаралық театр фестивалі өтті. Өнегелі өмірінің басым бөлігі өткен Алматы қаласында әсем көшелердің біріне Әбіш Кекілбайұлы есімі берілді. Алғашқы «Әбіш оқулары» және «Әбіш әлемі» атты оқу конгресі мәресіне жетті. Жер-жерде алқалы жиындар мен конференциялар ұйымдастырылды. Әрине, Әбіш Кекілбайұлының қайраткерлік бейнесі мен ойшыл бейнесі туралы саналы сөз, пайымды пікір осы 80 жылдықпен тоқтамайды», деген Мемлекеттік хатшы қаламгер шығармашылығын насихаттауда әлі де толайым істер жасалатынын жеткізді.
«Асау теңіздегі алып кеменің байсалды жүзгені сияқты, Әбіш Кекілбаевтың ақыл-ой тебіренісі де ешбір толқын бетін қайтара алмайтын салмақты құбылысқа ұқсайды. «Мен әдебиетші болмасам, саясатқа келмес ем. Суреткер болмасам, күрескер де болмас ем» деген сөз – Әбіш Кекілбайұлының өмірлік кредосы, айнымас ақиқаты еді. Шындық пен шынайылықты, адалдық пен ақиқатты тұғыр еткен турашыл тұлға әрдайым халықтың үдесі мен мемлекеттің мүддесін биік қоятын», деді ол.
Тәуелсіз ел болып қалыптасудағы қысылтаяң тұстағы көсемсөз шеберінің кемел қызметін айтқан ҚР ҰҒА академигі Жабайхан Әбділдин: «Әбіш Кекілбаев тек талантты жазушы емес. Ол расында да мемлекет және қоғам қайраткері. Әсіресе Әбіштің елдің ішкі-сыртқы саясатына сіңірген еңбегі зор. Бұған қоса қазақтың тәуелсіз ел атанып, еңсе тіктеуіне бірден-бір рухани һәм саяси ықпалын тигізді», деп жазушымен бірге өткен қызметтік жылдары жайлы баяндады.
Әбішті алғаш рет кездестірген оқиғасын баян еткен, таяуда ғана 95 жас мерейтойы өткен Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әбдіжәміл Нұрпейісов: «Анау алпысыншы, бері салғанда 1964 жылы «Жұлдыз» журналында жарияланған «Қан мен тердің» бірінші нұсқасын ҚазҰУ-дың филология факультетінің студенттері талқылаған. Басқарған – Зейнолла Қабдолов. Баяндамашы студент екен. Қазір де көз алдымда. Қызыл шыт көйлектің жауырыны мен екі иығының түсі күн жеп, бояуы оңып, бозара бастапты. Бұйра шаш, үрпек бас, қолы сидиған қағылез, арық қара бала екен. Сонысына қарамастан елпілдек емес екен өзі. Қайта тумай жатып оның шидей қол-аяғының сүйек-саяғына қорғасын құйып қойғандай, аржағында әзір біз біле бермейтін әлдебір мығым, нығыз салмақ жатқандай. Бірақ өзін кесірлеу мінезі бар деп ойладым. Өзі де кекірейіп тұрып баяндама жасады. «Қан мен тер» деді де, сәл тоқтап, қоңыр даусын көтеріп: «Бүкіл тірліктің салмағын арқалаған осы екі сөзбен аталғандықтан жазушы Нұрпейісов жаңа романының көтерген мәселесі де, көрсетпек болған дәуірі де ерекше елеулі шығар деп ойлап едім», деді Әбіш. «Әй, бәсе, кекірейетін ретің бар екен, бала» дедім ішімнен. Мына қол-аяғы шидиген үрпекбас баланың аузынан шыққан жаңағы бір ғана сөйлем шынымен мені қатты ойландырып тастады. Мынау құдды басына бұғалық түспеген асау аттың салған жерден бірден шоқтығына жармасып, тырп еткізбей ұстап тұрып, өзінің ырқына оп-оңай көндіріп алғандай болды», деп әңгімесін жалғады қарт абыз.
«Ертеңіне жаңағы баланың баяндамасын сұрап алдым. Аса зейін қойып, шұқшиып оқыдым. Мына бала ұстаздан дәріс алып жүрген шәкірттен гөрі қолына қалам ұстаған біз сияқтылардың өзіне дәріс беретін дәрежеге көтеріліп қалған әдебиет адамының ар жақ-бер жағында, қанша заманнан бері қордаланып жатқан ілім-білімді әбден игерген бе өзі?! Көрдің бе, қаршадай болып алып маған да өз биігінде тұрып алдымды орап, кеңес беруден тайсалатын түрі жоқ. Сол баяндамамды кейін қобырсып жатқан кабинетімдегі көп қағаздың арасынан іздеп таба алмадым», деп көпшілікке «Казправданың» алдағы санында шығатын Әбіш Кекілбайұлының 70 жылдығында жасаған баяндамасын оқыды.
Испаниялық филолог Хулио Новилло Санчес де Педро Әбіш Кекілбайұлы творчествосы туралы ойымен бөлісті. «Алғаш рет Әбіш Кекілбайұлының «Аңыздың ақыры» романын ағылшын тілінде оқыдым. Оның шығармалары әлем оқырмандары үшін өте өзекті. Әлемнің бірнеше тіліне аударылуы да сондықтан», деді шетелдік әдебиетші.
