Руханият • 07 Желтоқсан, 2019

Асық ойыны балаларды өмірлік тәжірибеге баулиды

8638 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Асық ату» ойыны – қазақ халқының ежелгі өте кең тараған ұлттық ойын түрлерінің бірі. Этномәдени өмір тудырған төлтума өнер деп танимыз.

Асық ойыны балаларды өмірлік тәжірибеге баулиды

Ойынның басты объектісі де, құралы да – асық. Балалар арасында кең тараған ойын ептілікке, мергендікке, ұқыптылыққа, сергектікке баулыйтын тәрбиенің көзі.

Ruh.kz (Рухани жаңғыру порталы) тұрақты насихаттап жүрген қазақ халқының дәстүрлі ойыны асық ойынын күндіз де, түнде де ойнауға болады. Күндізгісі – мергендікке, түнгісі – ептілікке баулиды.

Иіргенде түскен қалпына қарай асық – алшы, тәйке, бүк, шік деп, ал атуға арнап арнайы қорғасын құйылып жасалғаны – сақа, жақсылары – оңқы аталады.

Асық ойынының мынадай түрлері бар: құмар,тәйке,омпы, алшы, хан (хан ату), қақпақыл, т.б. Бұл ойынға 2-4 адам қатысады. Олардың жақсы жонылып, табаны қайралған төрт асығы болуы керек. Ойыншылар өзара келісіп жеңімпазға жүлде тағайындап алады да кезек-кезек төрт асықты иіреді. Егер иіруші төрт бүк, не төрт шік, не төрт алшы, не төрт тәйке түсірсе, жүлденің жартысын алады, төрт асық төрт түрлі түссе, онда тігілген жүлдені түгелдей алады. Осылайша ойын жалғаса береді.

Асықты мұртынан не жамбасынан тұрғызуды омпы дейді. Омпы ойыны тегіс алаңда, жазық жерде, тіпті үлкен бөлме ішінде де ойнала береді. Ойыншы саны неғұрлым көп болса, ойын соғұрлым қызықты өтеді. Көп асық ұтып алуды көздейтін ойын түрінде ойнаушылар арасы 20 қадам екі көмбе сызады да көмбенің тең ортасына сызық бойына әрқайсысы екі асықтан тігеді. Тігілген асықтардың тап ортасына бір асықты омпысынан тұрғызады. Балалар кезек-кезек сақаларымен он қадам жердегі омпыны атып түсіріп, асық ұтып алуға кіріседі. Егер атушы омпыға бірден тигізсе, онда тігілген бар асықты сол алады, ал омпыға тигізе алмай, тұрған асықтардың біреуіне тигізсе, сол асықты ғана алады. Асық жаңартыла тігіліп, ойын жалғаса береді. Асық ойынының халық арасына кең тараған, басқа да түрлері бар.

 

АЛМАТЫ

ж