«Байқоңыр» ӘКК АҚ төрағасының орынбасары Ескендір Сейдаханов ғарыштан мұнай кенішін барлау мәселесін көтерді. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму бағытын талқылауға арналған әкімдік аппараты отырысына сілтеме жасап хабарлады.
Е. Сейдахановтың мәлімдеуінше, аймақта экономикалық әлеуетті арттырудың резервтері аз емес. Мәселен, ванадий мен сирек кездесетін металдарды өндіруді ретке келтіру қажет. Біз қазір әлем бойынша ең сапалы ферросилиций өндіруді меңгердік. Сондықтан өзге өнімдерді де ел игілігіне жарату мақсатымен инновация және нанотехнологиялар орталығын құру қажеттігі алғы кезекке шығып отыр. Енді мұнайды Deep Vision ноу-хау технологиясының көмегімен тереңнен өндіруді қолға алып, Украинаның «Геофизика және Жер проблемалары» институты ғалымдарымен бірге ғарыштан мұнай кенішін барлау ісін жүргізуіміз керек.
Жиында облыстың климаттық ахуалын жақсартуға септігін тигізетін жел, гидро және күн электр стансаларын салу үшін инновациялық сарапшылар тобын құру мәселесі де қозғалды. Бұл тақырыпқа маңыз берілуінің себебі – осы өңірде бір жылдың 300-ден аса күнінде ауа райы ашық болып тұрады. Сондықтан күн сәулесін баламалы қуат көзі ретінде пайдаланудың мүмкіндігі бар.
Акционерлік қоғам төрағасы орынбасарының келесі ұсынысы Қытайдың Харбин қаласының оқымыстыларымен бірге мал және егін шаруашылықтарына қажетті технологияларды енгізуге байланысты айтылды. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев осы және жоғарыда айтылған ұсыныстарды пысықтай келіп, нақты нәтиже беретін жобаларды жүзеге асыру қажеттігін айтты. Ал осы істерді бір арнаға тоғыстыру мақсатында кәсіпкерлік және туризм, сыртқы байланыстар және индустриялды-инновациялық даму басқармалары құрылады. Отырыста сондай-ақ тиісті салалар басшыларына басқарма басшыларымен бірге металлургиялық кластерді дамыту тұжырымдамасын әзірлеу және Харбин ғалымдарымен бірлесе жобаларды жүзеге асыру жөніндегі келісімге қол жеткізу тапсырылды.
Әмірхан Алмағанбетов,
«Егемен Қазақстан».