«Ұлы дала және Ә.Кекілбаев тұлғасы» тақырыбында сөйлеген мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков: «Осыған дейін ешбір қазақ жазушысының тойы әр өңірде осылай екі ай бойы тойланып көрген емес. Әу дейтіннің бәрі сахна төрінде тайраңдап жүргенде, қоғамда жазушылар мен ғалымдардың, әдебиеттің беделі төмендеп кеткен кезде, Әбіштің тойына қатысты болып жатқан осы оқиғаларды мен жақсылыққа жорыдым. Әбіш Кекілбаевтың тойы – әдебиетіміздің, заты мәдениетіміздің тойы.
Әбіш үлкен әдебиеттің есігін именбей ашып, оның төріне бірден шықты. Студент кезінің өзінде-ақ құлаш-құлаш мақала жазып, келелі, терең ойларымен әдеби ортаның назарын аударды.
Әбіш Кекілбаев әдебиетке әуелі сыншы ретінде, ақын ретінде келіп, үлкен прозаға сосын көшті. Әлемдік әдебиетке өз жолын салып, шым-шытырық тарих болмысын, абыз даланың ұлылығын барынша кең, айқын, нанымды суреттеп, әдебиеттің мерейін асырған қаламгерге айналды. Мен оны қазақ жазушыларының ішінде тек кемеңгер Мұхтар Әуезовке ғана ұқсатамын», деп қаламгер шығармаларын талдап өтті.
Өз кезегінде баяндама жасаған Парламент Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов сөз зергерінің қайраткерлік қырына тоқталды: «Кекілбаевтың кеңістігі ұшан-теңіз. Соның бір бағыты – Әбекеңнің мемлекеттік қайраткерлік еңбегі. Оның классикалық шығармаларымен қатар философиялық ойшылдығы мен қайраткерлігі де биікте тұр. Біз мемлекеттік қызметтегілерге біржақты ғана – мансап тұрғысынан қараймыз. Әбекең Елбасымен үзеңгілес бола жүріп мемлекет құрылысын жасады. Ол үлкен білімділікті, шығармашылықты қажет ететіні сөзсіз. Және бұл кез келген мемлекеттік қызметкердің қолынан келетін шаруа емес. Бұған қоса абыз ағамыз елдің алдында қызметте жүріп, қаламын да суытқан жоқ. Әбекең 70-ке келгенде кеудесіне «Алтын жұлдыз» тағып тұрып Н.Назарбаевтың «Шіркін, қазақтың жігіттерінің бәрі өзіңдей болса» дегенін барша ел біледі. Осы бір ауыз сөз ел-елді аралап, бірталай азаматқа үлгі болды», деді.
«Бір күні ағамыздың үйіне Клара жеңешеміздің шайын ішуге бардық. Төрде Айсәуле апамыз бен ұзын үстелдің етек жағында 4-5 жастағы Абыл отыр. Бір уақытта Әбекең көсіліп отыр еді, баланың даусы саңқ ете түсті. «Әй, Әбіш, тоқтай тұршы, мен сөйлеймін», деді. Сөйтсек бұл Айсәуле апамыздың кей-кейде айтатын сөзі екен. Соны бала Абыл жаттап алса керек. Бәріміз ошарылып тоқтап қалғанда Әбекең асқан бір ризашылықпен: «Әй, бәріміз біраз жерге кетіп қалған көрінеміз. Мына келер ұрпақ сөзімді айтам деп тұр ғой, осыны тыңдайық», деді.
Ақын Сұлтан Оразалы: «Әбіш туралы ойласам, екі оқиға көз алдымнан кетпейді. Бірі – алғашқы танысқаным, екіншісі – соңғы сапарға аттандырар алдында арулап, ақырет киіміне ораған сәт. Осы екі аралықта 55 жыл өмір өтіпті. Әбіштің 60 жылдығында «Маржан сөздің марғасқасы, шығармалары сіргелі сөзге сес болар, іргелі елге ес болар рухани азық, ұлттық қазына» деп толғанған екенмін. Сонымен бір дәуірде қатар ғұмыр кешкен біздер үшін Әбіш кім? Әркімнің жүрегіне, көңіліне жаққан өз Әбіші бар. Ал мен үшін Әбіш – төрт құбыласы тең, дара туған дарынды замандасым. Абай айтқандай, «кемел жаратылыс иесі», деді.
Бұған қоса ауқымды шарада Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары – Әнес Сарай, Ақұштап Бақтыгереева, Қажығали Мұханбетқалиұлы сөз алып, баяндама жасады. Конференция соңында жазушы шығармаларын БҰҰ тілдеріне аударып, кеңінен насихаттау үшін Ұлттық аударма бюросына ұсыныс жасау, ЕҰУ-дегі «Әбіш Кекілбайұлы дәрісханасын» тың материалдармен толықтырып, қайта жабдықтау және Ә.Кекілбайұлының қайраткерлігіне байланысты құжаттарды көптомдық жинақ етіп даярлау жөнінде қарар қабылданды.
Телегей-теңіз білімі көркем дүниелерін былай қойғанда, қатардағы жиындарда-ақ тыңдарман жұртты таңғалдыратын абыздың өзі де тұлғасымен энциклопедия еді. Шара барысында «Арыс» қорының (баспасы) «Әбіш әлемі» жобасы негізінде жарық көрген «Әбіш Кекілбаев» энциклопедиясының бірінші томының тұсауы кесілді. Мұнда негізінен көркемсөз шеберінің шығармашылығы қамтылған. Поэзия, проза, драматургия, аудармалар, тарихи-танымдық туындылары, сапарнамалар, мақалалар атты жеті тараудан тұрады.