Аймақтар • 12 Желтоқсан, 2019

Алматыға 62 жылдан кейін әйгілі «Дон Паскуале» операсы оралды

244 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында көптен күткен 86 маусымның жаңа премьерасы басталады.

Алматыға 62 жылдан кейін әйгілі «Дон Паскуале» операсы оралды

Гаэтано Доницеттидің ең танымал туындыларының бірі «Дон Паскуале» операсын бұл жолы қазақ сахнасында итальяндық режиссер, сценограф, костюмдер бойынша дизайнер Маттео Маццони сахналайды.  

Маттео Маццони бұл операны бүкіл тарихқа өткен ғасырлардағы әйелдерді азат ету символы ретінде Норинаның көзімен қарау деп түсіндіреді. Осы арқылы бүгінгі көрермен 1800 және 1950-жылдар аралығына саяхат шегіп, бүгінгі 2019 – яғни, заманауи Италияның сән-салтанаты ортасына қатар тап болмақ.

Жаңа қойылым итальяндық атмосфера мен стильді қайта өңдеудің талғампаз мәні бар күрделі сценографиялық сюжетті құрайтын көптеген спец-эффектілер мен «уақыттан уақытқа ауысатын» қозғалыстарды қамтиды. Заманауи технологиялар опера әлемімен үйлестіріліп, танымал суретші Лука Атилидің бейне проекциялармен толықтырылған.

Доницеттидің «үш бөлімді драма-буффа» деп өзі атаған операсының сюжетінде, көрермендер бас кейіпкерлер – қарт Дон Паскуалемен (Таир Тәжі, Ильяс Артағалиев), оның жас жиені Эрнестомен (Дамир Садвакасов, Артур Габдиев), айлакер дәрігер Малатестамен (Эмиль Сакавов, Олег Татамиров) және Норина сұлумен (Зарина Алтынбаева, Анастасия Кожухарова) кездеседі.

«Дон Паскуале» операсының премьерасы Алматы «Алма-Ата» болып тұрғанда, осы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының сахнасында 1955 жылдың 9 қазанында тұңғыш рет сахналанып, 2 жылдай жүрген.

Сол кезде спектаклдің режиссері А. Баранников, қоюшы-суретшісі А. Молдабеков, дирижері В. Чернов, хормейстері П. Окрушко, балетмейстері Ю. Ковалёв болған. Тұсаукесерінде бас партияларды: Дон Паскуалені – Қазақ КСР-нің халық әртісі, .Казакевич, Эрнестоны Қазақ КСР-нің халық әртісі,  Ю. Якунин, Норина – Н. Куклина, Дәрігер Малатеста –  Н. Воронков орындаған екен. Опера театрда екі жыл сахналанып, қайта жаңартылмаған.

Осылайша сан жылдардан кейін Гаэтано Доницеттидің ең жақсы операларының бірі Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының сахнасына қайта оралды.