Мемлекет басшысы өз сөзінде Тәуелсіздік күні қарсаңында жастармен кездесуінің маңызды екенін атап өтті.
– Бүгін ұлан-байтақ еліміздің түкпір-түкпірінен келген жастар елорда төрінде, Нұр-Сұлтан қаласында, халқымыздың құтты мекенінде бас қосып отыр. Біз үшін бұдан асқан қастерлі әрі маңызды мереке жоқ. Тәуелсіздігімізді нығайтып, елімізді одан әрі өркендету – қазіргі ұрпақтың қасиетті борышы. Сондықтан біз сіздерге зор үміт артамыз. Мемлекетіміздің келешегі – өздеріңіз! Бүгінгі жастар – еліміздің ертеңі, ұлтымыздың болашағы, мемлекетіміздің мәртебесі. Ұрпағын аялай білген халық іргелі жұртқа айналатыны белгілі. Біз халқымызды әлемге танытқан ең асыл қасиеттерді сіздердің бойларыңыздан көргіміз келеді, – деді Қ.Тоқаев.
Президенттің айтуынша, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен белгіленген Жастар жылында мемлекеттік органдар өскелең ұрпақты қолдау мақсатында көптеген жұмыс атқарған, бірнеше бағыт бойынша жобалар іске асқан, соның ішінде баспанамен және жұмыспен қамту, сапалы әрі қолжетімді білім беру ісі қолға алынған.
– Еліміздің ірі қалаларында жұмысшы жастарға 9 мың пәтер беру туралы шешім қабылданды. Оны жалға алу құны айына 15 мың теңге ғана болады. Биыл 5 мың азамат мемлекеттен грант алып, жас кәсіпкер атанды. Алдағы үш жыл ішінде олардың саны 30 мыңға дейін көбейеді. Бұдан бөлек 10 мың жас бизнесмен шағын несиенің арқасында өз өндірісін кеңейтті. Соның басым көпшілігі аудан және ауыл тұрғындарына арналды, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың назарын олар үшін ашылып жатқан жаңа перспективаларға, жас буынның әлемдегі алдыңғы қатарлы университеттерде білім алу мүмкіндіктеріне аударды. Сондай-ақ жастарды жетекші технологиялық компанияларда жұмыс істеуге, өз жобаларын озық ғылыми орталықтарда жүзеге асыруға шақырды.
– Кез келген елдің табысы өз азаматтарының жекелеген жетістіктерінен құралады. Егер әрқайсыңыз алдарыңызға қойған мақсатқа қол жеткізіп, өз қабілеттеріңізді арттырсаңыздар, мемлекет те табысты болады. Бүгінгідей жоғары бәсекеге қабілетті әлемде ешкім туғаннан табысты бола алмайды және оған кепілдік те берілмейді. Ол үшін үнемі еңбектену керек, ең алдымен өз-өзіңді дамытуың қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Президент жастарды қолдау жөнінде бірыңғай кешенді бағдарлама жасау қажеттігін айтты.
– Бірыңғай бағдарлама өскелең ұрпақтың өзекті проблемаларын шешуге бағытталады. Ең бастысы, оның механизмі жастарымыз үшін қарапайым әрі түсінікті болуы тиіс. Жеке және кәсіби тұрғыдан өсу, жұмысқа орналасу немесе тұрғын үй алу үшін Қазақстанның қай жерінде, қандай мүмкіндіктер бар екенін әркім білуге тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жастар ұйымдарының жұмысын жетілдіру бойынша да пікірімен бөлісті.
– Өкінішке қарай, елімізде оқымайтын және жұмыс істемейтін NEET-жастардың саны артып келеді. Әлеуметтанушылардың мәліметінше, сауалдамаға қатысқан жастардың 20%-дан астамы мектеп бітіргеннен кейін үйде отыруға мәжбүр. Сөйте тұра, төрт жас азаматтың үшеуі қоғам өміріне араласпайды және жастарды қолдау бағдарламалары жөнінде білмейді.
Аймақтардағы жастар ресурстық орталықтары туралы жастардың төрттен бірі ғана хабардар, ал ол орталықтарға небәрі 5%-ы ғана жүгінген. Бұл – шындық. Жастар ұйымдары ең алдымен жас азаматтардың осы санатымен айналысуы тиіс, – деді Президент.
Президент білім беру сапасы мен қолжетімділігін арттыру ісін негізгі міндеттердің бірі ретінде көрсетті. Мемлекет басшысы диплом басып шығаратын және тарататын мекемеге айналған жоғары оқу орындарына қатысты шара қабылдау қажеттігін талап етті. Сонымен қатар Президент Үкіметке жоғары оқу орындары мен колледж студенттерінің стипендиясын көтеруді тапсырды.
