Парламент • 12 Желтоқсан, 2019

Жымысқы жолмен кірістерді жылыстату қатаң қадағаланады

259 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Парламент Мәжілісінің Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен палатаның жалпы отырысында қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заңнамалық түзетулер қаралып, депутаттар заң жобасына банктік емес төлем жүйелерінің қызметін реттеудің тиімділігін арттыратын нормаларды енгізу мәселесін көтерді.

Жымысқы жолмен кірістерді жылыстату қатаң қадағаланады

 Терроризмді қаржыландыруға жол берілмейді

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Бұл құжатты депутаттардың назарына Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов ұсынды. Оның айтуынша, заң жобасын әзірлеу қажеттігі 2021-2022 жылдары Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топтың біздің елді бағалауының екінші раундына дайындалуға байланысты туындап отыр. Мұнда алдымен халықаралық стандарттарды енгізу және қаржы мониторингі саласында ұлттық жүйені одан әрі жетілдіру ескерілген. Осыған байланысты клиентті тиісінше тексеру, ішкі бақылау жүргізу және күмәнді операция туралы хабарлама жіберу сияқты қаржы мониторингі рәсімдеріне өзгерістер ұсынылады. Қаржы мониторингі саласындағы уәкілетті органға реттеуші мемлекеттік органы жоқ қаржы мониторингі субъектілеріне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамаларды толтыруға құзырет беріледі. Бланкеттік нормаларды жою мақсатында қаржы мониторингі субъектілерінің әкімшілік құқық бұзушылықтар құрамы қайта қаралды, тәуекелдерді талдау негізінде санкциялар азайтылды.

– Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы уәкілетті органдар үшін халықаралық өзара іс-қимыл рәсімдері, оның ішінде қылмыстық активтерді іздестіру және қайтару бойынша рәсімдер регламенттелген. Халықаралық стандарттарды іске асыру мақсатында заң жобасына коммерциялық емес секторды терроризмді қаржыландыру мақсатында пайдаланудан қорғауға байланысты новеллалар енгізілді. Ақшаны жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелерінің маңыздылығын ескере отырып, Ведомствоаралық кеңес құру ұсынылады, – деді министр.

Сонымен қатар Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларын іске асыру тетігін құруға ерекше мән беріліп отыр. Ұлттық заңнамаға терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға жататын нысаналы қаржы санкцияларының механизмдері енгізілуде. Бұған қоса террористік тұрғыдан осал нысандардың терроризмге қарсы қорғалуын жетілдіруге басымдық беріледі.

Заң жобасын талқылау барысында депутаттар коммерциялық емес ұйымдардың төлемдер мен ақша аударымдарын реттеу туралы мәселе көтерді. Бұл жерде алдымен қайырымдылық қорлары мен діни ұйымдардың қызметі жайында сөз қозғалды.

– Мемлекет басшысының банктік емес төлемдер саласында пәрменді бақылауды жолға қою туралы тапсырмасын орындау заңмен қамтамасыз етіледі. Бұл ретте осы нормалардың банктік емес төлем жүйелерінің белсенді дамуына кедергі жасамауына назар аудару өте маңызды. Кірістерді жылыстатуға қарсы іс-қимылды жалаулатып жүріп жалпы бизнес пен экономикаға залал келтіруге жол бермеу керек. Яғни, бақылауды күшейтумен қатар, біз кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге тиіспіз, – деді Мәжіліс Төрағасы.

Қандастарға қолайлы жағдай жасау жетілдіріледі

Жалпы отырыста қаралған мәселе­лердің тағы бірі көші-қон процестерін реттеу туралы болды. Бұл ретте депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасымен танысып, бірінші оқылымда мақұлдады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің айтуынша, аталған заң жобасы Көші-қон саясатының 2017-2021 жылдарға арналған тұжырымдамасына және оны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес әзірленген. Заң жобасының міндеттері көші-қон заңнамасын тиісті бағыттар бойынша жетілдіруге негізделген. Онда Қазақстанға келген этностық репатрианттар мен қоныс аударушылар үшін қолайлы жағдайлар жасау, ел экономикасының қажеттіліктерін қамтитын қолайлы инвестициялық климат құруға бағытталған сыртқы еңбек көші-қонының тиімді жүйесін құру, халықаралық озық тәжірибені ескере отырып, заңсыз көші-қонның алдын алу, көші-қон процестерін реттеу саласындағы нормативтік-құқықтық базаны кеңейту бағыттары ескерілген.

– Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, этностық қазақтар оралман мәртебесін алу үшін Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейін шет мемлекеттің аумағында тұру фактісін растауға тиіс. Іс жүзінде 1991 жылдан кейін дүниеге келген этностық қазақтар мұндай құжаттарды бере алмайды. Осыған байланысты этностық қазақтың бұрын Қазақстан азаматы болмағандығы басты критерий болады. Екіншіден, қандас бауырларымызға қолайлы жағдай жасау үшін өткізілетін құжаттардың тізбесі қайталануына байланысты оралмандардың тұрақты түрде тұруға рұқсат алуға және Қазақстан азаматтығын алуға құжаттарды бір мезгілде беру мүмкіндігі қарастырылады. Қоныс аударушыларды орналастыру, жұмыспен қамту және бейімдеу жөніндегі әлеуметтік қызметтер кешенін ұсыну мақсатында қандастарға ғана емес, қоныс аударушыларға да бейімдеу және ықпалдастыру қызметтерін көрсету жөніндегі орталықтардың функциялары кеңейтіледі, – деді министр.

Сондай-ақ Б.Нұрымбетов сыртқы ең­бек көші-қон саласына қатысты өзге­ріс­терге тоқталды. Біріншіден, шетел­дік жұмыс күшін тарту рәсімін жетіл­діру мақсатында шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсаттың әрекетін басқа әкімші­лік аумақтық бірліктерге тарату көзде­леді. Екіншіден, шетелдік жұмыс тартуға квотаны экономикалық қызмет түрлеріне бөлмей, қызметкерлер санаты категория­лар бөлінісінде белгілеу ұсынылады. Бұған қоса атқарушылық іс жүргізу бойынша берешегі бар адамдардың кетуіне шектеулер көзделген толықтырулар енгізу, шетелдіктерге тұрақты тұруға рұқсат беру үшін 4 АЕК мөлшерінде мемлекеттік бажды енгізу ескерілген.

Осы заң жобасын талқылау барысында депутаттар бейімдеу және ықпалдастыру орталықтарының кейбір функцияларына мән берді. Олар кейбір өңірлердегі мұндай орталықтардың қызметін қоныс аударушылар қажетсінбейтінін, ал бұл үшін қосымша шығындар талап етілетінін сөз етті. Бұл ойды құптаған Нұрлан Нығматулин расында көшіп келгендер бейімдеу және ықпалдастыру орталықтарының қызметіне аса мұқтаж емес екенін, олардың жаңа мекенжайға жайғасуы үшін мемлекет барлық жағдайды жасағанын айтты. Осыдан келіп аталған мемлекеттік мекемелердің жұмысын қазіргі заман талабына сәйкес қайтадан реттеу мәселесі көтерілді.