Руханият • 13 Желтоқсан, 2019

Сібірдің сыңғыр үні – елорда көрермендерін тәнті етті

270 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қыраулы қыс мезгілімен бірге елордаға Сібірдің сыңғыр үні де қатар жетті. Д.Хворостовский атындағы Красноярск мемлекеттік опера және балет театры Қазақстанға жасаған алғашқы гастрольдік сапарын «Астана Опера» театры төрінде абыроймен өткізді. Шығармашылық ұжымның тамаша тартуы – А.Бородиннің «Князь Игорь» операсы мен А.Глазуновтың «Раймонда» балетін астаналық көрермен зор қошеметпен қарсы алды.

Сібірдің сыңғыр үні – елорда көрермендерін тәнті етті

– Д.Хворостовский атындағы Крас­ноярск мемлекеттік опера және балет театры өз тарихында қазақ жеріне тұңғыш рет өнер сапарымен келіп отыр екен. Өте қуа­ныштымыз. Әсем астаналарыңыздың көз сүйсінтер көркі, архитектураның үз­дік үлгісін танытатын «Астана Опера» театры­ның ғаламат ғимараты бізді ерек­­­ше таңғалдыруда. Мұндай тамаша мәдениет ордасында өнер көрсетуге мүм­кіндік тудырып отырған қонақжай қазақ еліне айтар алғысымыз шексіз. Жалпы, алғаш рет болғаннан кейін де Қазақстанға жоспарлаған өнер сапары­мыздың ерекше өткенін қаладық. Ұжы­мы­мызбен ұзақ ақылдаса отырып, ре­пер­туардағы үздік жұмыстарымызды ірік­теп әкелдік. «Князь Игорь» операсы театрымыздың бойтұмары әрі қазақ халқына жақын тақырып болуы себепті таңдауымыз дәл осы қойылымға түсті. Ал «Раймонда» балеті труппамыздың барлық шығармашылық әлеуетін танытады деп ойлаймыз. Нұр-Сұлтан қала­сының талғампаз көрермені өнерімізді жоғары бағалайды деп сенеміз, – дейді  Д.А.Хворостовский атындағы Красноярск мемлекеттік опера және балет театрының директоры Светлана Гузий.

Иә, театр басшысы атап өткендей, композитор Александр Бородиннің «Бүкіл өміріме татитын туындым» деп атаған әйгілі «Князь Игорь» операсының Красноярск театры тарихынан  алатын орны айрықша. Өйткені дәл осы қойы­лымның  премьерасымен бірінші театр маусымы ашылып, өнер ордасының тарихы басталған еді. Арада қанша жыл өтсе де туынды тыңдарман арасындағы маңызы мен танымалдылығын титтей де жоғалтқан жоқ.

Оқиға желісі әйгілі «Игорь жасағы туралы сөз» шығармасына негізделген монументальды классикалық операның бүгінде көрермен арасында жұлдызы қан­шалықты жарық болса, жалпы театр тарихындағы тағдыры бұралаң. Атал­ған шығарманы жазу үшін композитор өмірінің 18 жылын жұмсаған. Алайда музыкант ол арманына жете алмады. А.Бородин қайтыс болғаннан кейін шәкірті Александр Глазунов ұстазының жұмысын соңына жеткізді.  Сібір театры сахнасында зор табыспен өтіп жатқан айту­лы классикалық опера қоюшы дири­жер – Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Анатолий Чепурной мен қоюшы ре­жис­сер – Ресейдің еңбек сіңірген әр­тісі Юлиана Малхасянцтің тамаша тан­демінің арқасында зор табысқа жетті. Әйгілі туынды бүгінде Сібір театрының бетке ұстар үздік қойылымдарының біріне айналып отыр.

Ал елордалық балетсүйер қауым үшін Красноярск театрының  «Раймонда» романтикалық балеті тамаша тарту бол­­ғаны анық. Хореографиялық талап тұрғысынан орындалуы күрделі қойы­­лымдар санатына кіретін айтулы туынды бәлкім сол күрделілігімен де көркем болар. Жорықтан қайтқан сүйік­тісін күткен бойжеткеннің шытырманға толы хикаясы би тілінде та­маша бейнеленеді. Балеттің атасы Мариус Петипаның хореография­сы негізінде қойылған КСРО халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері Юрий Григорович жұмысы көркемдікті би тілінде көруге бейім бекзат көрермен үшін сахнада өнердің шын мәніндегі үлкен мерекесін жасап берді. Классикалық би қимылдары арқылы испан-араб және венгр сарынын бір балеттің бойына сәтті тоғыстырған хореограф жұмысы орта ғасырдағы рыцарлық кезеңді сәтті суреттейді.

Екі күн бойы бас шаһар төрін думанға бөлеген Д.Хворостовский атындағы Крас­ноярск мемлекеттік опера және балет театрының өнер сапарын  елордалықтар мен қала қонақтары зор ықыласпен қарсы алды. Шымылдық жабылғаннан кейінгі толассыз соғылған шапалақ үні соның айғағы.