– «Атамекен» ҰКП ақпаратына сүйенсек, бүгінде университет түлектерінің 60%-ы мамандығы бойынша жұмысқа тұра алмайды. Бұл білім сапасының деңгейін көрсетеді. Барлығымыз білетіндей, жастар оқып жүргенде-ақ жұмыс істейді. Көбіне оның мамандықтарына қатысы болмайды. Осылайша оқуы бір бөлек, жұмысы бір бөлек қалады. Еңбек еткен – жақсы. Бірақ өз саласына машықтанғаны абзал. Технологияның дамуына байланысты жастар арасында қашықтықтан оқу көрсеткіші артып барады. Бұл жұмысты ашық университет құрумен жалғастыруымыз керек. Елбасының әр аймақта 1 жақсы ЖОО мен 2 колледж құру идеясы білім саласындағы көптеген мәселені шешпек. Жастарымыз білім қуып шетел асып кетпейтін болады. Олар өз біліктілігі мен білгенін пайдаға асыратын жұмыс табады. Сонымен қатар Үкімет диплом тарату орнына айналған ЖОО-ларға қатысты тиісті шаралар қолдануы керек. Жоғары білім жүйесі құлдырап барады. Жоғары оқу орындары студенттерінің стипендиясын арттыру өзекті мәселенің бірі екенін білемін. Бұл мәселеге көңіл бөлінбей қалды. 2016 жылдан бері стипендия көбейген жоқ. Сондықтан студенттерді қолдау үшін 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап бакалавриат, магистратура мен докторантурада оқитын студенттердің стипендиясын 25 пайызға өсіру жөнінде шешім қабылдадым. Бұл жалпы 130 мыңға жуық адамды қамтиды. Мұндай қолдау колледж студенттеріне де көрсетілетін болады, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы Волонтер жылының міндеттері туралы айта келіп, бірнеше негізгі бағыттарға назар аударуды ұсынды.
«Сабақтастық» жобасы аясында еріктілер балалар үйінің тәрбиеленушілерін өз қамқорлықтарына ала алады. «Саулық» бағыты бойынша медициналық волонтерлік дамиды, олар ауырған адамдарға жәрдем көрсетеді. «Таза әлем» жобасы қоршаған ортаны қорғауға бағытталған. «Асыл мұра» бағыты еріктілерді материалдық және рухани, мәдени-тарихи мұраларды сақтау жұмыстарына тартады. «Қамқор» бастамасы қарттар үйіндегі еріктілер жұмысын қамтамасыз етеді. «Білім» жобасы ауыл мектептеріндегі жоғары сынып оқушыларын ҰБТ-ға дайындау жұмыстарына, ағылшын тілін үйретіп, компьютерлік сауаттылықты жетілдіруге көмектеседі. «Үміт» жобасы бойынша еріктілер Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 75 жылдығы аясында отандастарымыздың ерлігін баяндайтын құжаттарды іздестірумен айналысады.
Президент волонтерлікті ұлттық масштабта ғана емес, әрбір қала мен ауылда дамыту керек деп санайды. Сонымен қатар ұжымдық волонтерлікті өркендетуге мемлекеттік аппаратты да, ұлттық және ірі компанияларды да атсалысуға шақырды.
– Дана халқымыз «жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген. Қайырымдылық пен мейірімділік – қанымызға сіңген қасиет. Қазақта асар жасап, бір-біріне көмектесіп, қолдау көрсету дәстүрі бар. Оның волонтерлікпен үндесетіні сөзсіз. Сондықтан алдағы жылы сол дәстүрді заманға сай қайта жаңғыртуымыз қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Шара соңында Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың белсенді өкілдерін мемлекеттік наградалармен және алғыс хаттарымен марапаттады. Сондай-ақ ЭКСПО аумағында ашылған «ArtHUB»
шығармашылық бастамалар орталығының жобаларымен танысты.
Ілияс ТҮСТІКБАЕВ,
Қазақстан студенттері Альянсының көшбасшысы:
– Алматы облысы Алакөл ауданынан арман қуып астанамызға келген едім. Университетте аудитория іздеп жүріп кездейсоқ студенттер ұйымының кабинетіне кіруімен басталған жолымда бүгін үлкен жетістіктерге жетіп отырмын. Нью-Йоркте өткен жастар форумына қатыстым. Биыл Жастар жылы аясында бірнеше бастама қолға алынды. Жастар өздері ұйымдастырған болатын. Осының барлығы мемлекеттің қолдауы мен жастар жылының мүмкіндіктерінің арқасы.
Оксана ЯРКОВА,
«Жас кәсіпкер» бағдарламасының түлегі:
– Қолдау мен сенімді сезінгенде қанат бітіп, арманыңа қорықпай қарайсың. Ал мен қолдауды «Жас кәсіпкер» бағдарламасынан таптым. Бұған дейін тәрбиеші болып қызмет еттім. Бұл бағдарлама жаңа мүмкіндіктер ашты. Өз кәсібімді ашу үшін жеткілікті қаржы берді. Бүгінде облысымыздағы ең үздік кәсіпкерлердің, шеберлердің бірімін. Бұйымдарымның сапалы болғандықтан шетелдерден де тапсырыс түсетін болды. «Жас кәсіпкер», «Бизнес бастау» сияқты бағдарламалар өзім секілді 6000 қарапайым жасқа жарқын болашаққа жолдама болды.
