Осы жылы Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының мамандары Алматы облысы Талғар ауданындағы Талхиз қалашығының қазба жұмыстарын аяқтады. Бұл туралы «24 kz» хабарлады.
Жалпы, Талғар маңындағы көне Талхиз қалашығы XX ғасырдың ортасынан бері түбегейлі зерттеліп келеді. Ғалымдардың мәлімдеуінше, Ұлы Жібек жолының бойына орын тепкен бұл көне қалада мәдениет пен сауда-саттық қатар дамыған. «Биыл мемлекеттік деңгейде Талхиз қалашығын зерттеуге арнайы қаражат бөлінді. Ендігі міндет – осы киелі мекенді қоршап, ондағы құнды жәдігерлерді көздің қарашығындай сақтауымыз қажет. Себебі, қазір оның айналасы ашық жатыр. Бұл істі жылдам қолға алмасақ, қалашықтың айналасы бүлінері хақ», - дейді тарих ғылымдарының кандидаты Тамара Савельева.
Еліміз археологтары орта ғасырлық Талхиз қалашығын ЮНЕСКО дүниежүзілік мәдени мұрасына енгізуге үміттеніп отыр. Бірақ, одан бұрын ашық жатқан кейбір бөлігін қоршауға алған жөн.
Данияр Түймебай.