Астанада №1 қалалық аурухананың базасында амбулаторлық колопроктология орталығы жұмыс істеп келеді. Бұл елордада колопроктологиялық ауруларды емдейтін жалғыз мамандандырылған орталық болып табылады. Мұны astana.kz сайты жазады.
Аталмыш хирургия №1 қалалық ауруханасында көп жылдан бері дамытылуда. Қазақстанның жетекші колопроктологтардың бірі медицина ғылымдарының докторы, профессор Н. Мун. қалалық аурухананың хирургия бөлім базасында жұмыс істеп, көп жылдарын осы ғылымға арнап, жеке колопроктологтар мектебін ашты. Оның тәрбиесінен өткен колоректалды хирургтердің көбі Қазақстанның түрлі аймақтарында жемісті еңбек етуде.
Аталған орталықты құрудың негізгі мақсаты - колоректалды ауруларға шалдыққан, және ауыр операциядан кейінгі пациенттерге мамандандырылған және жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсету.
«Орталықта пациенттерге білікті консультациялар беріледі, барлық қажетті тексерулер өткізіледі (функционалдық, рентгенологиялық, эндоскопиялық, УДЗ-зерттеулер және т.б.), сонымен қатар тәжірибелі дәрігерлер мен медбикелердің қадағалауымен қажетті манипуляциялар жасалады. Барлық проктологиялық пациенттерді хирургиялық емдеу барысында инновациялық технологиялар қолданылады, бұл күндізгі стационарда емдеуге мүмкіндік береді»,- делінген қалалық денсаулық сақтау басқармасының ақпаратында.
Амбулаторлық емдеу пациенттердің уақыты мен қаржысын үнемдейді. Орталық қалалық емханалардың жолдауы бойынша бюджеттік (тегін) және ақылы негізде қабылдау жүргізіп, ем-дом жасайды.
Жапы, колопроктология - хирургиядағы жаңа бағыт, оның дамуы кез келген экономикасы жоғары мемлекеттің ажырамас бөлігі болып табылады. Адамның тамақтану сипатының және гиподинамиясының өзгеруіне байланысты асқазан-ішек жолдары ауруларының құрылымында тоқ ішек пен тік ішек патологиясы кеңінен таралған.
Сұлтан Бозайғыр.