Бағдат АХМЕТЖАНОВ,
Жұмыс істейтін жастарға арналған жалдамалы баспана бағдарламасының қатысушысы:
– Жұмыс істейтін жастарды баспанамен қамтамасыз ету бағдарламасы аясында 25 жасымда алғашқы баспанама қол жеткіздім. 14 жасымда бауырым екеуміз ата-анамыздан айырылып, туған-туыстарымыздың қолында өстік. 2010 жылы Алматыға оқуға келдім. Бүгінде «Алматы Энерго» компаниясында бу қазандығының операторы болып істеймін. Мақсатқа жетудің жолы – еңбек ету. Еңбек түбі – береке. Мемлекеттің көрсететін көмегі бәріне бірдей. Оған еңбектену мен білімің арқылы жете аласың. Өзімнің қатарластарыма жұмыстан қорықпаңдар дегім келеді. Ел Президентіне қазақ жастарының, жас отбасылардың атынан рахмет айтамын.
Азамат ЖАМАНЧИНОВ,
«Ónege» жобасының жетекшісі:
– «Отбасы академиясы» қорының жұмысына 10 жылдан асты. Жемісті бағдарламалар көп. Жастар жылы аясында мемлекет қолдауымен республикамыздың 9 аймағында отбасы ресурстық қызметін аштық. Отбасы құндылығын дәріптейтін орталықта азаматтарымыз түрлі мәселелер бойынша кеңесіп, көмекке жүгіне алады. 5 айдың ішінде отбасындағы зорлық бойынша 120 отбасына көмектестік, өз-өзіне қол салғысы келген 26 адаммен жұмыс істедік. Мұндай мәселелермен кәсіби тұрғыда айналысатын желілердің республика бойынша жұмыс істегенін қалаймын. Біріксек, біз алмайтын асу жоқ.
Рухия ҚАЛДЫБАЙ,
Республикалық «ZEREN-2019» жастарға білім беру лагерінің 1-маусымының жеңімпазы:
– 2019 жыл – Жастар жылы деп жарияланғанда өте қуанышты болдым. Республикалық «ZEREN» жастарға білім беру лагерінде Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген жалынды жастарды көріп, көзім оттай жанды. Тоғыз күн ішінде біздер білікті, білімді тренерлерден оқи отырып, саяси сауатты билік өкілдерімен кездесіп, көкейіміздегі сұрақтарды қойдық. 600 адам қатысқан лагерьде жүлделі орынға ие болып, 750 мың теңгені қанжығама байладым. Өз кәсібімді аштым. Мен қарапайым педагогтен бизнес-ледиге айналдым. Қазір Жаңаөзен қаласында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мекемені басқарып отырмын.
Иман ПЕРНЕБЕКОВ,
«Дипломмен – ауылға!» жобасына қатысушы, акушер-дәрігер:
– Кішкентай кезімнен-ақ ақ халатты абзал жан боламын деген арманмен Халықаралық қазақ-түрік университетінің медицина факультетінде, кейін Шымкент қаласында акушерлік-гинекология кафедрасында білім алдым. Оқу барысында Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы университетімізге келіп, жас мамандарды жұмысқа орналастыру мақсатында жәрмеңке ұйымдастырды. Арманымның іс жүзінде орындалуына сол оқиға себеп болды. Исатай аудандық орталық ауруханасының бұрынғы директоры Бауыржан Төлеген жұбайым екеумізге қызметтік үй мен бір реттік көтерме ақысы берілетінін жеткізіп, бізді қатты қуантты. Алғысым шексіз.
Аяжан ҚҰРМАНОВА,
2018 жылғы «Жыл волонтері»:
– Волонтерлік қызметке араласып жүргеніме 8 жылдың жүзі болды. Осы жылдар аралығында қолға алған ісім өмір салтыма айналды. Волонтерлік іс – қай кезде болсын маңызды. Алайда көп адамдар оның не мақсатты көздейтінін толығымен түйсінген жоқ. Волонтерлік қызмет дегеніміз – қоғам игілігіне бағытталған қайтарымсыз, ерікті бастамалар. Мұндай өсиет қашанда қанымызда бар еді. Жаңа заман асары десе де болады. Бірнеше жыл бұрын біз соғыс ардагерінің үйін жинастыруға бардық. Дегенмен, қарияға көмегімізден бұрын, көңіл бөлгеніміз маңызды екенін түсіндім. Сол күннен бастап волонтер болуға бекіндім.
Рауан ҚАБИДОЛДА,
Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»