Қоғам • 13 Желтоқсан, 2019

Ұлттық музыкалық аспап жасауға баулитын оқу орны

441 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сәндік-қолданбалы өнер мен музыкалық аспап жасау мамандығына оқытатын Алматы құрылыс және халықтық кәсіпшілік колледжінің негізі 1956 жылы қаланса, оқу орны қабырғасындағы халық аспаптары мамандығы профессор Болат Сарыбаев пен Бейсенғали Оразбекұлының есімімен тікелей байланысты. 2016 жылдың Алматы құрылыс және халықтық кәсіпшілік колледжіндегі қазақ халық музыкалық аспап жасау шеберханасына Болат Сарыбаев пен Оразғазы Бейсенбекұлының аты берілген.

Ұлттық музыкалық аспап жасауға баулитын оқу орны

Колледж Алматы қаласындағы және республикадағы құрылыс орындарына, автокөліктерге техникалық қызмет көрсету стансаларына, ағашты өңдеу мен музыкалық аспаптар жасайтын кәсіпорындарға білікті кадрлар даярлауды жүзеге асыратын заманауи оқу орны.

Өндірістік оқыту шебері Салтанат Қадырова бүгінде халықтық кәсіпшілік бағытындағы мамандар даярлайтын бірден-бір колледждің түлектері республикада жоғары сұранысқа ие екендігін айтады. Кез келген кәсіпорында өндірістік тәжірибеден өткен студент өз қалауынша сол кәсіпорында ары қарай жұмысын жалғастыра алады.

«Жұмыссыз қалған студентіміз жоқ. Өткен жылы бітірген студенттеріміздің өзі шеберхана ашып, жеке кәсіптерін бастап кетті. Оқу орнында Мақсұт Ибадуллаев, Назым Жүктібаев, т.б. білікті шеберлер дәрісі студенттердің өз кәсібін кешенді игеріп кетуіне мүмкіндік береді» дейді С.Қадырова.

Қолынан өнері тамған студенттер қолөнер шеберлері конкурстарының жеңімпазы. Ал өндіріс барысында жасалған музыкалық аспаптар колледж оркестрі, сондай-ақ көрме залының көркіне айналған. Талапты да, талантты балалар үш курста үш топта білім алады. Бір мезгіл тамақтары да тегін. Арнайы  технологиялар пәнінің мұғалімі, республикаға танымал шебер ұстаз, «Үкілі домбыра» байқауының жеңімпазы, 1969 жылы осы бөлімді ашқан Болат Сарыбев пен Оразғазы Бейсенбекұлынан тәлім алған Мақсұт Ибадуллаев ата кәсіптің қыр-сырын үйретуді заманауи өндіріспен ұшатыстыра жүргізіп келеді. Білікті маман, шебер ұстаз «Ағаш өңдеу – ата кәсіп. Киіз үй өндірісі, үй жиһаздары, батырлардың қару-жарақтары, ер-тұрман, т.б. ата кәсіп өндірісінде пайда болған бұйымдарға бүгінде де сұраныс бр. Бірінші курстан бастап студенттер ұсталық кәсіптің қыр-қырын ата-бабаларымыз салған ізгі дәстүрі негізінде таниды. Оларды қол құралдары арқылы ағаш қашауға баулимыз. Ара, қашау, т.б. құралдарымен қарағай, қайың,  жаңғақ, қызыл ағаш, қарағаш,  т.б. ағаш түрлерін пайдалана отырып, аспап жасауға үйренеді» дейді шебер ұстаз. Бүгінде колледж студенттері үшін дипломдық жұмысқа қырықтан астам тақырып қолжетімді.

 

АЛМАТЫ